САҢҚЫЛДАП САРАЙЫНАН өлең шықса, ИМЕНІП ӨЗГЕ АҚЫНДАР БӘЙПЕКТЕГЕН…

0

Қазақтың аса ірі дастаншысы, өте шебер төкпе ақын-жырауы Майкөт Сандыбайұлы 1837 жылы қазіргі Сарысу ауданының аймағындағы Қаратаудың бөктеріндегі Шабақты өзенінің жағасындағы Бестоғай алқабында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Ұлы жүздің Дулатынан тараған Ысты, оның ішінде Тілік атты атадан өсіп-өнген ұрпақ. Ұлтымыздың ауыз әдебиетінің көрнекті тұлғалары Түбек, Құлыншақ, Бақтыбай, Майлықожамен қатар аталатын Майкөт Сандыбайұлының есімі көпшілікке жеткен. Қашаннан-ақ өркениеттің алтын бесігі болған, неше бір бұлбұлдар мен дүлдүлдер еркін қанат қаққан қасиетті Қаратау топырағында өсіп, халық арасында жиі айтылатын ауызекі жырларды, қисса-эпостарды, аңыз-әндерді жаттап өскен Майкөт елге ерте таныла бастайды. Сөз мәйегіне уызынан жарыған бала шәкірт ауыл молдасының оқуын місе тұтпайды. Жасөспірім шағында Қаратаудың күнгейіндегі Шаянға барып, Әппақ Ишан медресесінде сауатын ашады. Кейін оны Шоқай датқа өз қамқорлығына алып, болашағы зор жас ақынға мүмкіншіліктер жасайды. Оның тырнақалды туындысы бір тойда кездескен құдашаларға арналыпты.
Майкөт жігіт шағында Қаратау өңіріне аты шыққан ағайыны Шоқай датқаның арқасында жақсы ат мініп, жақсы киім киіп, әлденеше нөкер ертіп, салтанатпен ел аралап, сал-серілік құрған. Жасынан-ақ бүкіл Қаратау, Сарыарқа өңіріне, Сыр бойына аты мәшһүр ақын және жырау ретінде танылған екен.
Майкөт Сандыбайұлы Сыпыра жырау, Асан қайғы мен Бұқар жырау дәстүрінің жаңашылдығын жандантып, бұйығылана бастаған рауан рухты қайта оятып, поэзияның ыстық демінің көкіректегі қоламта шоғын үрледі. Майкөт Майлықожа, Құлыншақ, Түбек, Мәделіқожа, Бұдабай, Бақтыбай және басқа жыр тарландарымен айтысып, ақындық биігін шыңдады. Оның Бөлтірікпен сөз қағысуында «Сен түгіл Сүйінбай мен Бақтыбайдың бәпігін Майкөт ағаң басқан, бала» деуіне қарағанда, жасы екі мүшелдей үлкен Сүйінбай Аронұлымен айтысқандағы жыр шоқпарын сүйсінбей оқу мүмкін емес.

Қазақ халқының ерте дәуірден атадан-балаға мұра болып келе жатқан рухани  байлығы-өлең мен жыры, ән мен күйі бар. Оның астарында әр заманның бет-бейнесі, бедері, үні, сыры мен келбеті жататыны баршамызға мәлім. Сондықтан болар, халқымыз әр дәуірден тарлан ақындарының, дәулескер күйшілерінің, жырау-жыршылардың, суы-рып салма ақындарының шығармаларын жадынан шығармай, сақтап, ұрпақтан –ұрпаққа жеткізіп келеді.

Соның бірі, ХІХ-ХХ ғасырдың әдебиетіндегі ең көрнекті тұлға, Сарысу өңірінен шыққан Майкөт Сандыбайұлына биыл 195 жыл толуда.

Майкөттің есімі тек айтыс өнерінде ғана аталмайды, ол ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді есте сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші жыршы ретінде танылды. Ақиық ақынымыз ел жадында өзінің еңбекқорлығымен, ізденгіштігімен, келер ұрпақ алдындағы азаматтық жауапкершілікке деген сезімімен есте қалды. Халық ақындарының шығармаларының жиналуы, зерттелуі, насихатталуы аса маңызды.

Сол себепті де, ақынымыздың еңбектерін жинақтап, қайта жаңғырту, оны өскелең ұрпақтың жадында қалдыру мақсатында өткен аптада аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Коворкинг» орталығында Қазақтың аса ірі дастаншысы, өте шебер төкпе ақын-жырауы, ғұмырында шашасына шаң жұқтырмаған айтыскер, жырау әрі терең білімді, дастаншыл ақын Майкөт Сандыбайұлының шығармашылығына арналған Саудакент ауылының тұрғыны, еңбек ардагері, Майкөт ақынның ұрпағы Егізбек Сәтұлының баспадан жарық көрген «Ұлы даланың Гомері» атты кітаптың тұсаукесері болып өтті.

