Құрбан айт-ұлық мереке

0

Зул-хиджа айының қасиетті он күндігінің 10-шы жұлдызы мұсылман қауымы үшін торқалы той, мерейлі мереке Құрбан айт екендігі белгілі. Ежелгі заманнан бері қазіргі күнге дейін мұсылмандар үшін қос діни мейрамның ең шоқтығы биігі де-Құрбан айт. Осы мереке қарсаңында ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаевпен құрбандық шалудың ережелері жайлы әңгімелесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

-Құрбан шалудың артықшылығы неде?

-«Құрбан» сөзі араб сөзі. Мағынасы «жақындау» дегенді білдіреді. Демек, мейіріміне лайықты ізгі істер жасау арқылы Жаратқанға жақындау. Ал құрбан шалу шариғаттағы анықтамасы: «Құдайға құлшылық ниетімен ереже-шарттарын ескере отырып мал шалу». Араб тілінде айтта сойылатын құрбандық мал «ұдхия» деп, ал айттың өзі «ъидул-адха» деп аталады. Ал түркі халықтарында «құрбан шалу», «құрбан айты» деген сөздермен қолданылады.

Ханафи мәзһабында құрбан айтта шамасы жеткендерге құрбан шалу-уәжіп. Алла Тағала Құран Кәрімде пайғамбарымызға (с.ғ.с) :

«Намаз оқы және құрбан шал»– деп, әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдірген.

-Құрбанды Айт намазынан кейін шалу керек дейді. Биыл айт намазы оқылмаса, құрбандықты қай уақытта шалады?

-Биыл еліміздегі болып жатқан карантиндік режимге байланысты Айт намазы оқылмайды. Ханафи фиқһ кітаптарында бұған байланысты мынадай үкім баян етілген: «Егер бір үзір себепті айт намазын оқымаса, онда айт намазының уақыты шыққаннан кейін мал шалынады. Ал, ертеңіне және одан кейінгі күндері, яғни айттың екінші, үшінші күндері намаздан бұрын шалына береді.»

Құрбандық малын тұрғындар 31 шілде, яғни айттың бірінші күні күн шыққаннан кейін шамамен бір сағат уақыт өткеннен соң, ол уақыт Сарысу ауданы бойынша таңғы 07-ден бастап құрбандықты шала беруге болады.

Құрбандыққа шалынған малдың етін бірнеше бөлікке бөліп, таратып жіберген жөн. Қазіргі таңда еттің бір бөлігін үйге алып қалып, пісіріп, көршілерге айттық беруге болмайды.

-Онлайн мал шалу қалай болады?

-ҚМДБ төрағасы Өтпе-нов Наурызбай Қажы Таған-ұлының қатысуымен брифинг өткізіліп, онда Құрбан айт мерекесіне қатысты арнайы үндеу жасалды. Бас мүфти елімізде барлық мешіттердің жабық болуына байланысты Құрбан айт намазы оқылмайтындығын атап өтті. Биылғы жылы құрбандық шалудың ерекше рәсімінің тәртібі жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

Осы ретте, ҚМДБ жанындағы «Зекет» Қоры «Qurban2020.muftyat.kz» сайты ағымдағы жылы 24 шілдеден бастап іске қосылды және құрбандық шалуға өтінім беретін азаматтардың тапсырысын, сондай-ақ мұқтаж жандардың өтініш берулерін қабылдау басталды. Тәртіпке сәйкес Қазақстанның барлық өңіріндегі аудандардан бас-тап, қала және облыстарға дейін құрбандық шалудың кезеңдік алгоритмі жүзеге асырылады.

Құрбандық шалу рәсімін өткізу үшін «Qurban2020.muftyat.kz» сайты  арқылы тапсырыс беруші өзінің еліміздегі тұрғылықты өңіріне сәйкес тапсырыс береді.

Құрбандық шалуға ниеті бар азаматтар сайтта көрсетілген сауалнаманы толтыра отырып, жеке деректерін енгізеді және құрбандыққа шалынатын малдың түрін таңдайды (қой, ешкі, сиыр, түйе). Сонымен қатар, тапсырыс беруші сайтта құрбандық үшін союға таңдаған малының бағасын Kaspi.kz онлайн-банкингі арқылы емін-еркін жүзеге асырады.

