БАУЫРЖАННЫҢ СЫНЫПТАСЫ

0

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ

1928-1940 жылдар аудан тарихындағы небір қиындықтарға қарамастан  өсіп-өркендеу  жылдары  болды.  Социалистік  экономиканы дамыту жолында елімізді индустрияландыру үшін, социализмнің жеңісін түпкілікті ету үшін күресті өршіту еді.

Отызыншы жылдары бүкіл елімізде социалистік қатынастар толық орнап бітті. Барлық өндірістік нысандар, колхоздар, совхоздар, жер,су т.б. мемлекеттік меншікке айналды. Осы кезде «халық жауы» деген ұран шықты. Жеке дара пікір айтқаны үшін халық жауы қатарына ойланбастан жатқызылып, қудалауға түсті. Бұл жағдай Сарысу ауданында да кеңінен өріс ала бас-тады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Данияров, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Тәжібаев, аудандық комсомол комитетінің хатшысы Латипов, жер бөлімінің бастығы Жақсылық Аяпов, тұтынушылар одағы басқармасының төрағасы Ақмедия Сармолдаев, жол бөлімінің бастығы Тілеп Бөпежанов сияқты басшылардың барлығы қамауға алынды.

Ауданнан басталған халық жауы ұраны ауылда, жер- жерлерде жалғасын тапты. Осы маусым аяқталып қалғанда Ұлы Отан соғысы басталды. Ер азаматтар майданға аттанып жатты. Солардың бірі Борбасов Тәкі болатын. Ол жасынан пысық, еңбекқор, ширақ жігіт болған. Ол майданда көп болған жоқ. Денсаулығына байланысты майданнан елге келуі жылдам болды. Себебін сұрағанымызда ол, майдандағы солдаттарды әскерге қабылдап жіберетін комиссияның төрағасы Бауыржан Момышұлы екен. Ол Бауыржанды бірден таниды. Баукеңе Сарыарқа жеріндегі сауат ашу курсында сабақ бергенін еске салады. Баукең барлық жағдайын біліп, сұрап болған соң, денсаулығыңда сыр беріп жүр екен, сен елге керексің, барып еліңе егін ек, елдің қамын ойлаңдар: қарап отырма халықты асырау үшін де адам керек, жер жыртып, егін салыңдар, тал егіп, құрылыс материалдарын дайындап, елдің көсегесін көгертіңдер, бұл жақта біз бармыз-деп соғыстың қайнап жатқан жерінен еліне қайтарғанын жыр етіп айтып отырады,-екен.

Тәкі майданнан келісімен колхоздың жұмысына белсене араласады. Жүрегінде Баукеңнің айтқан, елге барып көмектес, егін ек, мал өсіру, тал отырғызу жұмысымен белсене айналыс, деген сөзі оның үнемі жадында жүреді. Ол ел үшін саябақ отырғызуды қолға алады. Жер-жерден әр түрлі тал-дарақтар, жеміс талдар әкеліп егіп, айналасын қоршап, су әкелетін арық тартып, күтіп-баптап еңбек сіңіреді. Не ексең соны орасың, деген көп уақыт өтпей-ақ, тал-дарақтары жайқалып өсіп үлкен саябаққа айналады. Жайылма өңірі халқының демалыс орнына айналып, жұрт бұл саябақты «Тәкі талы», «Тәкі сая бағы» деп атап кетеді. Қазірде «жекешеленіп кеткенмен» «Тәкі талы» сақталып тұр. Ол кездері «Тәкі талы» ну орманға айналып, алмасы, өрігі төгіліп, басқа  да  жеміс-жидектері  иіліп,  неше  түрлі  шөптердің  жұпар иісі мұрныңды жарып, жаныңды рахатқа бөлейтін кездер еді, ғой шіркін! Жастардың махаббат бесігі, сыр ашатын, кездесетін қасиетті орынға айналады.

Осы жайларды естіп білгеннен кейін, қызыләскер Борбасов Тәкі туралы Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жыл қаржы саласында жемісті еңбек еткен, ауданымыздың қазыналы қариясы Бөлеген Кәрібаев қарияның айтқан бір әңгімесі есіме түсті.

