КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАЛЫП ӨТТІ

0

ҚАРАША АЙЫНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ РЕТІНДЕ АТАЛЫП КЕЛЕДІ. БҰЛ — ЕГІНІН БАПТАҒАН ДИҚАННЫҢ ДА, ТАҢНЫҢ АТЫСЫ, КҮННІҢ БАТЫСЫ ДЕМЕЙ МАЛ ЖАЙҒАН МАЛШЫНЫҢ ДА ЖЫЛ БОЙҒЫ ТӨККЕН ТЕРІ МЕН ЖАСАҒАН БЕЙНЕТІНІҢ ЗЕЙНЕТІН КӨРІП, ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҒАРАТЫН ШАҒЫ. ОСЫҒАН ОРАЙ, СӘРСЕНБІ КҮНІ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ МЕРЕКЕГЕ АРНАЛҒАН «ЕЛ ДӘУЛЕТІМЕН — МӘРТЕБЕЛІ» АТТЫ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН БОЛЫП ӨТТІ. МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ФОЙЕСІНДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖЕТІСТІКТЕРІНІҢ КӨРМЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ. КӨРМЕГЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ЕҢ ОЗЫҚ ӨНІМДЕРІ, ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫ ҚОЙЫЛЫП, КӨПШІЛІК НАЗАРЫНА ҰСЫНЫЛДЫ. ШАРАДА СӨЗ АЛҒАН АУДАН ӘКІМІ МӘДІБЕК ҚАНАТБЕК ҚАЙШЫБЕКҰЛЫ АУДАНДАҒЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТКЕН ЖЕТІСТІКТЕР МЕН АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРҒА ТОҚТАЛЫП ӨТТІ.

Аудан басшысы өз сөзінде: -Тоқсан жылдан астам тарихы бар Сарысудың дамуында ауыл шаруашылығы әрдайым жетекші сала бола бермек. Көсегенің көк жонынан Арқаның кең даласына дейінгі аралықты малға толтырған алдыңғы буынның өкілдері арамызда. Қой өсіруден, көкөніс егуден «Еңбек ері» атанған аталарымыз бен апаларымызды білеміз. Олардың ізін жалғастырып, қарапайым еңбегімен бір отбасының ғана емес үлкен ұжымдардың асыраушысына айналып отырған шаруалар бар. Шаруалардың еңбегіне деген құрмет пен алғыс әрқашанда ерекше.

Сондықтан, қарашаның үшінші жексенбісінде «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні» кәсіби мерекесі жыл сайын үлкен көлемде аталып өтіп жүр.

Қазір аграрлық сектор тұрақты даму жолында. Істің көзін тапқан шаруалар отарлап қой айдап, гектарлап егіс егуде. Биыл ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнімнің көлемі 13,0 млрд. теңгеден асады деп отырмыз. Бұл Сіздердің, яғни, осы салада жүрген әрбір шаруаның жасаған еңбегі, төккен тері екені анық.

Ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар-дың нәтижесінде 590 шаруа қожалығы егістік егіп, мал басын өсіруге серпін берді. 1 өндірістік кооператив, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  тіркеліп, шаруалармен үзеңгілесе жұмыс істеуде.

Үстіміздегі жылдың өзінде 31 шаруа қожалығы жаңадан ашылып, 2 шаруа қожалығы ірілендіру бағытында бірікті. 168 шаруашылық елді мекеннен тысқары қыстауларда төрт түлік малын өсіріп отыр.

Биыл 2500 гектар күздік бидай, 4600 гектар жаздық арпа, 1000 гектар жүгері, 7100 гектар мақсары, 529 гектар көкөніс пен бақша дақылдары және 4563 гектар басқа да дақылдармен бірге барлығы 20 292 гектар жер игерілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 223 гектарға артық. Бұрын бос жатқан жерлер толығымен игерілуде. Сұраныс артып келеді. Күзгі дала жұмыстарында келер жылдың өнімі үшін 2000 гектар  пар айдалып, 3150 гектар жерге күздік бидай себілді. Жыл басынан жер учаскелеріне кәсіпкерлік салаға бағытталған 3 конкурс, 5 аукцион өткізілді. Бюджетке 36,0 млн. теңге түсті. Егістік жерге 617 гектар қосылып, суармалы жерлер 400 гектарға ұлғайды. Ауданның 3 млн. 136,0 мың гектар жерінің 552,0 мың гектары ауыл шаруашылығы үшін пайдаланылып отыр.

