ГАЗЕТ САЛАСЫНДАҒЫ жаңа құрылым

0

«САРЫСУ» ГАЗЕТІ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҰЖЫМЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚҰРЫЛЫСТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДА ӨЗІНДІК ҮЛЕСІН ҚОСЫП КЕЛЕДІ.  БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ СЕГІЗ МЫҢ ҮШ ЖҮЗДЕН АСТАМ САНЫ ЖАРЫҚ КӨРГЕН ТӨЛ БАСЫЛЫМЫМЫЗ, АУДАНЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫ «САРЫСУ» ГАЗЕТІНЕ 83 ЖЫЛ ТОЛЫП ОТЫР.

1937 жылы Оңтүстік Қазақстан өңірлік басқару органының 6 қаңтардағы Сарысу ауданында газет шығару жөніндегі шешімі шықты. Оның алдында аудан орталығы қазіргі Шаян елді мекенінде болатын.

Сол жылы 5 мамырда газет аудандық партия комитеті мен Кеңес атқару комитетінің органы болып шыға бастады. Көлемі бір бет болатын  газет латын әріпімен теріліп, көркемделді.

Байқадам жерінде жаңалық жаршысы, аудандық газеттің жарық көруінің өзі бір тарих. Сол кезде редакторлық қызметті мойнына алған Ы.Оспанов алғашқы жабдықтарды Шаян ауылынан Байқадамға түйеге артып жеткізді. Ұйымдастыру жұмыстары оңай болған жоқ. Кадрдың тапшы кезі. Қазіргідей жаңа технологияның заманы емес, бәрін жаяу жүріп, қолмен атқаруға тура келді.

Баспахана жабдықтары да талапқа сай емес еді. Ескіден қалған құралдар болатын. Қорғасын құю, әріп теру жұмыстары да қарапайым қолмен атқарылатын. Сапасы да сын көтермейтін.

Ол кезде журналист кадрлар мүлдем жоқ еді. Елді жаппай сауаттандыру кезіне тұспа-тұс келді. Халықты еңбекке баулу, тәрбие беру, сауат ашу, аудан жаңалықтарын жеткізуде газеттің рөлі ерекше болды. А.Байтұрсыновтың «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген нақыл сөзі баспасөздің қоғамдық құрылыстағы алатын орнын айқындаған бағдаршам болды. Отызыншы жылдардың аяқ кезі қоғамдағы құбылыстардың тез өзгеріп жатқан ауыр тұстары еді. Елдегі қуғын-сүргін, коллективтендіру кезеңінің дүрбелеңі халықты қажыта бастаған болатын. Міне, осы кезде аудандағы жалғыз ақпарат құралы аудандық «Социалистік шаруа» газеті халыққа жаңалықтарды дер кезінде жеткізіп отырды. Алғашқы газеттің сандары қолдан-қолға жұқпай тез тарайтын. Бір газетті бірнеше адам жабыла оқитын және бір адам оқып көпшілікке түсіндіретін. Сол тұста аудан айнасы болған газет бетінде көптеген маңызды мәселелер әсіресе, оқу-ағарту, сауат ашу үйірмелерінің жұмыстары ерекше көрініп отырады. Аудан экономикасының қалыптасуына аудандық газеттің қосқан үлесі аз болған жоқ.

1960 жылы «Социалистік шаруа» газеті 4 бет болып апта ішінде 3 рет шығу мүмкіндігіне ие болды. Газетте істейтін қызметкерлер саны көбейіп, аудан көлеміндегі атқарылған істер кеңінен қамтыла бастады. Ауыл шаруашылығының барлық саласы, еңбек адамдарының жеке еңбектері газет бетінен жиі көрінетін болды. Даладағы қызу еңбекпен қатар газет өмірі де жандана түсті.

1963 жылы Сарысу ауданы Талас ауданына қосылып Талас ауданы атанып, «Социалистік шаруаның» орнына «Ленин жолы» газеті шықты.

