ҚОС СУРЕТ ҚҰПИЯСЫ НЕМЕСЕ ТӨЛЕНДІ БАЙМҰРАТОВ ДЕГЕН КІМ?

0

Алғы сөз

Аудан ардагері- Егізбек Сәтұлы соңғы кездері ауданымыздан шыққан мемлекет қайраткері Төленді Баймұратов туралы тың деректер жинақтай бастады. Солардың бірін газет бетіне жариялап отырмыз.

Редакциядан

Төленді Баймұратов 1908 жылы бұрынғы Сарысу (қазіргі Жаңаарқа) ауданы, ата қонысы Ақтаудың бөктерінде дүниеге келеді.

1929-1931 жылы Төленді ағайы-мыз өзінен үлкен ағаларымен Верный қаласына (қазіргі Алматы) келіп, Баймұрын деген фамилиясын кедей шаруадан туған Баймұрат деп өзгертіп, Түрксиб темір жолына жұмысшы (балташы) болып орналасады.

1932 жылы коммунистік партияның, мүшелігіне өтеді.

1934 жылы Қарағандыға келіп, облыстық МТС мекемесі төрағасының орынбасары болып, қызмет істеп жүргенде облыстық партия комитеті «Коммунистік Журналистер институтына» оқуға жіберіледі. Ол осы институттың қабырғасында шығатын «Журналист» газетінің жауапты редакторы және кәсіподақ ұйымының төрағасы болып, ішкі және сыртқы саяси қоғамдық жұмыстарға белсене араласады.

Сол кезде осы институтта дәріс беріп, қызмет істеген қазақтың біртуар зиялы азаматтары мен тұңғыш профессорлары, доценттері:

1.Санжар Аспандияров

2.Құдайберген Жұбанов

3.Сәкен Сейфуллин

4.А.Хафизов

5.Мәулен Балақаев

6.Бексамат Жөргекбаев

7.«Ғылым және білім » проректоры Балқашев У.М.екен.

Осы кісілердің алдынан дәріс алып, 1937 жылы «КИЖ-ді» бітіріп шығады.

1937 жылы ҚК (б) П Орталық комитетінің бюросы отырысында хатшысы Л.Мирзоянның қолы қойылған шешімінде «КИЖ- ді» жаңа ғана бітірген Төленді Баймұратов ағайымызды Шығыс Қазақстан Риддеріндегі «Жұмысшы» атты газетінде редактор етіп жібереді. (Қ п.м.Қ – 708, тіз.- 1, іс – 33, п- 37)

1937 жылы көздері ашық қазақтың озық ойлы зиялы азаматтарын «халық жауы» деген айдармен жаппай қуғын-сүргінге ұшыратып, жер аударған зұлмат жылдарды барша халық жақсы біледі. Сондықтан «Жұмысшы» атты газетінің алғашқы редакторы М.Тайшыбаев «халық жауы» деген тізімге ілігіп, Төленді Баймұратовқа дейін тұтқындалып кеткен екен. Сонымен Төленді Баймұратов «Жұмысшы» газетінің екінші редакторы болып келеді.

Бұл қуғын-сүргіндер басталған кезде Төленді ағамыздың ұстаздарын антисоветтік ұйым мүшелері, жапон шпиондары деген айдармен С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтер тұтқындалады.

Саясаттың мұндай ушығып тұрған кезінде ақпарат көздерінде қызмет істеп тұру Төленді ағамызға да қиынға түседі.

Қате жіберді ме? Әлде жібермеді ме? Оны жаратушы бір күш өзі біледі, әйтеуір газетте жіберген. «Саяси қателері үшін» деген желеумен ізіне түсіп, бірнеше рет сөгістер жарияланады.

Риддер қалалық партия комитетінде бұл қазақ тіліндегі жалғыз басылымның тағдыры да екіталай болып, газетті жабу туралы мәселе де қойылып жатады.

