Облыс әкімінің орынбасары ауданымызда болды

0

Облыс әкімінің орынбасары Е.Ж.Жылқыбаев Сарысу ауданына жұмыс сапарымен келді.  Жайылма ауылдық округіне қарасты Мая-тас ауылындағы Д.Сенбин атындағы орта мектебіне атбасын тіреді.  Жалпы мектеп  100 балаға арналған,  қазіргі таңда 77 оқушы бар.   Облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев мектепті  аралау барысында мектеп директоры  Е.Дүйсенбинге   ұстаздар қауымы ел басқаратын болашақ жастардың білімділігі мен біліктілігін қамтамасыз етіп, барлық күш – қуатын жұмсаған жөн. Болашақ жастардың білімділігі мен біліктілігін қамтамасыз етудің ең биік шыңы – білім сапасын арттыру қажет екенін ескертті. 

Одан кейін Түркістан облысына шыға беріс Жайылма ауылының тұсында санитарлық  бақылау  бекетінің жұмысымен танысты.   Облыс әкімінің орынбасары:

— Төтенше жағдай шешілгенімен карантиндік режим әлі де жалғасып жатыр. Эпидемиялық жағдай тұрақты емес. Блокбекетте қатаң сақтық шараларын жүргізіп, тұрғындарды тепловизор құрылғысымен және көліктерді планшет арқылы жіті тексеру керек,-деп қатаң ескертті.

   Одан кейін облыс әкімінің орынбасары  Е.Жылқыбаев  Саудакент ауылдық емханасында болды.  Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері  Б.Бегманова: -Саудакент ауылдық емханасындағы бос тұрған 4000 шаршы метр жайды (3 қабатты ғимарат) тиімді, әрі толық пайдалану мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 60 орындық оңалту орталығын ашуды ұсынамыз. Бүгінгі таңда, аудан бойынша барлығы – 1529 адам мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Оның ішінде, І-топта — 122, ІІ-топта — 524, ІІІ-топта — 658 және 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі — 225 адам бар.

   Жалпы, бірінші қабатқа — физкабинет, асхана, дәрі-дәрмек қабылдап, емдік шаралар жасайтын бөлмелер, массаж, ЛФК бөлмесі. Екінші қабатқа — 30 әйелге және үшінші қабатқа — 30 ерге арналған жатын орындар орналастыруға мүмкіндік бар. Емдік шаралардың мерзімі 42 күн. Осыған орай, ауданға қажетті оңалту орталығын ашу мәселесіне қолдау көрсетіп, оң шешімін табуға ықпал етуді сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев басты байлық денсаулық екенін айтып,ауданда тұрғындардың жағдайын жан-жақты бақылау және медициналық қызмет сапасын көтеру мақсатында материалдық жағынан қамтамасыз ету де басты назарға алынсын деді. Сондай-ақ емхананың құрылыс жұмыстарын ертерек бастау керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті  дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алған Саудакент ауылының тұрғыны Бану Кеңесбекованың  наубайханасына барды.

Жаңадан кәсібін ашқан Б.Кеңесбекова:

—  Бес жүз бес мың қайтарымсыз несие алдым.  Осы қаражатқа  пеш сатып алып, өз жұмысымды бастадым. Қазіргі таңда тәтті бәліштер, самса, кондитерлік өнімдер пісіріп,  жеке дүкенімізде сатылымға шығарамын.Сондай-ақ үйден тәтті тағамдарды тапсырыс арқылы қабылдаймын. Сөйтіп өз кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Алдағы уақытта осы наубайхананы кеңейту жоспарда бар,-деді.

Облыс әкімінің орынбасары Е.Жылқыбаев ауылдық  жерден өз кәсібін ашқан Б.Кеңесбековаға мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге әрдайым қолдау көрсететінін жеткізіп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Сәулет Есқараев, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.