Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз

0

Ауылға деген бетбұрыс жасалып, ауылдың кескін-келбеті сәндене, тұрмыс-тіршілігі әлдене бастағаны бәрімізге мәлім.

Тәуелсіз еліміз жыл санап алға басуда. Мемлекеттің негізгі тірегі ауыл екені айдан анық.

Өйткені, ел байлығы алтын астықты өндіретін ауыл диқандары, мал  өсіріп, сүт-ет дайындайтын ауыл адамдары, елдің  болашағы – жастардың дені ауылда  дүниеге келеді. Түптеп келгенде, ауыл өскелең де өрнекті өміріміздің айнасы іспеттес. Ауыл мен адам да, ауыл мен қоғам да бір-бірінен алшақ кете алмайды.

Ауылдардың гүлдену жолында  ауданымызда ауқымды шаралар атқарылуда. Ауыл ішіндегі жолдар жөнделіп, ауыз су тартылып, медпункттер салынып, көгілдір газ бірнеше ауылға кірді. Сол елді мекендер мен қаланың тазалығы  тұрып жатқан тұрғындардың  басты назарында болуы керек. Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Байқадам ауылдық округінде былтырғы жылы қолға алынған пилоттық жоба бойынша оң қадамдар жасалып, тұрғындар жоба маңыздылығын түсінуде. Бүгінгі күні жобаға қатысқан ауыл тұрғындарының қоралары малға толып, басқа да мақұлданған жобалар төңірегінде жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жұмысты одан әрі жандандыру үшін, бар мүмкіндіктер жасалуда.

Аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің тікелей ұйытқы болуымен жасақталған еріктілер тобы  өткен аптаның сенбісі күні қарқынды жұмыс бастады. Ересектерден құрылған бұл топ бірінші кезекте елді мекендердің тазалығы мен көгалдандыру жұмыстарына мән беруде.

Барлық арық-атыздарды қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартып, мектептер мен балабақшаларда, мешіттерде, көше бойларында көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Ауыл тұрғыны, ерікті  Ысқақ Билеев былай деді.

-Бірінші кезекте бізге керегі тазалық. Тазалық болған жерде денсаулық та, жұмыс та, өсім де болады.

Біз бүгінде тазалық пен көгал-дандыру жұмыстарын қолға алып отырмыз. Өйткені, ұрпағымыздың таза көшемен жүріп, көк майсада демалғанын қалаймыз,-деді.

Екі жарым шақырым қашықтықты құрайтын Күлтөбе каналына тазалық жұмыстары жүргізілді.

Мұндағы мақсат пилоттық жоба аясында атқарылатын, бау-бақша,егістік, мал шаруашылығын өркендету бойынша ауылға су кіргізу.

Айта кететін жайт 250 еріктілер мен 6 техника 1 шақырым арық бойын тазалады.

Сондай-ақ, арық бойынан 500 куб топырақ, 700 кубтан аса қоқыс сыртқа шығарылды.

Округ әкімі А.Назарбеков өз сөзінде былай деді:

-Пилоттық жобаның пайдасы көп. Тек тиімді пайдалана біліп, сауатты жоспар жасай білу қажет. Ауыл ішіне 600 метрдің латогы ауыстырылады. 800 метр арық жөнделеді. 5700 түп тал егіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде шырша, терек, үйеңкі, жеміс ағаштары отырғызылады.  Тұрғындар  тұрып жатқан үйлерінің айналасын күл-қоқыстардан тазартып, ретке келтіруге міндетті,-деді.

Ауыл гүлденсе, еліміз, барша халқымыз ырысқа кенеледі. Өйткені, ауыл – мемлекетіміздің тынысы, болашағы, мақсат-мұратын іске асыратын қозғаушы күші екеніне дау жоқ.   

Сәулет Есқараев, «Сарысу» 

Leave A Reply

Your email address will not be published.