ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

0

Үстіміздегі жылдың 21-25 қаңтар күндері Талдықорған қаласында дзю-до күресінен кіші жасөспірімдердің қатысуымен  ұлдар мен қыздар арасында қысқы демалыс дәстүрлі республикалық турнирі өтті.

Турнирге көршілес Өзбекстан, Қырғызстан Республикаларынан және елімізден 16 команда қатысып, жалпы 800-ден аса балуандар бақ сынасты. Дүбірлі додада Жаңатас БЖСМ-нен аға жаттықтырушы Ержан Тюлепбергенов пен жеке жаттықтырушы Айбол Айдарбековтің шәкірті 36 келі салмақта Нұрай Мейрамбек бірінші орынды жеңіп алды.

Іріктеуден жоғары дәрежеде өтті

17-19 қаңтар күндері Тараз қаласында Самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатына Жамбыл облысының іріктеуі болып өтті. Іріктеуге Сарысу ауданының құрамасы-6 ұл, 7 қыз қатысты. Барған 13 баланың арасынан 8 балуан жеңімпаз атанып, жүлдемен оралды. Атап айтар болсақ, қарсыластарына есесін жібермеген Ырысты Абсаттар 38 келі салмақта бірінші орынды жеңіп алды. Ал, 42 келі салмақта бақтарын сынаған Арайлым Боранбаева мен Адиша Мухатайқызы жауырындары жерге тимей қарсыластарын жеңіп, финалда екеуі бір-бірімен күресіп, Арайлым Боранбаева бірінші, Адиша Мухатайқызы екінші орынды иеленді. Осы салмақта Қарақат Ермекбай үшінші орынды місе тұтты.

Жарыста 60 келі салмақта өз өнерлерін көрсеткен Асылзат Ерегулова бірінші, Ұлзада Байшораева екінші орын тұғырынан көрінсе, 70 келі салмақ дәрежесінде Мөлдір Жаңабайқызы 3 орынды иеленді.Ал, ұлдар сайысында 60 келі салмақта Нұржігіт Бердібеков үшінші орынды алды.

Айта кететін жайт Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында Жамбыл облыстық құрамасы дайындық жаттығуларын жүргізуде. Олардың ішінде Сара Шугаева және Фариза Нұрсейтова бар. Осы жарыстарда 1,2 орындарды алған балуандар 26-29 наурызда Орал қаласында өтетін ҚР чемпионатына қатысатын болады. Орал қаласында өткен ҚР чемпионатында жеңіске жеткен балуандар төрт жылда бір рет өтетін Монғолияның астанасы Улан-Баторда өтетін «Дети Азий» чемпионатына жолдама алады.

2004-2006 жылдары туылған жасөспірімдер арасында Орал қаласында өтетін сайысқа жеті қыз қатысатын болды. Бұл жетістіктердің барлығы аудан бойынша жастарды дзю-до және самбо күрестерінен талмай, шаршамай еңбектеніп, жаттықтырып жүрген бапкерлердің еңбектері екендігі айдан анық.

Аға жаттықтырушы Бақыт Батырұлының шәкірттері 2000-2002, 2002-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында самбо күресінен өткізілген іріктеуде Аяулым Қуанышова, Асыл Орынбасарова ҚР чемпионатына жолдама алып, дайындық үстінде.

Камели Сүлейменова,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.