МАЛ ӨСІРСЕҢ, ТҮЙЕ ӨСІР, ПАЙДАСЫ ОНЫҢ КӨЛ-КӨСІР

0

Халқымыз төрт түлік малдың маңызын ертеден білген.

Дәулетті адамдарды «төрт түлігі сай екен» деуі содан болса керек. Әсіресе, еліміздің көп жерін алып жатқан шөл және шөлейт жерлерге шыдамды түйе малының пайдасы ерекше болмақ. Түйе  мінсең – көлік, ішсең – сусын, еті-дәмді, жүнінен төсеніш жасап, киім тоқуға болады.   Осы дала кемесі аталып кеткен түйе жануарын ауданымызда өсіріп, шаруасын дөңгелетіп, ұлттық сусын шұбатты өндіріп отырған кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі жайылмалық кәсіпкер Дүйсенбек Cағындықовпен жолығып, кәсіпті қалай бастағаны жайлы мән-жайды білген болатынбыз.

Жеке кәсіпкер Дүйсенбек Тұрсынбайұлы өз сөзінде былай дейді:

— «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасының екінші бағыты «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқып,  бес жүз бес мың теңге алып оған бір түйе  және  «Атамекен» ұлттық палатасы арқылы 3 млн.  көлемінде қаржыға қол жеткізіп, 5 бас түйе сатып алдым. Сөйтіп кәсіпкерлікпен айналыстым. Жұбайым Мереке Индемесова 5 түйені сауып, шұбат ашытып, сатумен айналысады,-деді.

Ал, жұбайы Мереке Индемесова түйе шаруашылығы өнімдеріне әсіресе, шұбатқа әрдайым сұраныс бар екендігін, күнделікті 15-20 литрден шұбат өткізетіндігін,1 литрдің бағасы 500  теңгеден сатылымға шығарып жатқандығын тілге тиек етті.

Дүйсен аға кәсіп ашуда мемлекеттің де, Кәсіпкерлер палатасының да көмегін көріп, түйе малының санын әлі де көбейтуді алдына мақсат етіп отыр.

С.Рысбекұлы, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.