ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ АУРУХАНАЛАРЫНДА ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕРДІҢ ҮШ АПТАҒА ЖЕТЕТІН ҚОРЫ ҚАЛЫПТАСТЫ

0

Бүгінгі таңда облыстағы медициналық ұйымдарында коронавирус инфекциясымен және пневмониямен ауырған науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің үш апталық қоры қалыптасты.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, жұқпалы және провизорлық ауруханаларда дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдар жеткілікті, атап айтсақ, антибиотиктер – 50,2 мың таблетка және 67,8 мың флакон, антикоагулянттар – 9,8 мың шприц, дене қызуын түсіретіндер – 2 мың шиша, вирусқа қарсы препараттар – 15 мың таблетка.

«СК-Фармация» арқылы жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге дәрі-дәрмек сатып алуға қосымша өтінімдер берілсе, бүгінде сол қаржының 471 миллион теңгесіне алынған дәрілер облысқа жеткізілді.

Өзбекстаннан дәрі-дәрмек сатып алуға жергілікті бюджеттен 544 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда көрші мемлекеттен 24 миллион теңге көлеміндегі дәрі-дәрмектердің алғашқы партиясы келіп, ауруханаларға таратылды.

– Дәрі-дәрмектерге деген сұраныс әлі азайған жоқ. Сондықтан өтінімдерді тіркеу және жаңа заттарды түсіру, жеткізу жұмыстары шапшаңдықты талап етуде. Медициналық мекемелердің қажеттіліктеріне сәйкес дәрі-дәрмектердің уақытылы келуі мен дұрыс таратылуына қатаң бақылау жасалады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Жергілікті кәсіпкерлер де ел басына күн туған осындай қиын шақта шетте қалмай, қауіпті инфекциямен күрес жолында өз үлестерін қосты. Кәсіпкерлер аз қамтамасыз етілген отбасыларға дәрі-дәрмек алуға 48 миллион теңге бөлді. Жалпы, облыс кәсіпкерлері жинаған жылудың сомасы – 338 миллион теңге.

Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар басқа елдердің гуманитарлық көмегі арқасында да жеткізілуде. Біздің облысқа Катардан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Түркиядан, Біріккен Араб Әмірліктерінен 45 мың жеке қорғаныс құралдар жиынтығы, 1 мың экспресс-тест, 220 литр антисептик, 11,2 мың пакет вирусқа қарсы препараттар, 235 пакет антибиотиктер және 8 мың пакет басқа да қажетті дәрілер келіп жетті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.