Күзгі егін жинау науқанында 7100 гектар масақты дақылдар орылды. Күздік бидайдан әр гектарынан өнім 18,5 центнерден және жаздық арпа 19,6 центнерден айналды.14,0 мың тонна астық қамбаға құйылды.

«Арыстанды» (Дәндібаев Жаңабай), «Мұрат» (Дүтбаев Есенқұл), «Ұшқын» (Майхиев Байбатша) және «Бәйімбет» (Қайсарбеков Ғалымжан) шаруа қожалықтары масақты дақылдардың әр гектарынан 20-21 центнерден өнім алып, жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізді. Жүгері егуде «Игілік» өндірістік кооперативінің еңбегі ерекше.

Майлы дақылдардан өнім алуда «Жарасбек — Ата» (Ерубаев Пернебек), «Медет» (Ибатова Зере) және «Болашақ» (Стыбаев Асан) шаруа қожалықтары тиянақты еңбектің арқасында әр гектарынан 7-8 центнерден өнім алды. Алынған өнім өңдеуші кәсіпорындарға өткізілді.

Егін орағын ауыл шаруашылығы құрылымдары уақытылы жүргізді. Ораққа 28 астық комбайны, 30 автокөлік және 20 трактор тіркемелерімен қатысты. Дала жұмыстарына жеңілдетілген дизель отынын жеткізіп беруге оператор болып «Аянат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі белгіленді. Жалпы 845 тонна дизель отыны 177 теңгеден босатылды.

Біз әлі де техникаларды жаңартуымыз қажет. Қазір «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы «Ақ ниет», «Бақдәулет» шаруа қожалықтары құны 2 млн. 400 мың теңгені құрайтын жылжымалы тұрғын үй (вагонын) алды. Бұған «Қанай», «Тұрғын», «Игілік» шаруа қожалықтары да өтінімдерін беріп отыр.

«Саудакент кредиттік серіктестігі» қаржы ұйымы арқылы «Бірлік» шаруа қожалығы «Беларус МТЗ-892,2» тракторын (90 ат күші) қосалқы құрылғыларымен, «Қозықырған» шаруа қожалығы «Беларус МТЗ 1221,2» тракторын (130 ат күші) қосалқы құрылғыларымен алды.

«Мақсары-өнімдері», «Ұшқын» шаруа қожалықтары да жаңа тракторлар алды.

Сонымен қатар, «Саудакент-Жантөре» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 46,0 млн. теңгеге (ЮТО)  ҮTO-LX2204 тракторын (220 ат күші) алды. Ағымдағы жылы 21 шаруашылық жалпы сомасы 243,0 млн. теңгеге барлығы 44 техника сатып алды.

Сондай-ақ, Түркістанда сүт жинайтын 1 танкер алынды. Жаңатас қаласында жеке кәсіпкер Фархат Шайымқұловтың сүт цехының құрылысы жүріп жатыр.

Дейтұрғанмен, қайта өңдеуге арналған орындарда сүт өнімінің тапшылығы болуы мүмкін. Сондықтан, біз сұранысты қажет ететін өнім өндіруге бағыттауымыз қажет. Онда сүт бағытындағы мүйізді ірі қара малын өсіруге  бейімделгеніміз дұрыс.

Мал қырқыны кезінде шашылған жүн де проблема, сойылған тері де құнсыз. Қайта өңдеу орнын ашсақ дейміз. Мысалы, жылына 220 тоннадан астам жүн қырқылса, 45 мың данадан астам сиыр мен қой терісі жарамсыз күйінде қалып жатыр. Агроөнеркәсіп кешеніндегі жүйеленбей тұрған тұс осы.

Шағын өндірістерді дамытуға биылдың өзінде 20 азаматқа 35,5 млн. теңге жастардың гранты берілді. Онда құс, бөдене жұмыртқасы, түйіршіктелген құрама жем, шағын жылыжай, құлпынай өсіретін жобаларға қолдау көрсетілді. Аз қамтылған отбасылар мен 29 жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтарға, сондай-ақ, жұмысқа жарамды мүгедектерге 505,0 мың теңгеден, барлығы 194 адамға 98,0 млн. теңге берілді. Олардың да көпшілігі мал алып жатыр.

Егіс топырағының құнарлылығын арттыру мақсатында шаруашылық құрылымдары 874,0 тонна тыңайтқыш алды. Ауданда жаңа технология, тамшылатып суғару жүйесін әзірге бір ғана шаруашылық пайдаланып отыр. Осы жүйені «Жантөре-Саудакент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көкөніс, бақша және жүгері егістіктеріне, жалпы 50 гектар суармалы жерге енгізді. Енді бұл шаруашылыққа озық технологияларды одан әрі дамыту үшін Игіліктен жер берілді. Мұнда «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде су шығару ұңғымаларын қазу қарастырылуда.