Іс-шараға аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, Тараз Мемлекеттік университеті жанындағы «Дулати» институтының директоры, ғалым Сәмен Құлбарақ, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, «Дарабоз» сыйлығының лауреаты, жазушы Пернебай Дүйсенбин, Тараз Мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева және аудан әкімінің орынбасарлары, еңбек ардагерлері, мекеме-кәсіпорын басшылары, кітапхана оқырмандары қатысты.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімі Қанатбек Мәдібек:

-Құрметті жиналған қауым! Қадірменді кеш қонақтары!

Ұлы бабаларымыз елі мен жері үшін қанша жан берісіп, жан алысса да, ұлттық өркениетін, мәдениетін, әдебиеті мен салт-дәстүрін жоғалтқан жоқ. 

Ақиық ақын Жұбан Молдағалиевше айтсақ: «Мың өліп, мың тірілді».

Сонда да, дүниенің темірқазығы іспеттес руханиятының сәулесін сөндірген емес, қайта түлетті, жетілдірді. Сонымен қоса, осынау туған өлкеміздің өрісін кеңейте түсті.

Тәуелсіздігіміздің «ақ таңы» атқан күннен бастап-ақ өткеніміз бен қауышып, өшкенімізді қайта жақтық. Сол уақыттан Ұлт рухания-ты түгенделуде. Мағжан, Шәкәрім, Міржақып есімдері тіріліп, олардың еңбектері оқулықтарға енуде. Бұл – егемендіктің айқын нышаны.

Осындай кезеңде, Шабақты өзені бойындағы Бестоғай алқабында дүниеге келген, атақ-даңқы дүйім қазаққа жыраулығымен танылған — Майкөт Сандыбайұлы бабамыз туралы айтпау мүмкін емес.

Ең өкініштісі сол, заманында өңірдің халқына қалтқысыз қызмет еткен азулы ақынның шығармашылығы әлі күнге дейін өзінің лайықты бағасын ала алмай келеді. Туған жерінің табиғатын, салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін жырына арқау еткен абыз-ақынымызды елемей, ескермей келеміз.

Кезінде, Мұхтар Әуезовтің өзі жерлесіміз — Майкөт Сандыбайұлын 20-шы ғасырдың шоқ жұлдыздарының санатына қойып, жыр алыбы — Жамбыл Жабаевтың өзі ұстаз көргенін мәлімдеген.

Бүгін міне, есімін жас ұрпақ жадында сақтау мақсатында жарыққа шығып отырған Майкөт Сандыбайұлының шығармашылығы туралы кітап дер кезінде қолға алынған игі іс деп білемін. Оның үстіне, биыл — абыз ақынның 195 жылдық мерейтойы. «Кітап — білім бұлағы» демекші, кітаптан рухани азық алып, ақын шығармаларымен сусындайды деген ойдамын,-деді.

Мұнан соң кешке қатысып отырған қонақтар мен оқырмандарға ерекше көңіл күй сыйлаған аудандық мәдениет үйінің әншісі Жанарбек Әбдірахмановтың орындауындағы ақынның сөзіне жазылған «Жыр толғау» әні болды.

Сонымен қатар, өз заманының дүлдүлі, дала Гомері атанған Майкөт жыраудың шығармашылығына, айтыс-та сөз тапқырлығына Тараз Мемлекеттік университеті жанындағы «Дулати» институтының директоры, ғалым Сәмен Құлбарақ тоқталып өтті.

— Майкөт – ірі айтыс ақыны. Сол кезеңде құлашын кеңге салатын айтыс ақындары өз ортасында жоғары бағаланған. Ірі айтыс өнері қатарынан саналатын Майкөт ақын мен Құлмамбеттің сөз сайысынан осындай дәстүрлі сипаттар көрініс береді,-дей келе аламан айтыс қырғыз манабы Бәйтік Қанаевтың үйінде өтіп, Ақбас Алатаудың күнгейі мен теріскейін жайлаған екі елдің жайсаңдары мен жақсылары ақындардың өнерін тамашалағандығын, оның кейбір бөліктері 1931 жылы Сәкен Сейфуллин құрастырған «Қазақ ескі әдебиетінің нұсқалары» атты жинаққа енгендігін айтып өтті. Сондай-ақ, олардың ірі айтыс ақыны екендігі сөздерінің салмақты да  өткір, сөздердің ырғағы мен ішкі үйлесімі мығымдығынан байқалғандығын, бірінің сөзін бірі іліп алып жалғастырып айтыстың өткір тұстарын көрсетіп, айтыстың қалыптасқан өзіндік дәстүрі екендігін және елдің бай-бағланынын, олардың дәулетін айту, байлықты жарыстыру – сол уақыттың шындығы екендігін жеткізді.