1967 жылы Сарысу ауданы өз алдына бөлініп шығып «Социалистік шаруаның» жалғасы «Октябрь таңы» газеті қайта шыға бастады. Жаңа құрылған ауданның жаңалықтары газет бетінде жаңаша көрініс тапты. Осы кезде Д.Шалқарбаев, С.Шөжеев, Е.Ескендіров секілді қарымды қаламгерлер газеттің жандануына өзіндік үлестерін қосты. Бертін келе жетпісінші жылдардың тұсында талантты жастар А.Дүйсенбаев, Ж.Шыныбеков, Б.Шамшиев, М.Ділдабаев, Ә.Әлмен, К.Бегулиев, Б.Нұрмахановтар «Октябрь таңы» газетінің сапалы шығуына өз үлестерін қосты. Редактор Т.Мақашев өзінің қоғамдық жұмыстарымен қатар аудандық газетті өрге сүйреген белді азамат еді. Т.Мақашев басқарған тұста аудандық газет өзінің батыл бағытын таныта білді.

1991 жылы кеңестік жүйе күйреп, әр респуб-лика өзіне дербестік алған тұста заман талабына сай аудандық газет те құрылымдық өзгерістерге ұшырады. 1992 жылы 11 сәуірден бастап бұрынғы «Октябрь таңы» газеті жаңадан «Молшылық» атты атауға ие болды. Сол жылдары жаңа нарықтық заманның қатынастарын газет бетінде көрсету оңай болған жоқ. Үзілген экономикалық байланыстарды қайта қалпына келтіру, шағын және орта бизнесті дамыту секілді ауқымды істер өз кезегін күтіп тұрды. Аудандық «Молшылық» газеті де осы қиындықтардың ортасында ауыр жүкті арқалауына тура келді. Сол кездегі газеттің редакторы Е.Дүйсенбаев аудандық басылымды сақтап қалу жолында бар күш-жігерін жұмсады.

1997 жылы Сарысу ауданы, Жаңатас қаласына біріккен жылдары аудандық басылымға көп жүк түсті. Баспахананың  ескі жабдықтары Саудакент ауылында қалып, енді өндіріске жаңа технология енгізу қажеттілігі туды. Міне, осы тұста сол кездегі бас редактор Ж.Миллионовтың белсенділігі ерекше көрінді. Аптасына бір-ақ рет шығатын газетті сақтап қалу да оңай шаруа болмады. Бас редактор Астанаға дейін барып, осы түйінді мәселені шешуге күш салды.

Газет тарихында бірінші рет 1999 жылдың 1 ақпаны күні Жаңатас қаласында бұрынғы «Молшылық» газетінің негізінде шағын көлемді «Сарысу» газеті компьютер арқылы теріліп, беттеліп, редакцияның баспаханасында офсеттік басу машинасымен жарыққа шықты. Сол тұста газет жұмысын жандандыруда белгілі ақын, марқұм Ә.Әлмен, қазіргі аға тілші Ж.Жетеновалар елеулі үлес қосты.

2011 жылы газет басшылығы ауысты. Газеттің мазмұнымен қатар сапасы және көркемдігі арта түсті. Белгілі газет қызметкерлері Т.Әбілдаев, Ж.Жетенова, К.Сүлейменова, Г.Байбосынова, С.Есқараевтар ақпарат көзін дамытты.

