Аудан әкімі Бақытжан Жақсылықовтың Құрбан айт мерекесімен құттықтауы

0

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді барша мұсылман қауымының қасиеттi мейрамы — Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан айт жалпы адамзатты жақсылық пен ізгілікке, бауырмалдық пен имандылыққа жетелейтін ұлық мереке.

Береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын құтты мейрам — Құрбан айт адамдардың етене араласуын, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығын қалыптастырады.

Бұл күндері — әрбір мұсылман баласы Алла Тағалаға сыйынып, ел тыныштығы мен халық бірлігін, отбасының амандығын тілейді.

Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемділігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Әр адамның сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбандық шалып жетім-жесірлерге, жағдайы төмен отбасыларға мейірбандылық көрсететін, бір-біріне ізгі тілектер жолдап, имандылыққа шақыратын күндер.

Ұлысты ұйыстыратын осы ұлағатты мейрамды халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келді.

Бүгінде, дәстүрлі дініміз тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, халқымызға қайта оралды. Құрбан айттың алғашқы күні ресми демалыс ретінде жарияланып, рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналды.   

Қадірменді жамағат!

Баршаңызға береке-бірлік, бейбіт өмір, әр шаңыраққа игілік пен амандық тілеймін!

Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!

Құрбан айт мүбәрак болсын!

Құрметті мұсылман бауырлар!

Баршаңызды ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – елдің береке-бірлігін бекемдейтін, қанағат пен қайырымдылықты арттыратын мейрам.

Адамзат баласы үшін ең қасиетті ұғымдар имандылық пен ізгілік болып табылады. Ислам – бейбітшілік пен келісім діні.Бұл мейрам – тек қана мұсылмандарды емес, барша ұлт пен ұлысты ұйыстыратын рухани мереке. Осы қасиетті күндері мұсылмандар құрбандық шалып, бір-бірлеріне үлестіріп, баршаға жақсы тілектер айтады.

Ынтымақ пен ырыздықты, мейірім мен шүкіршілікті арттыратын берекелі мереке – Құрбан айт адамдардың жылы қарым-қатынас жасауына, түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдерінің өзара етене араласуына кең жол ашады.

Бұл мейрам көпшілікке жәрдемдесу, мұқтаж жандарға қол ұшын беру сияқты адами құндылықтардың артуына да өз үлесін қосады.

Ендеше, Алла Тағала баршамыздың айттан айтқа аман жетуімізді жазсын, ағайын. Келешегімізді кемел, жүзімізді жарқын етсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем, бауырымыз бүтін болсын.

Құрбан айт мүбәрак болсын!

С.Бегеев, аудандық мәслихат хатшысы

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.