Ал, сөз кезегін алған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы, «Дарабоз» сыйлығының лауреаты, жазушы Пернебай Дүйсенбин Бала кезімізде Жамбыл Жабаев, Майкөт Сандыбайұлы сынды ақындардың өлеңдерін оқып, жаттап өстік. Бертін келе Майкөт өлеңдері көмескіленіп, кейіннен айтылмай, қолданыстан қалып кеткендей әсер қалдырғаны жасырын емес.

Дегенмен, ақын өлеңдері ағысы қатты өзендей, жолдағы кедергілерді шайып өтіп, өзінің өміршеңдігімен қатты тегеуірінді терең мәнділігімен есте қалған,-десе, Тараз Мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Меруерт Көпбаева Майкөт ақын – тынысы кең жырау екендігін, ол өз жырларында ел үшін маңызды мәселе-лерді көтеріп, батырлардың, елдегі би-датқалардың халқына істеп отырған қайырлы істерін мадақтап отырғандығы, қазақ пен қырғыз халқының зор құрметіне ие болған ақын-жырау екенін айтып өтті. Сонымен қатар, әлі де болса ақынның жырларын халыққа, жас ұрпаққа таратуда көп жұмыстар атқару керектігін тілге тиек етті.

Іс-шарада С.Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушысы Әділбек Нұрғали ақынның «Жиырма жас-тан сексен жасқа дейін», Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Нұрайым Әмірбекқызы Майкөт Сандыбайұлының «Өтеді өмір», Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Асылай Марат ақынның «Саржан болысқа», Абай атындағы орта мектептің оқушысы Әмина Жанқара ақын Аян Нысаналиннің «Қазақ ақындарына», М.Әуезов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Алина Мамырова ақын Кенен Әзірбаевтың «Өтеді өмір» өлеңдерін мәнерлеп, ерекше тебіреніспен оқып, тыңдар-мандарын бір серпілтіп тас-тады.

Іс-шараның келесі бөлімінде ғалым Сәмен Құлбарақ пен жазушы Пернебай Дүйсенбин «Ұлы даланың Гомері» кітабының тұсауын кесіп, оқырмандарға таратып берді. Кітап үстіміздегі жылы Алматы қаласында «Арна» баспасынан 500 данамен жарық көрді.

Ақын өмірін, шығарма-ларын зерделеп, өз үлесін қосып жүрген Саудакент ауылының тұрғыны Егізбек Сәтұлы былай деді: -Шығарма-шылығы  сан қырлы Майкөт Сандыбайұлы саналы ғұмырында шашасына шаң жұқтырмаған айтыскер, жырау әрі терең білімді болған. Ол бүкіл өмірін Сыр бойы мен Жетісу өңірін мекендеген халқына арнап, елін, жерін өр өлеңімен, сырлы жырымен әлдилеп өтті.  XIX ғасырда бірінен-бірі озып, дес бермеген, айтыс пен шешендік жанрдың көрігін қыздырған шоқ жұлдыздар — Сүйінбай, Құлмамбет, Құлыншақ, Бақтыбай, Майлықожа, Түбек, Жамбыл сынды ақындар Майкөтті ерекше құрметтеген, дені ұстаз тұтқан. Әттең, Кеңес заманында абыз жыраудың есімі көп аталмады. Әлде солақай саясат па, әлде әу бастан қазақтың сүйегіне сіңген жершілдік пе — белгісіз, тек 1961 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабында ғана там-тұмдап орын берілді. Тіпті арғы-бергі тарих жылнамасын қопара талқандап, терең таразылаған Мұхтар Мағауин мен Мардан Байділдаев құрастырған «Қобыз сарынында», «Бес ғасыр жырлайды» көп томдығы мен «Ай, заман-ай, заман-ай» кітаптарынан да ұлтарақтай орын бұйырмай, шет қалып қойды. Майкөт шығармашылығы ғылыми негізде жан-жақты зерделенбеген, өзіндік бағасын алмаған.

Майкөт ақынды өзімен замандас, өзінен кейінгі көптеген атағынан ат үркетін, аузы дуалы ақын-жыраулар тәлімгер тұтып, батасын алған.