Газет бетінде аудан өміріндегі жағымды жаңалықтармен қатар келеңсіз көріністер де жарияланып тұрады. Баспасөздің негізгі күші де осы. Әрбір іске сын көзбен қарап, өз бағасын беру. Сонымен бірге өндірісте, ауылда болсын озаттар, кәсіпкерлер ісін, тәжірибесін кеңінен көрсетіп, қоғамның қозғаушы күшіне айналу. Ең бастысы ауданның саяси-әлеуметтік саласындағы, экономикасындағы жаңалықтарға ден қойып, дер кезінде оқырманға жеткізу. Зерттеулер жүргізіп, журналистік баға беру. Аудандағы қоғамдық пікірдің қалыптасуына негіз жасау. Қазіргі таңда аудан өміріндегі жағымды жаңалықтарға ілесіп отырудың өзі журналистердің жылдамдығы мен шеберлігіне жатады. Сонымен бірге, күнбе-күн аудан және республика көлемінде өзгерістер мен тың бастамалар, жаңа жобалар өмірге еніп жатады. Басты мақсат соны істерді дер кезінде қамтып, ақпараттық жүйені дамыта беру.Ауданда шағын және орта бизнеспен қатар мал және егін шаруашылығы қатар дами түсті. Аудан көлеміндегі жолдар жөнделіп, жаңа құрылыс нысандары бой көтерді. Оқу мен медицина саласында көптеген өзгерістер пайда болды. Жаңа мектептер мен медициналық пункттер салыну үстінде. Қалаға және аудан өміріне жаңа инновациялық жобалар енгізіліп, жүзеге асырыла бастады. Міне, осы бағытта аудандық «Сарысу» газеті өмір талабына сай мазмұнды материалдарды жарыққа шығара білді. Журналистердің кәсіптік шеберліктері бүгінгі жарқын бастамалар кезінде шыңдала түсті.

Жаңа жылдан бастап газет аптасына екі рет жаңа форматта  шығып жүр. Ал сенбі күнгі нөмер тұрақты түрде сегіз бетке жетіп жүрді. Кейде 12-16 бетпен шығу тәжірибесі де қолданылды. Облыс көлемінде оқырманы көп газеттер қатарындамыз. Газеттің таралымы да артып, оқырмандар саны көбейді.

Аудандық газетте бұдан басқа да жаңа реформалар жүрді. Бұдан бес жыл бұрын Респуб-ликада бірінші болып, өз газетімізді өзіміз тарату тәжірибесін қолдандық.

Әрине ол оңайға соққан жоқ. Шығармашылық пен шаруашылық істерін қатар алу өмір талабынан туындап отыр. Бұған тікелей «Қазпошта» қызметінің жыл сайын бағасының өсуі өз әсерін тигізді. Қазіргі таңда газет таситын  жаңа жұмыс орындарын ашып, оқырманмен тікелей байланысқа шықтық. Ең пайдалы жері біздің оқырмандардың кім екенін, олардың қандай ұсыныстары бар екенін газет тасушылар арқылы біліп отыратын болдық. Осы саладағы жетістігіміз газетке жазылым бағасы республика бойынша ең төменгі бағада. Бүгінгі күні алты айға жазылым мың жарым теңге көлемінде ғана болып отыр. Біздің бұл тәжірибемізді облысымыздағы басқа аудандық газеттері де қолдана бастады.

Газет 49 пайыздық жеке және сенімгерлік жүйеде жұмыс істеуде. Газеттің әкімшілік құрылымы да өзгерді. Директорлық басқарумен қатар жаңа редактор жетекшілік ететін шығармашылық топ құрылды. Мұның өзі газеттің мазмұнды шығуына кеңінен жол ашты. Газетте республикалық, облыстық жаңалықтармен қатар аудандық хабарлар кең көлемде жарияланады. Тарихи, әдеби-танымдық материалдар да барынша берілуде. Д-2 форматындағы газет қазіргі таңда 16 бетке дейін жетуде. Бүгінде ауданда «Сарысу» газетін асыға күтетін оқырмандар саны көбейді.

Газетті арнайы желі арқылы бүкіл дүние жүзі оқитын болды. Бір айда 9 мың адамға дейін осы желіні көріп жүр.

Елбасы, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларынан туындайтын жаңа міндеттер журналистер жұмысын жандандыра түсуде. Сол себепті газет саласында реформаларды одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу жалғасатын болады. Халыққа қызмет көрсетудің жаңа түрі енгізіліп, өзін-өзі қаржыландыру, жаңару жолына түсу  басты бағытымызға айналады.

Өткен жылы мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 маусым күнін тек қана ақпарат құралдарының мерекесі ретінде жеке белгіледі. Мұның өзі қаламгерлерге деген зор құрмет деп түсінуіміз керек.

Жамалбек ӨЗБЕКОВ,

серіктестік директоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.