Қаратау қойнауың құт-қазыналы аймағым, Бұзылмасын Бірлік, Достық қаймағың!

0

Мамыр айының соңғы жексенбісі-химия өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Әлем ғылым-техникасымен озық өнеркәсібімен бәсекелескен бүгінгі дәуірде еліміздің осы саласында жұмыс жасайтын, химиктердің күні. Ауданда іс жүзінде әрбір отбасының азаматтары осы саламен байланысты. Ірі өндіріс орны «Қазфосфат» ЖШС-де қызмет етеді. Қарт Қаратаудың жер қойнауы өзгелерге фосфорлы байлығымен танымал. Химия ғылымы саласының атасы Б.А.Бірімжановтың «Біз-химия ғасырының тұрғындарымыз» деген сөзі өмір шындығына айналды. Таулы аймағымыз жер қатынасының геологиялық құрылысы мен даму ерекшеліктерімен өзгеше.

Ғылыми-техникалық прогресс қарыштап дамыған ғасырда егіз қозыдай Қаратау және Жаңатас қалаларының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосып жатқан кешендіктердің еңбегі ұшан-теңіз.

Елбасымыз айтқан Қаратаудың қойнауындағы байлықты химиялық жолмен халық игілігіне жұмсауда кешендіктердің атқарар рөлі орасан. Өйткені қарт Қаратаудың қойнауындағы фосфорлы алқапты игеру бүгінде кеншілер еншісінде. Олай болса еліміздің Көшбасшысы айтқан сарабдал жолмен жүріп келе жатқанымызды мақтан етуіміз керек.

Қойнауы қазынаға толы Қаратау өңірінде нағыз еңбектің майталмандары тұрады. Олар тау қопарып, тас жарып, ащы термен, ерен еңбекпен фосфор кенін өндіруде. Кен өндірісі басталған 1946 жылдан бері қазыналы қара тастан өндірілген кен, фосфорит өнім түрлері бүгінде өндірістік мақсатта, халық шаруашылығының барлық, қорғаныс саласында пайдаланылуда.

Ақиқатында жаңа кен көздерінің ашылуына байланысты ел картасында Қаратау мен Жаңатас қалалары пайда болып, облыс өңірінде химия өнеркәсібі қарқындап дамыды.

Қазақстан Респбликасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаевтың алға қойған стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда химия өнеркәсібі саласы қызметкерлерінің үлесі зор. Сондай-ақ, іргелес жатқан Сарысу, Талас, Созақ аудандарының әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуында «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің алар орны ерекше.

80 жылдан астам тарихы бар, еңбек дәстүріне берік, ынтымағы жарасқан «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені кәсіпорнының ұжымында бүгінде біздің ауданнан 1500-ден астам адам жұмыс атқарады. Ал, кешенді облыстық мәслихаттың депутаты, Созақ және Талас, Сарысу аудандарының Құрметті азаматы, елге сыйлы аптал азамат Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов басқарады. Мұратқали Бақыткерейұлы ауданда болып жатқан өзгерістерге, жаңалықтарға бей-жай қарамай атсалысуға тырысады. Үстіміздегі жылы наурыз айынан бастап елімізде COVID-19 коронавируске қарсы жарияланған төтенше жағдай кезінде сырт қалмай, қолынан келгенше көмектесті. Кешенде жұмыс тоқтаған жоқ, жұмысшылар өздерінің ай сайынғы алатын жалақыларымен жұмыс атқарды. Оларға тегін маскалар, медициналық қолғаптар, антисептиктер таратылды. Сонымен қатар, жұмыс басталмастан алдын-ала орнатылған залалсыздандыру тунері арқылы өткен жұмысшылар өз істерімен айналысты. Қала көшелерін зарарсыздандыру, сондай-ақ, блок бекет жұмыстарына да көп үлес қосты. Кешендегі әрбір автокөлік, әрбір техникаларға залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Облыстық «День донора» акциясынан да шет қалмай, кешендіктер алдағылардың қатарында көзге түсті.

Кешенде «Қаратау» бастауыш партия ұйымы, «Жас Отан», Кәсіподақ қоғамдық ұйымы және таяуда ғана ардагерлер ұйымы ашылып, төрағасы сайланып, жұмыс атқаруда.

Бүгінде химия өнеркәсібі саласының мамандарына жұмыс көп. Сол себепті де кеншілерге мектеп оқушыларымен қатар орта және жоғары білімді мамандар даярлайтын оқу орындарының оқушы білімгерлері келіп, өндіріс ошақтарын аралап, ақыл-кеңестер алып жатады. Бұл үрдіске айналған тиімді әдіс. Бүгінде ардагер өндірісшілердің жастарға берері мол. Жыл өткен сайын жұмысшы-қызметкерлер ардагерлікке шығып, орындарын жастар басуда. Өткен жылы жұмысқа қабылданған жұмысшының жүзге жуығы жастар болса, биылдың өзінде бірнеше адам жұмысқа қабылданып, оның жартысы жастар. Осыны ескере білген кешен басшысы арнаулы және жоғарғы оқу орындарымен келісім-шартқа отырып, тау-кенші боламын дегендерге оңтайлы мүмкіндіктер туғызып келеді.