Мен ол кезде Сарысу аудандық Советі атқару комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істейтінмін. Бұл 1976 жылдың мамыр айының аяғы болатын. Жайылма селолық Советі атқару комитетіне аудандық Совет атқару комитетінің кезекті мәжілісіне материал дайындау үшін іссапармен барған болатынмын. Селолық атқару комитетінің қаржы шаруашылығына байланысты кіріс көздерін тексеруге аудандық қаржы бөлімінің кіріс бөлімінің бастығы, аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Бөлеген Кәрібаев ағайда барыпты.

Сол жерде бір үзіліс кезінде Бөкең қашанғы елді тамсандырып, қимыл мен бір-екі сөзбен бүкіл оқиға желісін түсіндіріп беретін әдетіне салып, осы әңгімені айтып, сол жердегі отырған кісілердің шек-шілесін қатырып еді. Әңгіме былай болыпты.

Жайылмалық Борбасов Тәкі-әскерге шақырылып, Ұлы Отан соғысына алынады. Ол Қазақстанда жабдықталған 316 армияның құрамында әскерге алынады. Әскерде жүріп, бір жауынгерлердің үзілісі кезінде өзінше жырақтау орман ішінде оқшаулау жеке тұрған бір солдатты көріп қалып, онымен тілдесуді жөн көреді. Қасына барып, амандасып қараса, ол бір әдемі қыз бала екен. Тілдескен сәттен бастап, қызбен сөзі жарасып, өткен-кеткенді әңгіме қылып отырып қалады. Бір кезде қызға қарай жақындап, құшақтап, жауынгерлерге қарай жүреді. Сол кезде қызыләскер қыздың жеңіл жеңін кимей, жамыла салған шинелі төмен қарай түсіп бара жатады. Ол қызыл әскер қыздың шинелін жоғары қарай көтере бергенде қыздың әскери шені денсаулық саласының майоры екенін байқап қалады. Есі шығып кетеді, өзінің қатардағы жауынгер екені есіне түсіп, қатты қиналады. Дереу орман ішіндегі ашық алаңға қарай жүгіре жөнеледі. Майор қыз аң-таң қалады. Тоқтаңыз,-деп айтуға үлгере алмай қалады. Қыздан қара үзіп, көрінбей ормандағы ашық алаңға жете сала, басындағы пилоткасын 40 қадам жерге апарып, талдың басына іліп қояды. Қолындағы автоматын пилоткасына қарай бағыттап, «Әй, Борбасов: «Сен соғыста жүрсің бе, әлде махаббат майданында жүрсің бе, осы сені атып тастайын ба, байқа Борбасов, жаңа ғана майор қыздан сөгіс алып, түрмеге жабыла  жаздадың  ғой,  сорлы  қатардағы  қызыл  әскер,  байқа»– деп отырған жерінде бір жерлесі көріп қалса керек. Ол соны басқа солдаттарға айтып қойса керек. Борбасовты көрген сайын, солдаттар «Байқа, Борбасов, байқа»,– деп үнемі әзіл-қалжың айтып отырады екен. Әңгіменің аяғы осылай аяқталатын.

Сол Бауыржан Момышұлы әскерден денсаулығына байланысты босатқан Борбасов Тәкі елге келісімен Жайылма ауылынан  3  гектар  жер  алып,  оған  тал-дарақтар  егуді  қолға алады. Ол тал-дарақтар өсіп, Тәкі қария тірі кезінде бүкіл ауылға көрік беріп тұратын. Ол Саудакент ауылынан келе жатқандағы «Жайылма»  ауылына  кіре  берістегі  «Тәкі  талы»-деп  аталатын саябақ. Ол көп жылдар бойы бүкіл Жайылма, бұрынғы Калинин атындағы совхоздың адамдарына қызмет етті. Жекешелендіруге берілгенмен әлі де халыққа қызмет етуде.

БАУЫРЖАНМЕН БІРГЕ СОҒЫСҚА ҚАТЫСТЫМ…..

1970 жылдың аяғы, 1980 жылдың басы болуы керек. Жамбыл облыстық партия комитетінің жанындағы партия, совет қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі бір айлық курсқа Сарысу аудандық Советі атқару комитетінің нұсқаушысы қызметінде жүргенде шақырылдым. Ол кезде облыстық партия комитетінің жанындағы тұрақты жұмыс істейтін марксизм-ленинизм университетінде, лекторлар шеберлігін арттыратын институттарда, халық университеттерінде жоспарланған іс-шараға сәйкес айлап, апталап оқи беретінбіз.

