Хан Кене және Бұғыбай батыр

0

Қазақтың үш жүзінің басын қоссам деген ақиық арман жетегіндегі ел тарихындағы ең соңғы хан Кенесары Қасымұлы (1802-1847) туралы қазақ халқының біртуар ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алашта Кенекемдей ер болмайды»-деп, бекер жырлаған жоқ.

 Кенесары Абылай атасы ту тіккен жер жәннаты – сұлу Көкшенің бо-йында дүниеге келген. Ат жалын тартып мінгеннен былайғы өмірі, айбыны ай жасқандырған атасы Абылай сияқты, ақырғы сағаты соққанша алыс-жұлыспен, мекен тұрағынан қуылған жолбарыстай тынымсыз жортуыл – жорықпен өтті.

Бірақ алғашқы кезде Кенесары Қасымұлы  қол бастап, ел басқарған жоқ. Әкесі Қасым сұлтанның, ағалары Саржан мен Есенгелдінің соңына ғана ереді. Ал, енді «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, Қасым мен оның балалары бастарына күн тумаса, қолына қару алып несі бар еді?

Патшалық Ресейдің қазақ елі тарапында  сол кездері ұстанған саясаты мен қолданған әрекеті туралы доктор, профессор Файзолла Оразбаев «Социалистік Қазақстан» («Егеменді Қазақстан» газетінде (1990 жылдың 13-қарашасы) «Қосылу ма, отарлау ма?» мақаласында: Анна Ивановна патша әйел 1737 жылдың — 16 қарашасындағы жарлығында: «…қалмақтар және басқа ұлттар қолға түссе, оларды сатуға, шоқындырып, ақысыз-пұлсыз, тегін ұстауға рұқсат етілді»,-деген екен. Әрине, бұл жарлықтың ішінде қазақ халқы да бар еді.

Ақ патша империясы, қазақтың кең байтақ даласын өз қарамағына қарату мақсатында қаншама құйтырғы әрекеттерге барды. Қазақтарды туған жерінен тамыр үздіріп, жел айдаған қаңбақтай тұрақтатпай, қайда барса бытпылдық күй кештіру үшін мынадай тағылық, хайуандық та кең қолданылды: қазақ қыстауларын қирату, өртеу үшін ғана жылына 100 мың сом ақша бөлініп, ол «жоспар» үнемі асыра орындалып отырған.

Осындай озбырлыққа көнбеген Қасым хан оның ержүрек балалары Саржан мен Есенгелді қарсы шыққанмен мұздай қаруланған, зеңбірегі бар орыс патшалығының әскерлеріне төтеп бере алмады. Сондай-ақ Абылай дүниеден өткен соң, ел арасында ала ауыздық туындап, әрқайсысы жаға жыртысып, тартысып, бастары бірікпеді. Сан жағынан және қаруы да басым әскерге Қасым хан төтеп бере алмады. Амалдың жоғынан Қасым сұлтан өзінің қол астындағы қырық мың үйімен Қоқан хандығының езгісіндегі ұлы жүз жеріне ауды. Қасым сұлтанның мақсаты Қоқан ханы Мәделі, мен бірігіп Ресей патшалығына қарсы соғысу еді. Үміт ақталмады. Қоқан ханы Қасымға сенбеді. Себебі, қол астындағы қазақтарды азғырып, өзіме қарсы шығады деп қорықты. Ташкент бегі Бегдерге Саржан мен Есенгелдіні алдап шақырып, қастандық жасап өлтіртеді. Кейіннен Қасым сұлтанның өзіне де зұлымдық жасалады.

