АУДАНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР АЙТАРЛЫҚТАЙ

0

Осы аптаның сәрсенбісі  күні алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың кезектен тыс 80-сессиясы аудан әкімдігінің мәжіліс залында болып өтті. Жиынға аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары және бөлім басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындауы туралы есебі жайлы аудан әкімі Бақытжан Жақсылықов «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2020 жылғы қаңтар-маусым айларының қорытындылары туралы» тақырыпта баяндама жасады.

-Құрметті депутаттар! Құрметті сессияға қатысушылар!  

Ел саясаты мен Үкімет тапсырмаларын жүзеге асыруда ынтымақ пен ауызбіршілік арқасында Сарысу өңірінде тұрақты экономикалық өсім қалыптасып келеді. Есепті жылдың қаңтар-маусым  айларында  мемлекеттік бюджетке  2 млрд. 275 млн. теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналып, жоспар 114,9%-ға орындалды. Аудандық бюджеттің кірістер жоспары 7 млрд. 842 млн. теңге болса, орындал-ғаны 8 млрд.  59,0 млн. теңгені немесе 102,8 %-ды құрады.

Үстіміз-дегі жылдың 6 айының қорытындысы бойынша ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің орындалуына тоқталып өтсем, ауданда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі — 2,6%-ға, жолаушылар тасымалы -14,0 %-ға артты. Ал өнеркәсіп өнімінің көлемі — 1,4 %-ға және ауыл шаруашылығының жалпы өнімі — 2,8 %-ға, көтерме сауда тауар айналымы өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,4 есеге артығымен орындалды.

Сонымен қатар еліміздегі орын алып отырған карантиндік жағдайға байланысты бірқатар көрсеткіштердің орындалуы төмен болып қалыптасып отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 10,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 77,3 %-ға орындалды (2019 жылы – 13,6 млрд. теңге, 112,2 %).

Ауданда жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 2,5 млрд. теңгені немесе нақты көлем индексі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 60,5 пайызды құрады (2019ж  – 4,1млрд.теңге).

Өнеркәсiп саласындағы өндірілген өнімдер  негізінен тау — кен өндіру өнеркәсібінде, яғни (94,0 %) – 11,5 млрд. теңгенің өнімдері «ЕвроХим» ЖШС–гі мен «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде өндіріліп отыр (101,5 %).

Ауданда ауыл шаруашылығы саласы — басым бағытқа ие.

Есепті жылдың  6 айында ауыл шаруашылығында өндiрiлген өнiм ағымдағы бағалармен есептегенде 3 млрд. 363,0 млн.теңгенi құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен  салыстырғанда 102,8 пайызға орындалды (2019ж-2 665,4 млн.тг).

Аудан бойынша биылғы жылы дәнді дақылдар, көкөністер, бақша өнімдері мен  көп жылдық шөпті қосқанда барлығы 21 мың  200 гектар егістік жер игерілді (2019ж-20 292,1га). Өткен  жылмен салыстырғанда егістік жер-908 гектарға жуық артығымен игерілді.

Бүгінгі таңда ірі қара мал басында және өнімінде тұрақты өсім сақталып отыр.

Кәсіпкерлік – азаматтық қоғамның тірегі, тұрақтылықтың кепілі.

Қазіргі таңда ауданда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында 3 мың  143 кәсіпкерлік субъектілер тіркелген, олардың 2 мың 738-і белсенді жұмыс істеуде. Белсенді субъекті-лердің үлесі 87,1%-ды құрайды. Есепті кезеңде шағын және орта бизнес субъектіле-рінің  саны 3143 бірлікке жетіп, өткен жылмен салыстыр-ғанда  532 бірлікке артқан. Кәсіпкер-лікті дамыту үшін микронесиелеу де жылдан-жылға кеңеюде.

Аудандағы («Саудакент-НС», «КМФ») несие ұйымдары арқылы есепті кезеңде 18 шаруа қожалыққа, жеке кәсіпкерлерге және 1075 азаматқа әртүрлі бағыттарда   700,0 млн. теңгеге жуық  несиелер берілді.

Жұмыспен қамту бойынша  уәкілетті органға осы  6 айдың ішінде 1675 адам жұмыс сұрап өтініш білдірді. 1568 азамат белсенді шаралармен қамтылды.

Жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу, жұмыссыздық деңгейін төмендету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу бағытында  елімізде «Жұмыспен қамту-жол картасы»  іске қосылды.

Біздің ауданға да осы бағдарлама аясында  24 жобаны  жөндеу жұмыстары үшін – 2 млрд.924,0 млн.теңге бөлінді, 980 адам жұмыспен қамтылу керек, оның ішінде 490-ы жұмыспен қамту бөлімі арқылы  қамтылды.

Сонымен қатар «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында 2020 жылдың бюджетіне I-II-ші  траншпен 21 нысанның жөндеу жұмыстары мен Саудакенттегі спорт кешенінің құрылыс жұмыстарына барлығы — 923,0 млн.теңге бөлінді, 154 адам жұмыспен қамтылу керек еді, нақты 200 адам қамтылды.