Қазіргі таңда рес-публика көлемінде ақынға арнап, арнайы іс-шаралар, үлкен басқосулар ұйымдастырылуда. Ақын кітаптары да жарық көріп, оқырмандарына жол тартуда. Менің айтпағым, кейінгі ұрпақ баба жырларын жатқа айтып, қастерлеп, қадір тұтса екен деймін,-деді.

Майкөт ақынның есімі және шығармашылығымен тек қана қазақ халқы емес, көршілес жатқан қырғыз ағайындардың да хабары бар десек артық айтпаймыз. Айтыскер ақын Алик Бекмұсаевтың айтуына қарағанда айыр қалпақты ағайындар-дың еліне бір жиынға барғанда ақындар суретін Сүйінбай Аронұлы, Майкөт Сандыбай-ұлы және Жамбыл Жабаевтың бастап тұрғанын айтып өтті. Бұның өзі біздер үшін, сарысулықтар үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш.

Басқосу соңында іс-шараға қатысқан қонақтар мен ақынның өлеңдерін мәнеріне келтіре оқыған оқушыларға аудан әкімі бағалы сыйлықтарды тарту етті.

Кезінде Кенен Әзірбаев та «Өтеді өмір» атты арнауында:

Мәді мен Майлықожа,

Майкөт ақын,

Шығарған өнерімен  жұртқа даңқын.

Махамбет, Шернияз бен Тәттімбеттер,

Кім білмес осылардың ардақты атын, — деп жырлаған.

Ендеше, ақынымыздың еңбегін естен шығармай, оны жастар санасына сіңіру парызымыз екенін ұмытпайық.

Нұрғали Әділбек

Жиырма жастан сексенге дейін

Әр істен жас күніңде аянбайсың,

Сүйеніп еш нәрсеге таянбайсың.

Бұл дүние бәрі жалған опасы жоқ,

Тоқталып кімге енді баяндайсың?

Он бесте жарға ойнаған лақтайсың.

Тұп-тұнық , жерден

          шыққан бұлақтайсың,

Байлық пен жарлылықты

                        көңілге алмай,

Ағаш үйде жанатын

                       шырақтайсың.

Жиырмада бақшаның

                         бағындайсың.

Патшалардың алтыннан

                        тағындайсың.

Өмірің өтер-кетер

                        желдей соғып,

Өткен соң іздегенмен таба

                                алмайсың.

Отызда түлеп ұшқан

                         сұңқардайсың,

Бәйгеден күнде келген

                       тұлпардайсың.

«Жігіттік өтті әттең

                      қайтейін» деп,

Толғанып өткен жасқа

                      қылжақтайсың.

Қырықта өткір болат

                      қылыштайсың,

Уәжіп уәде сөзді кіл

                                ұстайсың.

Өмірің өтер-кетер

                            санаулы күн,

Күннен-күн жастық дәурен

                       жылыстайсың.

Дүние, бұнша тәтті

                         болдың неге?

Нўрайым Әмірбекќызы

Өтеді өмір

Халықтан қайнап туған

                                  ақын бұлбұл,

Дегенде «жүзден жүйрік,

                         мыңнан дүлдүл»,

Сайраған тілі тәтті,

                                       ақын әнші

Үй сайын, көше сайын

                           саңқылдап тұр.

Шаттықта өнер менен

                                   өлең жеңген

Қалың ел мен күйге елеңдеген.

Қашаннан әнге құмар

                            сайыққой жұрт,

Кәрі, жас даусы шықса

                                    дедеңдеген.

Пір даусы ең алғашқы

                                  ақын болған,

Ақындық сонан бері

                              нақыл болған.

Көркем күй, әсем ән мен

                                    өткір өлең,

Халыққа баяғыдан жақын

                                             болған.

Қиялмен қырық жыл бұрын

                           Қорқыт қашқан,

Арасы әділсіз деп жер

                                        мен аспан

Жете алмай мақсатына

                                 арып-талып,

Бір тауды мекен қылып

                            жалғыз жатқан.

Сол тауда жалғыз жүріп,

                               қобыз шауып,

Ән шырқап, күйлер тартқан

                                    өнер тауып

Жете алмай қиялына елден

                                                 безіп,

Етіпті күнелтуге ойын-сауық.

Мұнан соң тағы да өткен

                                    Асан қайғы,

Болыпты малға кедей,

                                  сөзге сайлы,

Хандарға қарсы болып,

                                нақыл айтып,

Таба алмай әділ басшы,

                                жанға жайлы.

Асылай Марат

Саржан болысқа

 

Қыстайды Шамалғанда

                       біздің ауыл,

Майкөт төгер өлеңін

                        қара дауыл.

