Тыныс алу құрылғысын алып берді

0

Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жарияланған «Біз біргеміз» акциясы халық арасында үлкен қолдауға ие болып, түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Қазіргі сын-қатерге толы кезеңде, әсіресе көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға жан-жақты көмек көрсетіліп, бетперделерді, дәрі-дәрмектерді тегін таратып беруде. Атап айтар болсақ,  аудандық ауруханаға «Сарысу қайырымдылық қоры»  ұйымдастырып, 5 тыныс алу құрылғысын алып берді.

«Сарысу қайырымдылық қорының» жетекшісі Байман Серікұлы:

-Құрметті жерлестер, жылдың басынан  бері «Сарысу қайырым-дылық қоры» атынан көпбалалы отбасына, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетілуде. Бүгінде осы үрдіс жалғасын тауып, орталық ауруханаға 5 тыныс алу құрылғысын алып бердік.  Өмірлерін қатерге тігіп, індетпен ауырған жандарды аман алып қалу үшін аянбай тер төккен ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз. Қолдау көрсеткен, «Сарысу қайырымдылық қорының»   атымтай жомарт мүшелеріне де осы жасап жатқан игі бастамаларына, істеріне берекет тілеймін. Бұл індет ертерек жойылсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Тағы бір құрылғы осы Сарысудан шыққан қайырымды жан сыйлады,-деп алдағы күндерде  сарысулықтармен бірге болып, қолдау көрсететінін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Б.Бегманова өз алғысын былай жеткізді.

-Қиын қыстау заманда, халқымыз бірігіп,  індетті жеңеміз деп игі істер атқарып жатыр. Сарысудан шыққан азаматтар ауруханадағы емделушілермен медициналық қызметкерлерді қолдап, дәрі-дәрмек, тыныс алатын құрылғы, ұлттық қымыз, шұбат сусындарын, медициналық бұйымдарды тегін алып беруде.  Көмек көрсетіп жатқан әр жанға өз алғысымды білдіремін, еңбектеріңіз алға баса берсін,-деді.

Аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова   төтенше жағдай кезінде  жәрдем берген сарысулықтарға және «Сарысу қайырымдылық қорының» мүшелеріне  ризашылығын білдірді.  

С.Рысбекұлы, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.