Еңбеккерлерге әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасау «Қазфосфат» ЖШС-нің жұмыс жүргізу саясатының маңызды бөлігі. Соған сәйкес «Жұлдыз» балаларды сауықтару лагерімен қатар «Көктал» емдеу-сауықтыру кешені де бұл күнде қазфосфаттықтарға сапалы қызмет етіп келеді. Негізгі мақсат компания жұмысшы-қызметкер-лерінің денсаулығын жақсарту болып табылады. Емдеу кешені демалушы-ларға профилакти-калық емдік шаралар жүргізеді. Қазіргі күнде «Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде 20-дан астам ем-шаралар жүргізіледі. Олар: балшықпен емдеу, парафино-озкеритолық емдеу, сумен емдеу шаралары (тұзды ванналар, емдік шөптер, інжу душ, массажды душ, су асты және циркулярлық душтары), физиотерапия: диадинамикалық тоқ, электрофорез, жарықпен емдеу (Соллюкс, кварц ванналары), тыныс жолдарын емдеу: (сілті және май), галокамера: (тұзды камера), қол және механикалық массаждар, сауна (құрғақ және ылғалды бу), жүйке және сүйек-бұлшық ет жүйелерін емдеуге арналған жүкпен суасты созу емшаралары, «Сарыағаш» минералды суымен ішектерді, өт жолдарын тазалау, дуоденалды зондтау, Оңтүстік Корея компаниясының көп қызметті массаж кереуетімен, инфрақызыл сәулелі кабинамен ем-шаралар жүргізіледі.

«Көктал» емдеу-сауықтыру кешенінде  кеншілер жеңілдетілген бағада ем қабылдап, демалады.

Жанға дауа, ауруға шипа «Көктал» емдік сауықтыру кешенінде емделіп, денсаулықтарын түзейді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған жаттығу залдары, «Фосфорит» спорт клубы жұмыс атқарады. Спорт клубта футбол, волейбол, баскетбол, теннис секциялары жұмыс істейді. Әр ай сайын демалушылар мен кеншілер арасында әр түрлі спорттық сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен сайысқа қатысушылар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Кеншілердің келісті істері мұнымен шектеліп қалмайды. Тазалық, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары да нәтижелі. Әр жылы сан мыңдаған тал-дарақтар ғимараттар жанынан бой көтеріп, әр цехтардың алды гүл жайнап тұрады. Әртараптан ауданымызға келген сыйлы қонақтарды күтетін әсем де әдемі заманауи тұрғыда жабдықталған қонақ үй өндірістіктердің қонақжайлылығын айқын аңғартады.

Сонымен қатар кеншілердің жанұялық жағдайы, әлеуметтік ахуалы да ескерусіз қалмайды. Еңбек ете жүріп, балаларының келешегін қалыптастыруды жүзеге асыра алады. Шындығында әрбір адамзат баласы ұрпағының ертеңі үшін ерінбей еңбек етеді. Ал егеменді еліміздің болашағы – балалар. Барлық  атқарылған  істердің жалғастырушысы, қоғамның тегершігін алға сүйрейтін де балалар-біздің бақытымыз. Елбасымыз өз сөзінде: «Біздің балаларымыздың тамаша келешегі бар», – деп үлкен сенім білдірді.

Кешенге қарасты табиғаты әсем «Бұзау шоқы» шатқалындағы «Жұлдыз» балалар сауықтыру лагері биыл өзінің 39-шы маусымын қарсы алғалы отыр. Әр ауысым сайын 7 жастан 15 жасқа дейінгі 800-ден 900-ға жуық балалар демалып, жазды көңілді өткізеді.

Мұнда Сарысу ауданынан бөлек Талас, Созақ аудандарынан да балалар демалуға келеді. Қаламыздан 27 шақырым қашықтықтағы «Жұлдыз» лагерінде үлкен топтың балалары 49 ағаш үйшікте, бүлдіршіндер 12 кірпіш үйде жазғы демалысты керемет көңіл-күймен өткізеді. Таудан ескен салқын леп балалардың денсаулығына жақсы әсерін тигізіп қана қоймай, олардың қоғамдық ортада өздерін ұстау, дос табу, таланттарын шыңдауларына үлкен әсерін тигізеді. Әсіресе, балалардың сүйіп шомылатын хауыздары, жаңа жасанды төсемдер, күнге қыздырынуға арналған тақтайшалар, әртүрлі ойын алаңдары, түрлі спорттық өнер жарыстары әр жылы қызықты етіп ұйымдастырылып, жеңімпаздар мақтау қағаздармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Кешен директоры аз қамтылған отбасы балаларын да шет қалдырмай 15 балаға лагерьде дем алу үшін тегін жолдама береді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары, тазалық жұмыстары жүргізілуде. Өйткені әне-міне дегенше балалардың жазғы демалысы басталады.