Зәуімен өзіңе

                        келгенімде,

Бір қақпас алып

           кепсің белі жауыр.

Нәрікбек ертіп келеді

                  беті тыртық.

Қолында Майкөт ақын

            пыстан мылтық.

Алыс жерден

  аруағыңды естіген соң,

Жүзіңді бір көруге

               болдым ынтық.

Бөдене қарға қуса

                      қорғалайды.

Мен өзім жек көруші

            ем мұндай малды,

Бұрында өтіп кеткен

                        Қазіретәлі.

Болмайды бәрі тегіс

                    жанның бәрі.

Қарасай бұл қақпастың

                            тісі кәрі.

Жирен ат белі жауыр,

                      жалы сұйық,

Кей адам ақылы

            жоқ болар тұйық.

Жаннан асқан бұл

       қақпас жақсы болса,

Майкөтке қайтып

           бердің көзің қиып.

Ей, Саржан, қалай

       бердің жирен атты,

Жиылып ата-бабаң

                   мінген атты.

Саржан тәуір деген

                  соң келіп едім,

Қылдың ғой дос-

    дұшпанға көп ұятты.

(Майкөттің ақындығына риза болған Саржан бір тоғыз беріп аттандырып салыпты)

Өтеді өмір

Мәді мен Майлықожа,

                  Майкөт ақын

Шығарған өнерімен жұртқа даңқын.

Махамбет, Шернияз бен Тәттімбеттер,

Кім білмес осылардың ардақты атын.

Бұлардың бәрі жүйрік жазбай айтқан,

Бір айтқанда талай күн, талмай айтқан.

«Ақырып А» дегенде

                  сөз жаудырған,

Бұлақтай күндіз-түні

                   тынбай аққан.

Айтқанбыз кейін

         шыққан бізде солай,

Алдағы атамыздың

                   жолын қуалай.

Қой бағып, қозы жайып

                         ән саларда,

Жанымда серік болған

                       бұл қарағай.

Осындай өтті ақын

                    талай-талай,

Көп сөздер қалды-ау есіл

               жол таба алмай.

Болжаған келешекті 

                  келмей тұрып,

Махамбет, кемеңгерім

                          ақын Абай.

Ыбырай, Әсет, Майра,

                            Ақан сері

Қазақтың өтті талай

                              әншілері.

Әмина Жанќара

Қазақ ақындарына

Біріншісі Мәулікей,

Талай кітап жаздырған.

Басына жазып өз атын,

Баспаға беріп

                    бастырған.

Екінші ақын Жүсіпбек,

Есепсіз кітап шығарған.

Ауаны тұнық

                     шаңқылдап,

Таудағы ұшқан ұлардан.

Артындағы ақындар,

Тәлім алған бұлардан.

Шортанбайдың

                            кітабын

Көріп жүрдік көзбенен

Әңгімесі бірталай

Айтып жүрдік сөзбенен.

Екейден шыққан

                           Сүйінбай,

Ақындар оған жетпеген

Қадыр тауып

                        қарағанша,

Басынан бақыт

                          кетпеген.

Екі көзден айырылып,

Жауыр болып арқадан,

Сүйінбайға жеңдіріп,

Жеңіліп сөзбен

                        шаршаған.

Көргенім жоқ, ұққан сөз.

Хабарым бар Жаныстан.

Жанына ешкім жолатпай,

Жалғыз келген

                       жарыстан.

Қуандық тағы бір талай,

Түрлентіп әуен

                         салад деп,

Ақындықтың аяғы,

Құдалыққа барад деп,

Қазақтан қырғыз

                         бәйге деп,

Ошағы жұртта

                            қалад деп,

Жарымаған қазақтар,

Ошағын  жүктеп

                       алады деп,

Ошағын жұртқа

                         тастаған,

Қырғызда бар әдет деп.

Қаратқан төмен қырғызды,

Қуандықтың жері бар,

Әңгіме етіп сөзбенен,

Айтып кеткен кебі бар

Сөзі-қара, өзі ақын,

Бұндай ділмар бола ма?

Бұл өңдеген сөздерден,

Толып жатыр дәмелі.

Тауып сөйлеп күлдірген,

Таралып жатыр әдемі.

Майкөтті көрдім көзіммен

 Байқатып өтем сөзбенен.

Тоқмақта ол кез ойында,

Дүрілдеп жатқан кезінде,

Өзі салдай киінген,

Көрініп тұрар көзіме,

Айтып өткен бірнеше,

Нұсқасы қалып есімде.

Қырғызшадан аударған А.Нысаналин

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.