ҰРПАҚТАР САБАҚТАСТЫҒЫ

0

Аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында аудан әкімі жанындағы отбасы  істері және гендерлік саясат, демографиялық саясат  жөніндегі комиссиясы, «Жастар ресурстық орталығы» мен аудандық орталық  кітапхананың ұйымдастыруымен Халықаралық  әйелдер күніне орай «Ұрпақтар сабақтастығы…» атты байқау болып өтті.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Лаура Игенқызы Нұрмаханова, аудандық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова, зейнеткер, көпбалалы ана Маржан Қасенова, кәсіпкер Күлдана Досымбекова, кітапхана директорының орынбасары Светлана Қожаназарова, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Жадыра Жұмағұл және аудан көлемі бойынша көпбалалы аналар мен мекеме қызметкерлері қатысты.

Жастарды ұлтжандылыққа бау-лып, ата-бабамыздан қалған бай мұрамызды жаңғырту, зерделі, тәрбиелі ұрпақ қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан тұрғындары куә болды. Байқауды аудан әкімінің орынбасары Л.Нұрмаханова  ашты.

Байқауға аудандағы он саусағынан өнер тамған, салт-дәстүрлерді бойына жиып өскен  көпбалалы   аналар, атап  айтсақ «Әжелер сөзі — тәрбие көзі»  әжелер тобы, «Ана алақаны….»  аналар тобы, «Келіні жақсының, керегесі алтын» келіндер тобы, «Қыз әдебімен көрікті…» қыздар тобы  қатысты.

Сайыс барысында қатысушылар өз ауылының мақтаулы әже, ана, келін, ибалы қыз екендікдерін дәлелдеп, жеңімпаз атану үшін 6 кезең бойынша сайысқа түсіп, білімі мен біліктерін, өнерлерін ортаға салды. Ең алдымен үміткерлер өздерін таныстырып өтті. Мұнан соң, өнерлі екенін көрсетіп, бірі ән айтты, бірі мың бұрала би билеп, енді бірі қолөнер бұйымдарын ұсынып, қазақтың салт-дәстүрі  тұсаукесер, құрсақ шашу, қыз ұзату дәстүрлерін көрсетті. Бұл кезеңде үміткерлердің ептілігі, аналық мейірімі, балаға деген жауапкершілігі көрінді және де жиылған көпшіліктің көңілінен шығуға мейлінше тырысты. Соңғы кезең – ас мәзірінде сайысқа қатысушылар ұлттық тағамдардың ішіндегі ұмытылып бара жатқан немесе мүлде ұмыт қалған түрлерінен ас әзірледі.

Қатысушылар әр кезеңде тапқырлығы мен біліктілігіне, көрсеткен өнеріне қарай әділ бағасын алып, марапат төрінен көрінді. Нәтижесінде әжелер тобынан 1-орынды Қ.Махадиева, 2-орынды Р.Сазанбаева, 3-орынды  М.Дүйсенбина жеңіп алды. Аналар тобынан 1-орынды Қ.Жүсіпалиева, 2-орынды Т.Смайылова, 3-орынды Р.Илясова иеленсе, келіндер тобынан 1-орынды М.Тұрысбек, 2-орынды Ұ.Садгермекова, 3-орынды С.Жөгібаева, қыздар тобынан 1-орыны  Б.Арғынбек, 2-орынды А.Токкулиева, 3-орынды Н.Дәріпбаева иеленді. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан дайындалған Алғыс хаттар мен түрлі дәрежедегі дипломдар табыс етіліп, бағалы сыйлықтар үлестірілді.

Айта кету керек, жиылған жұрттың қошеметі мен ыстық ықыласына қарап шараның жоғары деңгейде өткенін байқадық. Үлкендер инабатты келіндердің сабырлы қалпына, өнеріне тәнті болып ақ батасын берсе, жастар жағы қазақ қызының бойында болу керек асыл қасиеттердің бәрін ойына түйді деген ойдамыз. «Шуақты көктем келді гүлін алып…» атты кітап көрмесіне шолу жасалып, таныстырылды.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.