Патша билеушілері қазақтарды жан-жағынан қысып, құнарлы жер, шаруашылығына шұрайлы, мал шаруашылығына тиімді аймақтарға орыс-казак шаруаларын қоныстандыра бастады. Қарқаралы, Көкшетау, Баянауыл, Ақбұлақ, Құсмұрын, Ақмола, Аягөз, Көкпекті, Алатау және басқа аймақтар Қазақстанның ең суы мол, орманды, өзен-көлді, табиғаты да өмір сүруге қолайлы аудандарды қамтыды. Жаңа округтерді бір «Сібір қырғыздарының округіне» бағындырған патша өкіметі көшпенділер тарапынан қарсылықтың болатындығын айқын түсінді. Сондықтан бекіністер арқылы отарлау жоспарын, саналы түрде іске асырып отырды. Әсіресе, Ертіс пен Есіл өзендерінің бойына асығып-үсігіп орналаса бастаған казактар қарулы күшке арқа сүйеніп, жер шаруашылығына қолайлы аудандарды бірден иемденді»- деп, жазады зерттеуші ғалым Жанұзақ Қасымбаев «Көтерілістің көзден таса беттерінен»  (Хан Кен. Алматы 1993).

Патшалықтың отарлау саясатының шын мәні, қазақ жерін тартып алудағы көкейкесті мақсаты канцлер Нессельроденің І – Николайға жазған түсінік хатынан айқын көрінеді: «Үкіметтің линияларды жылжытқандағы мақсаты – осы әрекет егін салатын жерді еселеп қамтып қалу, бұл үшін зәру қажеттік бізден сол жерді сонда көшіп-қонып жүрген қырғыздардан тазартуды талап етеді»,-деп жазды.

«Жығылғанға-жұдырық» дегендей-ақ, мұның үстіне Жайық, Тобыл, Есіл, Ертіс бойларын қуалай он шақырымдық алқаптарға қазақтарды жолатпау, орман-тоғайлардан ағаш қырқуға, шөп шабуға, судан балық аулауға тыйым салу сияқты қатыгез шаралар іске қосылды. Қазақтар, тіпті өзеннің арғы бетіндегі жайылымға малын өткізу үшін орыс-казактарына ақша төлейтін болды. Осындай жағдайды көзімен көрген В.Костюрин деген кісі: «Казактармен іргелес қырғыздар тұрып жатыр. Ертістен он шақырым қашықтыққа дейінгі бүкіл жағалау казактарға берілген, одан әрі дала қойнына тереңдеп, қырғыздар иелігіндегі жер кетеді, қош, сонымен қырғыздар көбінесе Танталдың халін бастан кешіреді: суға жақын болса да, оны ішуге болмайды және одан балық аулауға тағы болмайды»,-деп жазды. (Әбілмәжін Жұмабаев. «Жол айрығында» Хан Кене. Алматы 1993).

Патшалықтың қазақ даласын отарлау саясатын жүргізгенде, тек қара күшін, үстемдікті ғана пайдаланбай, әккі амал-тәсілдерді де тиімді пайдаланды. Қазақ даласындағы төрелер мен сұлтан феодалдарға шен-шекпенмен қатар, құнарлы жерлер де берілді. Сондай-ақ, аға сұлтан, болыс, би деген атақтармен қатар алтын, күміс, шекпендер табыс етілді. Олар түрлі алым-салықтан босатылды. Сот, қазы міндеттері де қоса тапсырылды. Шен-шекпеннің барлығы да соларға табысталды.

Патшаның құзырына бас иген пенделер мен шен-шекпен алғандар өздерін жоғары ұстаса, оған қарсы шыққан қайсарлар, «қарақшы» атанып жазаға тартылды.

Жалпы алғанда, қазақ халқы өз жеріне, Отанына жер-суына өзі кіріптар болды.

Қазақтың абыз ақыны Бұқар жырау:

Кетейін десе, жері тар,

Кетпейін десе, алды-артын,

Қоршап алған кәпір бар.

Ұйыққан қойдай қамалып,

Бүйірден шаншу қадалып,

Сорлы қазақ қалды, ойла!-

деп, күйінішпен, қазақтың мүшкіл халін суреттеген.