Айлық курста оқып жатырмыз. Бір аптадай уақыт өткен. Күнделікті сабақ кестесі коридорда ілулі тұрады. Кімдер дәріс оқиды, соны алдын ала көріп-біліп отырамыз. Көбінесе институт ғалымдары, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушілері, орынбасарлары, облыстық басқармалардың басшылары кей кездері аудандардың бірінші басшылары да келіп лекция оқиды. Институттардың белгілі ғалымдары А.Нұрымов, Ж.Ізтелеуов, Қ.Темірханов, Қ.Темірғалиев, А.Кан, Н.Сарыбеков, С.Байтіленов т.б. лекция оқып, семинар-кеңестер өткізеді. Курстың жетекшісі Лидия Артемьевна Морозова. Күнделікті облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аманкелді Жайлауұлы Омаров сабаққа қатысуымызды қатаң тексеріп   отырады.   Сабақтан   себепсіз   қалмауға   тырысамыз. Бір күні курстас достарым, ертең Бауыржан Момышұлымен бірге  соғысқан  Федор  Дмитриевич  Толстунов  лекция  оқиды екен, деді. Мен де ол кісінің аты-жөнін естіген соң, қуанып қалдым. Мен ең қызығып оқитыным әскери мемуарлар болатын. Баукеңнің «Москва үшін шайқас», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья», Александр Бектің «Волокаламск тас жолы» тағыда басқа Баукең туралы жазылған туындыларды қолыма түссе оқуға тырысатынмын. Сонда Баукеңмен бірге соғысқан, аға политруг, полктің нұсқаушысы Федор Дмитриевич Толстунов туралы Баукеңнің айтқан сөздерін есіме түсіре бастадым.

«Он с первых боевых дней пребывал в нашем батальоне и был участником почти всех его боев. Толстунов открыто не вмешивался в дела батальона, как это делали иные политработники, а скромно бродил по переднему краю, беседовал с людьми при случае становился рядом с бойцом в окопе и вел огонь по наступающим цепям противника или иногда по приказу командира шел в контратаку, увлекая группу красноармейцев.

Со мной он был на «ты». Информируя меня о каких-либо неполадках или недоразумениях, он не угрожал, как это делали другие, что доложит комиссару полка, и не требовал «немедленного устранения», а спокойно говорил: «Что бы такое предпринять, чтоб…». «Как ты думаешь, комбат ?»– спрашивал он меня, и когда я принимал решение, а горячий Бозжанов выпаливал какую- нибудь реплику, он строго останавливал его словами: «Комбат же приказал! Какой же может быть разговор?! Наше дело-исполнять то, что приказано, и доложить!»

Тогда в батальоне не было комиссаров-Толстунов был в нештатным моим комиссаром и другом».

Бауыржан Момышулы «Собрание сочинений» Том первый, страница 149.

Кесте бойынша сабаққа орта бойлы, мығым денелі, зор дауысты әскери киінген полковник Ф.Д.Толстунов әскери-патриоттық тәрбие тақырыбынан лекция оқып тұр. Ол кез немістерді оқпен осып, отпен үйтіп, бомбамен желкелеп жатқан кез еді,-деп бастап кетті. Арасында әңгіме тақырыбы Ұлы Отан Соғысы тақырыбына, Бауыржан Момышұлының батальонының Москва түбіндегі жаумен қиян-кескі ұрыстардағы сан ұлттың өкілдері ұлдарының жаппай көрсеткен ерлігіне ауысты.

Дивизия командирі генерал-майор Панфиловтың бұйрығы бойынша, — деп бас-тады сөзін Федор Дмитриевич Толстунов бұрынғы артиллерист, аға лейтенант Бауыржан Момышұлы Н. полкінің бірінші батальонына командир болып тағайындалды. Бұл дивизияның жаңадан құрылып жатқан кезі болатын.

Бауыржан батальонға келіп, командирлік қызметіне кіріскенде әскер тәртібінің шеңберіне сыймайтын біраз жағдайлар көзге түсті. «Бұл жағдайларға жол бермеу керек, қатал болу керек. Олай етпесе, ертеңгі күні майданға енгенде батальон айбынды бұйрықтарды мүлтіксіз орындай алмайды»,-деп ойлады Бауыржан.

