Аудан жастарының тынысы

0

Елімізде мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Сондықтан болар Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні де бекер емес.

Сарысу ауданында жастар саны – 9545. Соның ішінде Жаңатас қаласында – 4869 болса, ауылдық округтерде – 4676 жас. Бұл өңір халқының 21% құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс атқарады. Жаңатас қаласы және барлық ауылдық округтерде жастар ісі жөніндегі инспекторлар жұмыстарды үйлестіреді. Жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздық деңгейіне мониторинг жасап отырады. Мекеменің мақсаты мен міндеттері – жас-тарды және жастар ұйымдарын қолдау, дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, волонтерлік қызметті дамыту және қолдау, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық және дін мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету. 

Президентіміздің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Биыл бәрімізге белгісі 2020 жыл Волонтерлар жылы деп жарияланған. Бұл жылда ауданның еріктілері де белсене жұмыстар атқарды. Елімізде төтенше жағдай орын алып отырған кезеңде, ауданымыздың еріктілері де үнсіз қалмады. Еріктілер өз кезегінде, бетперделерді тігумен айналысты. Бетперделерді аз қамтылған отбасыларға 9250 бетперде тегін үйлестірді. Сонымен қатар ауданнан шыққан кәсіпкерлердің, ерікті жандардың демеушілігімен жастар болып бірлесіп,  ауданымызда аз қамтылған, көпбалалы көмекке мұқтаж отбасыларға арнайы азық түлік пакеттерін таратты. Акцияға ауданымыздың кез-келген тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде ауданда 9 954 000 қаражатқа 630 отбасыға азық-түлік таратылу ұйымдастырылды. Мекеме қызметкерлері қала және ауылдық округтерде қойылған блокпосттарда кезекшілік атқарып, өз белсенділіктерін танытып, нәтижелі жұмыстарын көрсетсе, блокпост күзетшілеріне бір мезгіл ыстық тамақ әзірленіп, ерікті жас-тар таратты.

Жасампаздыққа жетелейтін жастар-дың жұмыстарының бір парасы осы. Алда атқаратын жұмыстар шаш етектен. Сын сағатта сынаптай сынып қалмай, сан саланы меңгеріп жүрген жастар бүгінгі күннің бейбіт мамандары мен ерлік танытатын еріктілері. Талапты ердің тұлпарына мінген жас талап тағылымды істерімен тарихта тұлға болып қалуды көздейді. Мақсат орындалады. Міндетті істерде жастар өз миссиясын жоғалтпақ емес.

Ж.Жұмағұл, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.