Кенесары Қасымұлы көтеріліс туын өз қолына ұстағанымен, бірден Империяға қарсы күресті бастаған жоқ. Ол бұл мәселені бейбіт жолмен шешу мақсатында І-Николай патшаға өз атынан хат жазады. Зорлық-зомбылықты тоқтатуды сұрайды. Кенесары Батыс – Сібір генерал-губернаторы князь Горчаковқа жазған хатында: «Патша ағзамның заңы бойынша біздің адамдарымызды өлтіруге, тонауға және тұтқындап алуға тиым салынса  да, ол заң сақталынбайды»-деп, ренішін білдірген. Сондай-ақ, бір хатында: «Ата-бабамыз бізге мұра етіп қалдырған Есіл, Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Ұлытау, Оқият, Тоғызақ және Жайыққа дейінгі жерлер қазіргі патшаның тұсында бізден тартып алынып, оларға бекіністер салынды. Енді біздің жерімізді күн сайын басып алып, оған бекіністер салып жатыр. Сөйтіп, халықты барынша ашындырып отыр. Бұл біздің болашағымызға ғана емес, тіпті қазіргі тіршілігімізге де үлкен қауіп туғызып отыр»,- деп ашына жазады. Кенесары Қасымұлы Орынбор генерал-губернаторы Обручевқа жазған хатында: «Мен өзімнің қазақтарым егін егу, аң аулау және басқа бейбіт кәсіптермен шұғылданған кезде ғана тыныш өмір сүре аламын»,-десе тағы бір хатында: «Біз достық пен ынтымақта өмір сүрсек, қандай жақсы болар еді»- дейді. (Хан Кене: Алматы 1993).

Ақын Күдері қожа қазақтардың туған қоныстарынан айырылып, қоштасуын былай деп жырлайды:

Қарқаралы Қазылық,

Жатушы едің  жазылып.

Жазғытұрым болғанда…

Кетейін деп кетпедім,

Кәпірден болды жазығың!…

Қазақтар ата-қоныстарынан айырылып босып жатты. Ресей патшалығы өз білгендерін істеп,Кенесары Қасымұлы қаншама Ресей патшалығын бейбіт келісімге шақырғанмен келіспейді.

Патша өкіметі қайта, шапқыншылықты күшейткен үстіне күшейте түседі. Кенесары патшаға жазған соңғы хатында: «Біздің ауылымызды да он бес рет шауып өтті. Соның салдарынан біздер, қазақтар мұндай қысымға, талан-таражға және кісі өлтірушілікке шыдай алмай, лажсыздан басымыздың ауған жағына көшіп жүрдік. Бірақта олар сөйтсек те тыныштық бермеді. Сол себепті мен Кенесары Қасымұлы, қолға қару алып, ұлы күресті бастауға аттандым»,-дейді. Сонымен қатар: « Қазақ халқын орыстардың езгісінен азат етемін!»-деп, серт береді.

Кенесары Қасымұлы атасы Абылай ханның есімін қатты қастерлеп, пір тұтқан. Ол жас-тайынан атасының жолын қуып, оның ісін жалғастыра беретініне, Абылай ханның заңды мұрагері болатынына сенімді болған, өзін соған тәрбиелеген. Қазақ халқының тағдыр-таласына қатысты саяси мәселелермен айналысу мен әулетінің пешенесіне жазылған дәстүрлі парызы болатын. Сондықтан, Кенесарының бойына жастайынан-ақ ел басқаруға, билік айтуға қажеттің бәрі де ана сүтімен дарыған еді. Қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші Кенесары Абылай атасының саяси-идеялық көзқарасын дамытушы, жалғастырушы дәрежесіне дейін жетті. Кенесары халық арасында түрлі аңыз-жырларға арқау болған Абылай атасының есімін жоғары дәріптеген. Ол өзін атасының жолын жалғастыратын заңды мұрагер болып, Абылай хан тұсындағы «қой үстінде, бозторғай жұмыртқалаған заманды» орнатуды  армандаған еді.

Кенесары ханның сарбаздары жауына шапқанда «Абылайлап» ұрандайтын болған. Ақын Темірхан Медетбектің «Абылай хан» жырында:

Ұлы Абылай, хан ием!

Қорғаным ең бағым ең,

Қаптап келген жауларды,

Қалқан болып қағып ең,

Найзағай болып жарып ең,

Ұлы Абылай, хан ием!-дейді.

Кенесары да атасы Абылайды «Ұлы Абылай хан ием», «қорғаным ең, бағым ең!» деп дәріптеген, үлгі тұтқан.

