Газет-жаңалықтың жаршысы Газет қалай шығады?

0

Сексен үш жылдық тарихы бар бұл аудандық газеттің кешегісі мен бүгінгісінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Жалпы, шығармашылық адамдары үшін қай кезде де газет-журнал орны ерек. Ал біздің екінші үйімізге айналған аудандық  «Сарысу» газетінің абырой-беделі тіптен орасан.

Бүгінгі таңда аудан айнасына айналған, жақсылықтың жаршысы бола білген «Сарысу» газетінің қалай шығатыны жөнінде бір үзік сыр шертсек артық болмас еді.

«Сарысу» газеті аптасына екі рет жарыққа шығады. Аптаның алғашқы дүйсенбісі күні редакцияның шығармашылық тобы, яғни журналистер бас редактор бөлмесінде бас қосады. Мұны ұжым тілімен айтқанда лездеме дейміз. Лездемеде ең алдымен өткен аптада атқарылған жұмыстар  талқыланады. Өткен аптада жарыққа шыққан екі нөмірдің сапасы мен мазмұнын тілге тиек етеміз. Содан соң келер сәрсенбі күні жарыққа шығаратын газеттің жоспарын жасаймыз. Әрбір тілші ой-пікірлерін ортаға салады. Қолдарында бар жарыққа шықпаған мақалаларын, сондай-ақ өткен аптада қатысқан іс-шаралар туралы қалам тербеген қол жазбаларын жоспарға енгізеді. Газеттің фототілшісі Мариана Антропова  түсірген суреттерге де ерекше назар аударылады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші осылайша төрт көзіміз түгел отырып жоспарлаған газетті шығару үшін іске кірісеміз.

Жарыққа шығатын газет нөміріне жоспарланған материал-дар ең алдымен директор  Жамалбек Өзбеков пен бас редактор Гүлнара Байбосынованың сүзгісінен өтеді. Қайта өңделеді, түзетіледі немесе алынып тасталады. Айдары және тақырыптарына назар аударылады. Бұдан соң газетке шығатын мақалалар бойынша жоспар жасалынып, дизайнер Ғалия Қуанышқызы бетті жасауға кіріседі. Тілшілер әрбір бетті сол күнгі газет нөміріне кезекші тілшімен бірлесіп, қателерін шығаруға кіріседі.

Газет беттері жан-жақты оқылып, сүзгіден өткен соң қайтадан бас редактор газет макетінің жасалуына, көркемдігіне, қойылған айдар, тақырыптарына назар аударумен бірге мұқият оқып шығады. Әр мақаланы, әр жарнаманы мұқият қарап, газеттің сапалы шығуын қадағалап, кейбір мақалаларды Камели Сүлейменова, Жанна Жетенова, Сәулет Есқараев, Мариана Антропова сынды тілшілермен бірге отырып талқылайды. Сөйтіп редакцияның шығармашылық тобының қолдарынан өткен газет беттері баспаханаға электронды поштамен жолдама алады. Ертеңіне сапалы шыққан газет редакцияның тарату поштасына келіп түседі. Содан соң пошта қызметкерлері қала және ауылдық округтерге газетті бөліп, таратады.

Сонымен қатар, газеттің электронды нұсқасы газеттің арнайы «www. gazeta-sarysu.kz» сайты арқылы да оқырмандарын тауып жатады. Газеттің бір шығарылымын 9000-ға жуық оқырман оқып, қажетті мәліметтерін алыстан да ала алады.

Аудандық «Сарысу» газеті осылай шығып, оқырман қолына тиеді.

Гүлнара Байбосынова,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.