Тапсырыс берушінің ұялы телефонына: «Сіздің төлеміңіз қабылданып, тапсырысыңыз орындалды. Таяу уақытта жауапты мамандар Сізбен кері байланысқа шығады» деген смс-хабарлама келеді.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбандық еті толығымен тек мұқтаж жандарға таратылады. Құрбандық шалушы адамның құрбан етінің бір бөлігін алып кету мүмкіндігі болмайды.

-Қандай малдар құрбандыққа шалынады, қандай малдар жарамайды.

-Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.

Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады.

  • Бір көзі соқыр
  • Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем
  • Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген
  • Тістерінің көбі түсіп қалған
  • Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған.

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбанында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы– нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар.

-Құрбандық шалу кімге уәжіп? Бір отбасыға бір құрбандық жете ме?

-Құрбан шалу уәжіп болу үшін төмендегі мына шарттар болуы қажет.

Мұсылман болу; Құрбан айт уақытында жолаушы болмау; Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады.

-Құрбандыққа арнайы мал алып  соймай, орнына сол құрбанның  құнын ақшалай садақа ретінде таратуға бола ма?

-Құрбандық құлшылығының өзі белгілі бір малдың түрін бауыздау арқылы жүзеге асатын болғандықтан ақша таратуға болмайды. Мал шалынуы керек.

-Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісін қалай пайдалануға болады?

-Бай немесе кедей болсын құрбан айтта шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату-мұстахап. Бір бөлігі-туған-туыс, көршілеріне тұрмысы жақсы болса да сыйға таратылады, екінші бөлігі-аз қамтамасыз етілген және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі-өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей аз қамтылған отбасыларға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады.

Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, басын, сирағын және сүтін сатуға болмайды. Малдың бұл бөлшектері сатылған жағдайда құны тұрмысы төмен отбасыларға садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған малдың терісін аз қамтамасыз етілген отбасыларға немесе қайырымдылық қорларына беруге болады.

— Айт мерекесіндегі ізгі амалдар.

— Намаз біткен соң мұсылмандар қол алысып, төс қағысып, бір-бірін Айт мерекесімен құттықтайды, жақсы тілектерін айтады. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап жарасады. Ал әйелдер қауымы үйде қазан асып, дастарқан жайып, айттық шай әзірлейді. Көрші-қолаң бір-бірінің үйіне кіріп дәм ауыз тиеді, шаңырақ иесіне аман-саулық тілеп, айтпен құттықтайды. Хадисте келгендей, айт күні пайғамбарымыз (с.ғ.с) адамдарға былай деп айтқан:

«Ей, адамдар, бұл күні сәлем жайыңдар, тамақтандырыңдар, туыстық қатынасты күшейтіңдер және адамдар ұйқыда болған кезде намаз оқыңдар, еш алаңсыз жәннатқа кіресіңдер»  деген. Сол секілді өзі жақсы көрген бауырын айт күні зиярат етуі мұсылман адамды үлкен сауапқа кенелтеді. Әсіресе, осы мереке күні ата-анаға деген мейірімділік, оларға сый-сияпаттар жасау игі амалдардан.

Айт мерекесінің басқа мерекелерден ерекшелігі-қуаныш, шаттықпен бірге Аллаға деген құлшылықтың қатар жүруінде, суып бара жатқан туыстық қатынастардың қайта жандануы, ашу, ыза кернеген жүректердің жібіп, Алланың рақымын талап етуінде. Алайда биылғы жылдың ерекшелігін тағы да естеріңізге саламыз. Карантиндік жағдайға байланысты айтты әркім өз отбасында ғана мерекелегені дұрыс болады. Сақтансаң сақтайды демекші сақтық шараларын қатаң сақтауымыз керек.

Алла Тағала ниет, тілектерімізді қабыл еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін, деніміз сау болсын. Мереке құтты болсын, құрметті мұсылман бауырлар!

— Әумин. Мазмұнды сұхбатыңыз үшін рахмет.

Сұхбатты жүргізген:

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.