Кенесары жас бала кезінен бастап-ақ барлық жауынгерлік өнерді садақ ату, ат құлағында ойнау, аң аулау, атысу, шабысу, т.б. дала сарбазына қатысты ерліктің небір айла-тәсілдерін жетік меңгереді. Көкшетау мен Бурабайдың әсем табиғаты мен тау-тасын, ой-шұңқырын, орманын-көлдерінде ит жүгіртіп, бүркіт құсын аңға салған, жастық шағындағы бақытты күндерін ұмытқан емес.

Кенесары жастайынан-ақ, Абылай әулиетінің басына түскен небір қиын-қыстау кезеңдерді қиямет-қияншылықты, қуғын-сүргінді, сатқындық пен тонау мен тоналу сияқты қиыншылықтың барлығын басынан өткерген болатын. Кенесары жауға шапқанда Қасым мен Саржанның қасына еріп, шауып жүргенмен, ол атойлап шаппауы, үлкеннің алдын орап кеспеуі болса керек.Бұл Кенесарының бойында атадан қалған ұлы қасиет еді.

Ермұхан Бекмаханов тарихи монография-сында: «…бала кезінен әкесі Қасымның патша өкіметіне қарсы күресінің куәгері ғана емес, Кенесары күреске қатысушы да болды.Өкімет орындарының отбасын қуғындауы Кенесарыға терең әсер қалдырды.

Кейіннен өзінің әкесі мен ағасының күресінің ауыр жылдары туралы ойлай отырып, Кенесары былай дейді: «Менің атам Абылай Сібірде дүниеге келіпті, ал Аягөз және Қарқаралы округінде көшіп-қонып жүргенде, ылғи Сібір отрядтарын қажытқан көрінеді. Сондықтан да өмірі тынымсыз болды. Өз әкем Қасым мен ағам Саржанды да Көкшетау округі мен Есіл өзенінің бойын қоныс етіп жүргенде Сібір отрядтары тоқтаусыз жүріп отырып еді».

Кенесарының саяси қалыптасуында, үлкен рөл атқарған оқиға – Кенесарының өзі және оның отбасының отарлық езгіні өз бастарынан кешіруі екендігі даусыз нәрсе.

Кенесарыға көп нәрсені бастан кешіруге тура келді. Өзінің Генске жазған бір хатында, Кенесары өзін сұлтан Жамантай Бөкейевтің айдап салуымен 1825, 1827, 1830, 1831, 1832, 1836 – жылдары, ал кейін 1837 – жыл 2 рет, 1838 – жылы 4 рет, 1840 – жылы 3 рет қырға жіберілген отрядтарды тонағанын жазады.

Міне, сондықтан Кенесары басқа біреуден емес, өз басы патша өкіметі мен Қоқан хандығының Қазақстанға басып кіруінің қайғы-қасіретін түсіне білді және бағалай алды.

Қарулы күреске Кенесары жас кезінен қатысты, ол әкесінің қол астында шайқасты, ал кейіннен ағасы Саржан бастаған көтеріліске белсене қатысты.

Алайда Саржан өліміне, яғни 1836 жылға дейін Кенесары өзін жалпыға танымал ержүрек батыр ретінде ғана көрсетті.

Кенесары көтерілісшілердің көсемі ретінде саяси аренаға өзінің әкесі мен ағасының өлімінен кейін ғана шықты.

1837 жылдың көктемінде Кенесары күллі туған-туысқандарымен, жақын серіктерімен бірге Ұлытау, Кішітау өңірі мен Жыланшық, Қайыңды өзендерінің алқабындағы ескі қоныстарына қайтып келеді.

Кенесарының туған өлкесіне қайтып оралуы «оқ дәрі толы қамбаға от тастағанмен бірдей болды» (Е.Бекмаханов).

Патша өкіметінің қысымына шыдамаған халық ағытылып Кенесары туының астына жинала бастады. 1837 жылдары Ақмола болыстары халқы және қалың қыпшақ пен керей тайпалары Кенесары қолына барып қосылды. Патша мен оның шенеуніктері қатты сасып, болашақ үлкен шайқастың белгісі екеніне ешбір шек келтірмеді.