Бұл жерде де мақсат – халықты жұмыспен қамту, халықтың экономикалық әлеуетін көтеру болып табылады. Осы есепті кезеңде 6 мың 426 адамға 241,0 млн. теңгеге әлеуметтік қолдау көрсетілді. Есепті кезеңде 102 азаматқа 54,0 млн. теңге қайтарымсыз грант берілді (530,2 мың теңгеден).

Біздің болашағымыз – білімді ұрпақ.

Білім саласының жұмыс нәтижесі — жылда өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен  белгілі болады. Сарысу ауданы бойынша 2019-2020 оқу жылында жалпы мектеп бітірушілер саны – 273 оқушы, оның ішінде  Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш бергені  — 249 оқушы, яғни 91,2%-ы.

21-23 маусым күндері 3 лекпен тест тапсырды.Ұлттық бірыңғай тестілеу  қорытындысы бойынша ауданда жалпы орташа балл – 66,4 балл болып қалыптасты.

Денсаулық сақтау саласы бойынша есепті кезеңде 529 нәресте дүниеге келіп, өткен  жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда туып көбеюшілік 111 нәрестеге артып отыр (2019 жылдың тиісті кезеңінде — 418 сәби).

Есепті кезеңде ана өлімі тіркелген жоқ.

Мәдениет – бұл негізгі қоғамдық құндылықтар саласы.

2020 жылдың басынан бері ауданда барлығы — 55,7 мың адам қатысқан 418 мәдени іс-шаралар өткізілді.

Ауданда 6 айдың қорытындысымен жалпы 84 қылмыс тіркеліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қылмыс саны 46 қылмысқа кеміген. Қылмыстың ашылу   деңгейі- 86,4%.

Құрметті депутаттар!

Ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының биылғы жартыжылдық қорытындыларымен таныс болдыңыздар. Жыл аяғына дейін атқарылар шаралар да ауқымды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Халықтың бірлігі Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ғана емес, сонымен бірге біздің мәңгілік құндылығымыз да болып табылады. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуының басты шарты» деген сөзі бар.

Осы құндылығымыздың игілігі мен байлығын сақтау үшін өз өңірімізде ортақ міндеттерді бірлесіп атқаруға шақырамын. Бірлескен жұмыс әрдайым игі нәтижесін берері сөзсіз,-дей келе, — ауданда жоспарланған жұмыстар атқарылып келеді. Сол жұмыстарға қаржы бөлінген. Жұдырықтай жұмылып, сол жұмыстарды белгілі бір мерзім ішінде бірге атқаруға шақырамын. Алдағы уақытта бюджетті нақтылауға байланысты мүмкіндік болып жатса ауданды, елді мекендерді көркейтуге, абаттандыруға өтініштер қабылданады, қарастырылады, қаржыға байланыс-ты жұмыс жасаймыз. Сонымен қатар, барлықтарыңызды мұсылман мерекесі-Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деді. Сондай-ақ, елімізде болып жатқан карантиндік режимге байланысты да айтып өтті. Осы індет елімізде пайда болғалы ауданымызда бүгінгі таңда 169 азамат тіркеліп, оның 158 азамат құлан-таза айығып, емделіп шыққандығын,  дәрігерлердің тиісті қадағалауында болатындығын айтып өтті. Орталық ауруханаға демеушілер есебінен жеті тыныс алу құрылғысы берілгендігін, одан бөлек жоспардан тыс 20 палатаға, яғни 40 адамға оттегі кислородтық жүйесі тартылғандығын, қосымша 40 орындық правизорлық стационар ашылғандығын, аудандық мәслихат хатшысымен бірге аурулардың жағдайынан хабар алып, дәрі-дәрмектің жеткілікті екендігіне көз жеткізгендігін тілге тиек етті. СОVID-19 пандемиясына қарсы ауданда штаб құрылып, тиісті жұмыстарды атқарып жатқандығын да айтты.

Мұнан соң сөз кезегін алған аудандық мәслихат депутаты Асанбай Сейналиев баяндама жасап, жыл көлемінде ауданда біршама жұмыстар атқарылғандығын,  аудандағы әр саланың экономикалық өсу деңгейі жоғары екендігін, ауданымызға көптеген қаржылар бөлініп, қала тұрғындарының көптен бері шешілмей жүрген, халық көтерген мәселелердің бірқатары өз шешімдерін тауып жатқандығын айтып өтті. Сонымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлердің кезең-кезеңімен қалпына келтірілуі, қала, ауылдық округтер ішінде бірқатар көше жолдарына жөндеу жұмыстарының жүргізілгендігін, ауданымыздың басқа да әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсаттарына қаржы қаралып, олар бірте-бірте жүзеге асырылып жатқандығын, аудандық мәслихат қызметкерлері мен депутаттардан құралған жұмысшы топ арнайы іссапармен  қала, ауылдық округтерді аралаған кезде біраз атқарылмай отырған мәселелердің куәсі болғандығын жеткізді.

Ауданымызда әлі де болса атқаратын жұмыстар аз еместігін айта келіп, аудан басшысының атқарып отырған жұмысына аудандық мәслихат депутаттары қанағаттанарлық деген баға бергендігін тілге тиек ете отырып, алдағы атқарылатын жұмыстар бойынша өз ұсыныстарын ұсынды.

Күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша халық қалаулылары шешім қабылдады.

 Камели Мұқанқызы, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.