Бауыржан істі ең алдымен батальондағы кемшіліктерді, тәртіпсіздіктерді жою-дан бастады, қатал болды: өзіне бағынушыларға қатты талаптар қоя бас-тады.

Бауыржанның бұлай іске кірісуін кейбір командирлер жақтырған  жоқ.  Олар:  «Мынау  қайтеді!  Өзінің  жаяу  әскердің ісінен хабары жоқ екен» деп күңкіл шығарды. Бауыржан мұны жақсы түсінді, аңғарды. Сондықтан «балық басынан шіриді» болмасын деп, өзіне бағынатын командирлерді шақыру, сөйлесу керек болды.

Осы мақсатпен ол батальон штабының бастығына бұйрық беріп, рота, взвод командирлерін шақырып алды да : «Мыналарды сапқа тұрғызыңыз», деп бұйрық берді.

Бауыржан сапқа жақындағанда, штаб бастығының өзі сапқа тұрмай, айналшақтап жүрген еді.

– Сен неге сапқа тұрмайсың? Сап-әскерде ардақты орын. Бар, тұр сапқа! –деп бұйырды Бауыржан.

Бауыржан сапқа тұрған командирлерді көзімен шолып өтті де, оларға алда тұрған міндеттер жайында сөйлей бастады.

Бауыржан қатал сөйледі, әскерде темірдей тәртіп болмайынша, жауынгерлік рух болмайтынын, өз бұйрығын орындата алмайтын командир сорлы адам екенін баса айтты. «Сен офицерсің, бұйырушысың, сонымен қатар қамқоршысың, олай болса, әрбір бұйрығың әділ болсын»,-деді.

Бұл сөздерінен соң, ол сапты солға бұрды да, сапта тұру сабағын өткізді.

Батальон Москва түбіндегі 1941 жылғы маневрлі қорғаныс ұрыстарына 27 рет қатысты. Генерал-майор Панфиловтың жау қоршауында қалып, орындауға жүктеген арнаулы тапсырмасын іске   асыру   мақсатымен   5   рет   дивизиядан   бөлініп   дұшпан әскерінің сыртында қалды. Арнау-лы тапсырманы орындағаннан кейін батальон қарамағына берілген бөлімшелерді қоршаудан ойдағыдай алып шығып, Волоколамск қаласына 690 адамды, 18 артиллерия жегінін, 30 пәуескені аман-есен алып келді. 35 км- ге  созылған  аралық  рубежде  ұйымдасқан  түрде  ұрыс  жүргізе отырып, жау қоршауын бұзып өтіп, дивизияға келіп қосылды. Сол күндері Панфилов дивизиясы Москва түбінде 30000-ға жуық жау әскерін жойып жіберді.

Волоколамскіге шабуыл жасап келе жатқан жау колоннасының ту сыртынан тиісіп, олардың ілгері басқан аяғын кері кетірді. Дұшпанның Волоколамск бағытындағы басты күшін 2 тәулік бөгеп, дивизияның жау өкшелеп келе жатқан негізгі күшінің одан сытылып шығуына және уақытты ұтуына мүмкіндік туғызды. Батальон Волоколамск тас жолының бойындағы Горюны деревнясы ауданында, Матренино темір жол станциясында тағыда жау әскерінің қоршауында қалып, қиян-кескі ұрыстар жүргізді. Дұшпанның Москваға шабуыл жасап бара жатқан басты күшін қақ ортасынан бөліп тастады. Осы ұрыстарда батальон 600-дей гитлершілдерді жер жас-тандырды, жаудың 6 танкін жойды. Сонымен қатар 6 станокті пулемет, 12 қол пулеметін, 8 радиостанция, документ тола 2 штаб машинасын қолға түсірді.

Жау тылында дұшпан мен әлденеше рет шайқас жүргізіп, 200 неміс солдатын жойды, 350 адамды тұтқынға алды, 2 зеңбірек, 16 пәуеске, 4 станокты пулеметті алып шықты.

Б.Момышұлы 1073 атқыштар полкінің, қазіргі 19-шы гвардиялық атқыштар полкінің командирі болған кезінде оның басқаруымен полк: Соколово деревнясы ауданында полк төрт тәулік бойына табанды ұрыс жүргізіп, жау авиациясының төпелей бомбылауына қарамастан, дұшпанның төрт рет жасаған шабуылын тойтарып тастады.