1841 жылдың қыркүйек айында қазақ руларының өкілдері ата-баба саясатымен Кенесарыны ақ киізге көтеріп хан сайлады. Бұл кезеңде Кенесарының жұлдызы жоғарлай берді. Ақтау, Қарқаралы және Аманқарағай округінің екі мың қазағы Кенесарының жасақтарына келіп қосылды.

1837-1838 жылдары Кенесары Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы округтерінің ұлан-байтақ даласындағы әр жерден бұрқ-сарқ еткен көтерілісшілердің ереуілдерінің басын біріктіріп, бір арнаға тоғыстырып, тұтас халық қозғалысына айналдырды.

Бұл кез-Кенесарының қазақ даласында аруағы асып, абыройы тасып тұрған шағы. Кенесары Қоқан хандығынан ескі қарымтасын қайтармақ болып, Сыр бойындағы бекіністер – Жүлек, Жаңақорған, Тұрсынбайларды қиратып, Ақмешіт қаласын барып қоршаған жерден, оба ауруы шыққасын жеделдетіп Сарысу, Шу жағына аттанып кетеді.

Сөйтіп, 1846 жылы Ұлы жүздің жеріне келіп, Іленің құярлығындағы Камал деген аралға барып бекінеді. Осы жерде әлденіп, жасақтар жинап алмақшы болады. Бұл кезде Ұлы жүз қазақтары Патша қарауына бодан болып кіріп «Бүлікшіл сұлтан Кенесары Қасымовтың өзін де, оның жақтаушыларын да жау деп есептейміз» — деп, ант-су ішіп, уәде берген болатын. Бірақ халық Кенесары ханды қолдап, қолпаштап құрметтейді. Оның патшаға қарсы үндеуін қолдап, елдің Саурық, Сұраншы, Рүстем, Сыпатай, Бұғыбай, Байсейіт секілді билері мен батырлары қалың қолмен келіп Кене ханның жасағына қосылады (Ж.Қасымбаев. Көтерілістің көзден таса беттерінен).

Кенесары әскерінің ішінде қазақтың үш жүзінен аса беделді, аты жұртқа әйгілі батырлары болды. Шұбыртпалы руынан шыққан Ағыбай (Орта жүз – Қарқаралы), сүйіндік Жанайдар батыр (Орта жүз – Баянауыл), қыпшақ (Орта жүз-Торғай) Иман Дулатов (Амангелді батырдың атасы), табын Жоламан Тіленшиев (Кіші жүз — Сырдария), дулат (Ысты – Қ. М.) Бұғыбай (Ұлы жүз-Жетісу), атығай Аңғал батыр (Орта жүз-Көкшетау), қыпшақ Басығара батыр (Орта жүз — Ақмола), арғын Жеке батыр (Орта жүз), дулаттан шыққан Жәуке, Сұраншы, Бәйсейіт батырлар сияқты үзеңгілес жолдастары болды. (Е.Бекмаханов).

Кенесары әскерінің арасында қара халықтан шыққан батырлармен қатар, ақсүйектен шыққан батырлармен қатар би-шешендер де болған.

Бұл атанған батырлардың барлығы да Кенесары ханды көтерілістің аяғына дейін қолдады.

Бұлардың арасында Ыстыдан шыққан Бұғыбай батыр да бар еді. Кенесарының сенімді серігі болған Бұғыбай Мырзамұлыұлы жүздің Ысты тайпасынан шыққан батыр. Бұғыбай Кенесары Қасымов бастаған қазақ халқының азаттық жолында күрескен, Кенесарының бас батыры, көшбасшысы болған. Доскей Әлімбаевтың «Кенесары» поэмасында:

Қазақтың жиып батырын,

Басын қосып жияйын.

Қолды түзеп көк найза,

Желкесін жаудың қияйын.

Арғыннан шыққан Ағыбай,

Ысты Бұғыбай,

Толқынта найза сілтеген,-деп

ақын Бұғыбай батырдың ерлігін, батырлығын, қайсарлығын жырда басқа да батырлармен қатар  шебер асқақтата суреттеген. Сондай-ақ, Доскей ақын: Бұғыбай батырдың үзенгілес батыр достары: Шәкір, Жәуке, Толыбай, Наурызбай, Жанайдар, Танаш, Базар, Бөрші, Көбек, Бижан, Байқан т.б. батырлардың ерлігін:

Кенесары батырдың,

Жауға аттанар жолы еді.