Төленді ағай «Жұмысшы» газетінің жағдайын көтеруге пәрменді түрде басшылық жүргізудің нәтижесінде 1939 жылы Шығыс Қазақстан Семейден бөлініп, газет Өскеменге көшіріледі. Сол кезде газет «Социалистік Алтай» болып өзгеріп, жаңа редактор тағайындалады. Төкең насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі һәм аудандық партия комитетінің қатысуымен және «Социалистік Қазақстан» газетінің жергілікті жердегі тілшісі қызметін де қоса атқарады. Төкеңнің саяси ой өрісі әбден қалыптасқан, көріпкел, жан-жақты тума талантты кісі еді. Өтпелі кезеңнің тынысымен үндесуге мәжбүр болып, украиналық орыс қызына үйленеді. Одан Нағима атты қыз туылды.

1942 жылы майданға аттанады. Ұрысқа Батыс майданының 141 – атқыштар дивизиясының құрамындағы 696- атқыштар полкында, автоматшылар ротасы командирінің орынбасары болады.

1943 жылы офицерлер дайындығын бітіріп, Беларусь майданында, 3-Прибалтика майданындағы I екпінді армия құрамында рота командирі, аға лейтенант болып соғысады. Майдан даласында екі мәрте жарақат алады. Төленді Баймұратовтың ұрыс даласында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және көптеген медальдармен марапатталады. 1945-1946 жылдары жеңіспен оралған Төкеңді Алматы облысы Кеген ауданына партиялық қызметке жібереді. Сол жылдары жол апатынан әйелі мен қызы қаза табады. 1947 жылы Жамбыл облысы, Сарысу аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып ауысып, оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Одан кейін Байқадам елді мекенінде директор болып қызмет істейді, кейін Байқадам атындағы 10 жылдық орыс тіліндегі орта мектептің директоры болады. 1961-1964 жылдары аудан ірілегенде «Талас» аудандық газетіне тілші және радиокамитетінде журналистік қызмет атқарады. Төкеңнің екінші әйелі Манаттан үш ұл, бір қызы бар. Ұлдары- Әнуар, Асқар, Ораз. Бұлардың бәрі үйлі – баранды.  Тараз, Алматы, Астана қалаларында тұрады.

Бұл оқырманға түсінікті болу үшін Баймұрын деген аттың Баймұрат болып өзгерген себептеріне тоқтала кетуді де жөн көрдік.

Төлендінің атасы — Маралбай батырбасы Тама Сеңгірбай-бек батырдың төртінші баласы. Қазіргі Жаңаарқа ауданы,  Қаражал қаласына жақын жерде Ақтаудың қатарында жалғасып, қатар тұрған кішірек тауды «Маралбай тауы» деп атайды. Ақтау- Маралбайдың қонысы, әскер алаңы. Сеңгірбай- бек батырдың бес баласы – Итемген би бастаған Арғымбай, Аралбай, Маралбай, Бөрі және Бөрінің баласы Ханкелді (батыр да, би де, болыс та болады), Танаш батыр, Табын Бұқарбай батыр және т.б. көзсіз ерлер Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт – азаттық сипаттағы халық көтерілісіне қатысып, Ақтау бекінісін өртеп жібереді. Ақтау бекінісінен кейін Кенесары Қасымұлы қырғыз ағайындардан көмек сұрауға аттанады. Сол кездерде тамаларды билеп тұрған болыс- Нұрша Қылышұлының хатшысы (яғни, письмоводителі Телғозының Шоңы). Бұл кез 1863 жылға дөп келеді. Енді архив деректерін сөйлетіп көрейік.