Алдағы уақытта су жеткізу қиындық туғызатын егістік жерлерге  инфрақұрылымды  дамыту тетігімен  ұңғымалар қазуды жоспарлай беретін боламыз.

Мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Төрт түліктің басы жыл сайын өсуде. Тек қана, биыл қой басы кеміп кетті. Кейбір шаруалар қойдың орнына жылқы ұстап жатыр. Қазір шаруашылықтар мен жеке үйлерде 2083 бас түйе, 6480 бас жылқы, 20304 бас мүйізді ірі қара және 226590 бас қой-ешкі бар.  6,0 мың тоннадан астам ет өндіріліп, 5,0 мың тоннаға жуық сүт сауылды. Мал басын жұқпалы індеттен қорғау мен оған жасалатын профилактикалық және диагностикалық іс-шараларға ветеринарлық кәсіпорын арқылы 115,0 млн. теңге жұмсалды. 58,0 млн. теңгеге дәрі-дәрмектер алынды.

Мүйізді ірі қара малын селекциялық асылдандырумен айналысатын шаруашылықтардан бордақылау алаңдарына 375 бас бұқашық өткізілді. «Меркі Ет Комбинаты» мен «Оңтүстік Халал Тағамдары» кәсіпорны арқылы 3383 бас қозы еті сатылып, 60 тонна ет экспортталды.

Мал басын асылдандырумен «Елдос-2004», «Ынталы», «Раш», «Сәт-Сағын», «Бірлік», «Тәуекел», «Айтуған» және «Абылай» шаруа қожалықтары нәтижелі түрде айналысып жүр.

Жалпы мал шаруашылығын қолдауда субсидия алу, мемлекеттік көмекті мейлінше тиімді пайдалану жағы бізде төмен. Биылғы құжат өткізілген қаржы көлемі бар-жоғы 122,0 млн. теңге ғана. Кейбір аудандарда 122,0 млн. теңгені бір шаруашылық алып жатады. Шаруаларға мемлекеттік қолдаулардың жаңа бағыттары уақытында жетпейді. Түсіндіру жұмыстары төмен. Осының салдарынан облысқа берілетін барлық субсидияның біз бір пайызын да ала алмай отырмыз.

Ағымдағы жылы облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың бас-тамасымен «Жамбыл облысының тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынып, Үкіметте мақұлданды. Облыс тұрғындарына берілетін жеңілдетілген несиелік ресурс көлемі 7,2 млрд. теңгені құрады.

Қосалқы шаруашылыққа бұл таптырмас табыс көзі. Жылдық пайызы 2,5 пайызбен, бір жылға демалысы қарастырылған. Облыс басшысының тұрмысты жақсартуға бағытталған еңбегі біз үшін үлкен қолдау екені анық. 5 жылға берілетін несиеге қойылар мүліктің 70,0 пайызына дейінгі құнын қаржыландыру тетігі қарастырылған. Оның бірден-бір жолы есік алдындағы  жер телімін тиімді пайдаланып, қорадағы малдың өнімділігін арттыру. Үкімет қолдаған қанат қақты жоба бүгінгі күнде Жамбыл облысында қарқынды жүргізілуде.

Бұл облыстың барлық аудандарында жүзеге асып, билік пен халық арасында нақты түсінік қалыптасты.

Бұған Саудакент ауылы пилоттық ауыл ретінде алынды. 200 азаматтан өтінім жиналды. 826,0 млн. теңге қаражат алуға ұсыныс жасалды. Әлі де  қосымша 80 үй іргесіндегі жобаны қаржыландыруға мүмкіндік бар.

Құрметті көпшілік, бүгін ауыл шаруашылық саласында қол жеткізілген жетістіктер  мен түйінді  мәселелер жан-жақты айтылды. Бұның барлығы «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында және сіздердің салаға сіңірген еңбектеріңіздің нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Маңдайдан аққан тердің тамшысы жерді көгертіп, қамбалар астыққа, қора малға толсын,-деді. 

Сонымен қатар, жиын барысында аудан басшысы  аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосқан  сала мамандары мен алтын астық өсіріп, төрт түлігін өргізген шаруа қожалық төрағаларын құттықтап, Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. 

Салтанатты шара аудан өнерпаз-дарының концертіне ұласты.

Гүлнара Байбосынова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.