Жиналған осы батырлар,

Сегіз жүздей қол еді,-деп Доскей ақын жырлаған.

Кенесары хан осы сегіз жүздей батырларымен сансыз қолдан озатын, Шомадан алған торыны мініп «тоғыз күндік Бетпақтың шөліне қарай жортыпты». Жолдан естіп батырлар Кенесарының қолына қосылады.

Қырғыз-қазақ баласы бұрыннан отырған тату, көрші ел еді. Салтанаты жарасқан, еркін өскен, бауырлас туыс ел болатын. Кенесары батырдың мақсаты осы бауырлас қазақ-қырғыздың басын қосып, ел қылмақшы болады. Кенесары батыр:

Арқаның күйін келтіріп,

Гүл жайнатып қонысын.

Ел қылайын деп едім,

Терезесін патшамен,

Тең қылайын деп едім,-дейді.

Бауырлас екі елдің халқының басын қосып, патшаға қарсы Кенесары хан соғыспақшы болады. Сөйтіп, қырғыз еліне елшілерін жібереді. Бірақ қырғыздардың би манаптары Кенесары ханның сөзіне сенбейді.

Манаптары қырғыздың ханының айтқанына көнбей, батырға тізгін бермей, патшадан пара алған қырғыздың манаптары Жанқараш пен Жантай, Кенесарыны жақсы көрмей, қазақ-қырғыз арасындағы бауырластыққа от жағып, қырғыздарды Кене ханға қарсы қояды. Қырғыз манаптары Кенесарының айтқанына көнбеген соң, Жетісу бойындағы Үйсінді өзіне қаратып алады.

Үйсін, дулат – екі ру,

Кенедей тапты ағасын.

Кенесары қырғыз манаптарын тауға тығылған жерлерінен айдап шығады. Сондада болса, манаптар қаша жүріп соғысып, қарсылық қылады. Сонда Кенесарының батыр інісі Наурызбай, Бұғыбай батырды шақырып, Алатаудан аса алмай, манаптар қолын баса алмай, қорлық болды бұл қалай,- дейді. Сонда жол тапқыш, қолбасшы батыр Бұғыбай жол тауып:

Кенекең ойда жатқанда,

Бұғыбай басшы алдында.

Бір асудан қолменен,

Наурызбай жауға тиеді.

Бұғыбай батыр бастаған қол қырғыз манаптарының жатқан жерлерін жаулап алады. Кенесары батыр көнбеген қырғыз манаптарын Меркеден асырып, асуды алып, Алатаудан асырады. Кенесары манаптардың айтқанына көнбей, бірікпегеніне және орыс патшасына сеніп ердің деп, манаптарға мейірімділік көрсетпей, өрлей берген Кенекең Бішкек пенен Арасанды басып алады. Осы кезде қырғыздың манап Орманы патшаға сатылып, бірігіп Кенесары ханның әскеріне қарсы шығып, Кенесарының әскерінің ішіне жансыздар жіберіп, іріткі салады. Кенесары ханның әлсіз жерін білген соң, манаптар келіп басады. Қапыда қалған Кене хан тау ішінде сасады:

Сонда да қайтпай, жауымен,

Қан майданды жасады.

Тоғыз айлық соғыстан,

Шаршап әбден қажыған.

Батырлардың қайраты,

Қайта туып, тасыды.

Қырғын соғыста Бұғыбай бастаған батырлар ерлікпен шайқасады. Нысанбай жырау «Кенесары-Наурызбай»  дастанында Кенесарының жаужүрек батырларының бірі болған Бұғыбай батырдың ерлігін жырда:

Салатұғын алдыма,

Бұғыбай басшы ер еді,-дейді.

Бұғыбай  батырдың ерлігі «Кенесары-Нау-рызбай» жырында сомдалып, бейнеленеді.

(Жалғасы бар)

Құдайберген Мәмбетов,

филология ғылымдарының кандидаты

Leave A Reply

Your email address will not be published.