Тама болысының Ақмола аймақтық приказына, Кенесары Қасымов және оның ағайын – туыстарын қырғыздардың тұтқынға алғандығы туралы 1847 жылдың 13 сәуіріндегі № 187 МӘЛІМДЕМЕ:

«Бүгінгі күні аймақтық приказдан арнайы Қоңырат руына жіберілген Алакөз Тойғанбаев және інісі Байдәулет оралды. Олардың хабарлауы бойынша приказдың шақыруымен 300 отбасы Тәшкен аумағынан Ергенекті-Пыстан жеріне қоныс аударады. Орыстың заңын білмегендіктен, бұл жердегі қырғыздардан қысым көремін деп ойлап, бұл араға келуге жасқанады. Сондықтан мен сол сәтте Ханкелді би Бөринді, өзінің хатшысы- писмоводитель – Шоң Телғозинды, бірнеше старшынды және ел ішінде сыйлы билерді жіберіп, Тәшкен жақта қалған олардың ағайындары болса, қоныс аудара берсін деген ниет білдіріп, өкім еттім. Менің жұмсаған адамдарымның айтуынша қырғыздар Кенесарыны ақпан айының аралығында 20000 адамнан құрылған әскери жасақтарымен, ағайын- туыстарымен қапылыста тұтқынға алған. Қазіргі кезде олар Шу өзені бойында, Сары- тораңғы жерінде тұтқында ұстауда отыр. Осы жөнінде аймақтық приказға мәлімдеп отырмын»,- деп жазады.

Екінші рет-осы айтылған мәлімдемені өкім етіп тұрған, Таманың Нұрша болысы Қылышұлы екенін желдей жүйрік Таманың ақиық ақыны Балабек толғауында, Нұрша болысы Қылышұлы ақиық ақыны Балабек толғауында, Нұрша болыс – 17 жыл болыс болды деп толғайды. Енді, осы 17 жылды мәлімдеме көрсетілген 13 сәуір 1847 жылға қоссаңыз архивтегі көрсетілген Тама Нұрша болыс Қылышұлының билік құрған 1863- 1864 жылдары тура келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін тірі архив- Төлендінің туған інісі Оңғар ағайдың әңгімесіне құлақ түрейік:

Маралбайдың екінші әйелінен- Алшағыр, Арап туады. Ал, үлкен ұлы Алшағырдан – Баймұрын, Балапан туады. Баймұрын Алшағырұлынан- Кемел (балалары Жамалай, Рамазан), Серік (балалары Талғар, Шалқар), Нұркелді, Жәкен, Қазкелді, Төленді ағай болып тарайды.

Төлендіден-Әнуар. Ол кісі қазір «Айдос» балықшы шаруа қожалығын басқарады. Таразда тұрады. Нұркелдіден- Аңғар, одан Кәукен. Екеуі де Мәскеудің энергетика институтын бітірген. Оңғар ағамыз Жамбыл облысының ауылшаруашылық энергетика басқармасының орынбасары болып қызмет атқарады. Қазір құрметті зейнеткер. Кәукен Астанада жауапты қызметте істейді. Қазкелкіден- Ермек, бірақ, атасының інісі Балапанның атына түсіп, Ермек Балапанов деп аталады. (Қ.Сәтбаев атындағы институттың проректоры, техника ғылымының докторы). Бұл кісілер-Төленді ағайдың туған ағаларының баласы.

Төленді ағай «КИЖ-ді» бітірген кезде Л.Мирзоян жолдас бір топ журналистермен кездесу өткізеді. Сонда түсірілген суретті де осы ма-териалмен қоса беріп отырмыз.

Енді мына екінші сурет: «КИЖ-ді бітірген кездері. Ұстаздары–14, шәкірттері-18, барлығы–32 адам тұр.

Кезінде осы суреттерді – осылардың бәрі де алды. Сонымен осы суреттің ішінде бұрын оқу министрі болған, қазақ мектептеріне «Хрестоматиялық оқулық-тар» жазған Мәулен Балақаев бар екен.