Соңғы 2-3 жылдың көлемінде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты нысандарда пайдаланылатын тау-кен өндірісі техникаларын жаңартуда, жаңа технологияларды пайдалануда бірқатар жұмыстар атқарылғанын мерейлі мереке қарсаңында мақтанышпен айта аламыз. Атап айтқанда 2018 жылы  Б-75131 маркалы  3 дана «БелАЗ», 1 дана «ЭКГ-10» маркалы экскаватор сатып алынса, былтырғы жылы ауыр жүк таситын  130 тонналық осындай маркалы 6 «БелАЗ»,  3 экскаватор, 2  бұрғылау қондырғысы, 1 дана «Т-20» шой тастарды бұрғылау қондырғысы, 1 дана «ТК-3501» маркалы бульдозер, Б-7547 су тасып-шашатын «БелАЗ», 1 дана жүк тиегіш техника және электр желілерінің опораларын таситын арнайы техника сатып алынып, өндіріске пайдалануда.  Жаңа техникалармен толыққан өндірістің жұмысы одан сайын жанданып, қарқын алды.Кешен директоры Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов мұндай сапалы техника санын алдағы уақытта да көбейтуді жоспарлап отыр.

Биылғы кеншілер мерекесі төтенше жағдайға байланысты жылдағыдай дүбірлетіп тойланбайтын болды. Еселі еңбектерімен көзге түсіп, ұжымдастары арасында зор абыройға ие алты кенші «Еңбек ардагері» медалімен, төрт кенші «Химия өнерәсібінің үздік қызметкері» төсбелгісімен, ІІ дәрежелі «Химия өндірісіне қосқан үлесі үшін» Құрмет атағы бір кеншіге, бір кенші облыстық мәслихаттың Құрмет грамотасымен, бір кенші «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының Құрмет грамотасымен және алты кенші  «Қазфосфат» ЖШС-нің Құрмет грамотасымен, сонымен қатар, бірнеше азаматтар «Химиктер күні» құрметіне арналған Алғыс хатпен марапатталды.

Нағыз еңбектің көркін қыздырған, істері ілкімді, тірліктері тиянақты химиктерді мерекелерімен құттықтай отырып, істеріне сәттілік, денсаулықтары мығым болуына тілектестік білдіреміз.

Қайырымдылық жасау-басты ұстанымы

«Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов көмек сұрап келген азаматтарды құр қол қайтарған емес. Ауруына араша іздеген де, жұмыссыз жүрген жан да осы ауданның бетке ұстар азаматы деген оймен көмек сұрап келеді. Елі үшін елеңдеп тұратын азамат қолынан келгенше көмектесуге дайын тұрады. Ал, кеншілер арасындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға көмектесу-ол кісінің әдеттегідей дағдысына айналған. Жылдағы дәстүр бойынша биылғы жылы да кешен басшысы мүмкіндігі шектеулі азаматтармен, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға 50 келі ұн,  50 келі күріш және 25 келі шекерден таратып берді. Осыдан бір апта бұрын да осы азық-түліктер таратылған еді. Жалпы бірінші кезеңде 218 отбасыға таратса, екінші кезеңде 272 шаңырақ қамтамасыз етілді.

Кенші, сегіз баланың әкесі Сейітқазы Жапабаев:

-Қайырымдылық жасау – ізгілікті, игілікті іс. Иә, осындай іскер де қамқор басшы ретінде ауданға танымал азаматтың әрбір ісі, жүріп өткен жолы біздер үшін үлгі-өнеге.

Бұл өмір сынақтан тұрады. Біреулері тұрмыстық қиындықтарға тап болса, енді бірінің басынан түрлі жағдайлар өтеді. Қиын кезде айналаңдағы адамдар көмек беріп, қол ұшын созса, одан артық жақсылық бар ма?

Айналамызда жақсылық жасауға құштар жүрегі жомарт адамдардың бар екеніне көзім жетті. Осындай ізгі ниетті жанға алғысым шексіз,-деді ағынан жарылып. Сонымен қатар, айта кету керек кешендіктер республикалық «Мектепке жол» акциясынан да шет қалмай мектепке баруға мүміндігі жоқ отбасы балаларына да көмек беруден жаңылмаған.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.