Крюково үшін болған ұрыстарда дұшпанның бір полктай жаяу әскері, 18 танкі және көптеген техникасы жойылды.

1942  жылдың  қысқы  шабуылында  «Кубас»  СС дивизиясына түнде батыл шабуыл жасалды. Бұл ұрыста 1200 гитлершілер жойылды. Алты жолдың аузында тұрған Бородино, Барклавица, Трашково, Трохово, Конюшенко, Вошково деревняларын басып алды. Сөйтіп, жаудың үш тәулік бойына Соколово деревнясын бермей жатқан Соколов тобына жаңа күш, қару-жарақ жіберу мүмкіндігін жойып, 1942 жылы 6 февральда дивизияның өз міндетін орындау үшін алға басуына мүмкіндік туғызды. Күн кеш- кірген кез. Жағдайды бағалап қорытынды шығарған Бауыржан екі ротасын жинап көріп шықты. Бұл кез бағанағыдай түтеп тұрған шабуылдан саябырлау кезі еді. Ротада жаралылар да, өлген адамдар да бар.

Күндізгі сағат 10 шамасы. Бауыржан батальонын ертеңгі тұрған жерінен алып шықты да, бір жылғаны өрлей жолға қарай шықты. Жол бойымен өтіп жатқан немістер, жаудың автомашина, танкілері бар. Жаудан өту қыл көпірден өтумен бір сияқты. Батальон көп тұрды. Бір жағынан келе жатқан әскер әжептеуір жолда екенін байқаған Бауыржан:

-Мына жеңіл автомашинаны құрту керек,-деп қорытынды шығарды. Бірнеше жігіттерді жолдың жанына жатқызып қойды. Олар автомашина жақындай бергенде граната лақтырып, машинаны жоқ қылды. Батальон жолдан өте шықты. Қалың ағаштың ішіне келіп тоқтады. Айналада өтіп жатқан немістер. Бауыржан батальоннан қалып қойды. Оны мен көріп қалдым. –Комбат жалғыз өзі артта қалып қойды, сендер қайда қашып барасыңдар,-деп айқай салдым. Сол-ақ екен, батальон жігіттері кейін шегініп, Бауыржанның қасына келді. Бауыржан батальонды бас-тап жолсыз жермен шығысқа қарай қалың ағаштың ішімен жүріп кетті.

Одан кейінгі Бауыржан Момышұлының соғыстағы ерліктерін  өздеріңіз кітаптардан оқыдыңыздар,-деп сөзін аяқтай келе Бау- кеңнің адамдық болмысын, адамгершілігін баса айтып өтті.

Бір айта кететін мәселе Москваны қорғаған 28 батырлар туралы,-деп сөзін қинала жалғай түсті. Ұлы Отан соғысы батырларының ішінде 28 ердің есімі, аспандағы көп жұлдыздар арасындағы үркердей жарқырап, адамзат тарихында мәңгілік қалды. Олар адамдар арасындағы достықтың, туысқандықтың, отаншылдықтың, елін қорғау жолындағы бұқаралық ерліктің өшпес  өнеге-шамшырағы  болып  нұр  шашуда.  Олардың  бәріне өлгеннен кейін Совет Одағының Батыры атағы берілді. Сол 28 батырдың жиырма екісі қазақстандықтар, төртеуі-Нарсұтбай Есболатов, Мұстафа Сеңгірбаев, Асқар Қожабергенов, Әлікбай Қосаев–қазақ жігіттері. Олар Дубосеково разъезінің түбінде жаудың 50 танкісін жойды. Сөйтіп олар, ең кемі елу мың адамды ажалдан құтқарып қалды.

Бауыржан-ақыл мен ойдың иесі, барлық қасиеті бойына жиналған, адамгершілігі, ерлігі, жігітшілігі күшті, шын мағынасын- дағы даңқты қолбасшы, дарынды командир. Ол өжет пен өткірліктің, қайраттың иесі, өте батыл адам. Сондай адаммен бірге соғысқанымды мақтан тұтамын, Бауыржан Момышұлы-ол менің соғыста да, өмірде де досым болған адам. Ол біздің халқымыздың мақтанышы, оның ерлігі дүние жүзін шарлап кеткен, ерлігі аңызға айналған көрнекті қолбасшы, халық батыры,-деп аяқтады Федор Дмитриевич Толстунов.

(Жалғасы келесі санда)

Leave A Reply

Your email address will not be published.