С.Сейфуллин туралы қаншама адамдар зерттеу жүргізіп, ғылыми еңбектер жазылды, қорғалды, сөз жоқ-қуанышты. Сәкеннің 60 жылдығынан бастап әрбір 10 жылдығы тойланып, ғылыми конференциялар өткізілді. Баспадан жаңа басылым кітаптары шығарылды, бірақ сол кітаптардың ішінде Сәкеннің ұрпақтары деген Жаңаарқаның 4-5 шалдарының суреттері жүреді. Олар Сәкенді көрді ме, көрмеді ме? Кейінгі кездерде «көріпті-мыс» деген тенденция пайда бола бастады ғой.

1934 жылы «Коммунистік журналистер институтында» дәріс берген еліміздің озық ойлы тұңғыш профессорлары: Аспандияров Санжар, Жұбанов Құдайберген, Сейфуллин Сәкен, Левин М.Б., Синюкова С., Хафизов А., Жөргекбаев Бексамат, ректор Русев Н.И., проректор Балқашев У.М., тағы да басқа ұстаздарды фотосуреттен көрдік. Төленді ағай, Сәкеннің саяси идеясын мүдірмей жалғастырған, мүдделес шәкірті һәм жерлесі. Мына 4 шежіре суретті сары алтындай сақтап, аузын арандай ашқан саясаттың құрығынан аман алып өтеді, бірақ, басына талай бұлттар үйірілген кездері де           болады. 1964 жылы дүниеден өтерінде, осы бір 4 суретті баласы Әнуарға аманат етеді. Төленді әрқашанда халық үшін жан аямай күресе білген еліміздің біртуар перзенті, тек өкініштісі осындай Сәкенмен бірге жүрген Төкеңдер сияқты қайраткер азаматтар Сәкен Сейфуллин туралы жазылған кітаптардың ішінде кездеспейді. Сәкен Сейфуллин және Міржақып Дулатов сияқты дауылпаз ақындар біздің батыр аталарымыздың ұрпақтарымен өте жақын араласады. Себебі тамалардың ортасынан небір әнші, күйші, қобызшы, сырнайшылар шыққан. Желдей жүйрік Балабек, Балбике сияқты айтыскер ақындар, Ықылас, Сүгір, Дайрабай сияқты күйшілер шыққан. Батыр аталарымыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп мешіт салып, арабша-қазақша бала оқытқан сауатты және сауықшыл ел болады. Сәкеннің Төкеңмен және Мүсәйіп Байтілеуовпен мүдделес болуының дәстүрлі жалғастығы осылай еді. Мүсәйіпті менің әкем көрген екен, себебі Мүсәйіптің жақын қарындасы Топаш менің әкем Исатайдың бірінші әйелі. ( Топаш таманың ішінде қырық бойдақ Алдаштың Шорасының немересі. Шеше жағынан әкемнің туған бөлесі).

Мүсәйіп ақынжанды, жасынан өлең шығарып, домбырамен ән салған, сегіз қырлы, бір сырлы адам болады. Түгіскен ауылында тұңғыш мектеп-интернат ашып, 160 жетім баланы арабша- қазақша оқытады, кейін 1937 жылы тұтқындап жер аударады.

Сәкен Сейфуллиннің 1934 жылдардан бастап профессор атағы бар екен. Сол сурет Төленді Баймұратов ағайдың үйінен табылды. Осы суретте Төкең ең төменгі қатарда бірінші тұр («КИЖ»- ді бітіргені туралы монтаж). Осындай Сәкен туралы құнды дерек фото шежіре суретті жарыққа шығарған Төленді ағамызға, інісі Оңғар ағайға, яғни тамаларға Сәкеннің елі мен туыстары қарыздар шығар деп ойлаймын…

Ендігі айтайын дегенім, «Қылыш әулие» қорымындағы күмбездердің бірі-Маралбайдікі. Ол-Төленді, Нұркелді, Қазкелді ағайлардың үлкен атасы (бабасы) болады. Тараздан фотосуреттерді жеткізген Оңғар ағай мен баласы Кәукен.

Рымкүл Бимендина, ҚР- ның еңбек сіңірген қайраткері, музыкант, өнертанушы

Leave A Reply

Your email address will not be published.