ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЙ ДӘРЕЖЕДЕ?

0

Өткен аптаның жұмасы күні аудан әкімі Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен 2019-2020 жылғы жылыту маусымының өту барысы туралы аудандық штаб отырысы болып өтті.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдігінің тиісті бөлім, мекеме және кәсіпорын, әлеуметтік нысан басшылары, барлық мектеп директорлары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркін Алтишев баяндама жасады.

Хабарламашы өз баяндамасында жалпы өткен 2018-2019 жылғы қысқы науқанда «Орталық қазандықта»  9587  тонна мазут пайдаланылған, қалдығы 511 тонна. 2019-2020 жылдардағы қысқы маусымға жалпы 11157 тонна мазут отыны қажеттігі, қалада жаңадан жүргізіліп жатқан кәріз жүйелеріне қосылуға қажетті 76 көпқабатты тұрғын үйдің 74-не қосу жұмыстары жүргізіліп, 2 үйге қосу жұмыстары аяқталмағандығы, қаладағы ауыз су, жылу, кәріз жүйелерінің құдықшалары 2130 дана екендігін айтып өтті.

Ал, газдандыру мәселесі бойынша 2018 жылы бюджеттен 271,9 млн. теңге қаржы бөлініп, аудан көлеміндегі 4 елді мекенге Тоғызкент,  Майлыкөл, Әбілда және Досболға табиғи газ жүйелерін тарту жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда 95 мың теңгеден әр үйге газ құбырын кіргізу жұмыстары аяқталғандығын, бұдан бөлек 2020-2021 жылдары ауданның 14 елді мекендеріне газ құбырларын жүргізу жоспарланып жатқандығын айтты.

Сонымен қатар, білім ошақтарындағы жылу қазандықтары және қажетті көмір, дизель отындары толық жеткізілгендігі, қазандықтарға алынған көмір отынының сапасы өткен жылғымен салыстырғанда әлдеқайда сапалы  екендігі  айтылды. Сондай-ақ, денсаулық, спорт, мәдениет салаларының жылыту маусымына дайындығы және жылу есептегіш аспаптары бойынша да сөз болды. Барлық мекемелердің қысқа дайындығын айтып өткен бөлім басшысы коммуналдық қарыздар бойынша да уақытылы төлемей, берешек болып қалған мекемелердің атын атап, түсін түстеп кетті.

Хабарламашының баяндамасын толық тыңдаған жиынға қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, оған нақты жауаптар алды.

Басқосуда аудан әкімі Қанатбек Мәдібек жылыту маусымының өту барысымен танысып шығу бойынша Жаңатас қаласындағы және барлық ауылдық округтердегі әлеуметтік нысандарды аралап, кейбір нысандардағы кемшіліктер слайд арқылы көрсетілді. Атап айтар болсақ, Түркістан ауылдық округіндегі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектебінде жылыту қазандығының монометр көрсеткіштері істемейтіндігі анықталды. Ы.Сүлейменов атындағы орта мектебінің кіре-беріс жолына брусшатка төсеу, қоршауына ағымдағы жөндеу жұмыстарын және «Арай» шағын орталығының алдына абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыруды қолға алу керектігі айтылды.

Жаңаталап орта мектебі қабырғасының жарылуына байланысты жарамдылығын анықтау үшін сараптамадан өткізіп, сыртқы келбетін қаптау және тозығы жеткен құбырларды ауыстыру, ішкі жылу жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Сондай-ақ, Түркістан дәрігерлік амбулаториясы айналасының барлық аумағында шөптер өсіп кеткен, сенбілік жұмыстары жүргізілмегендігі көзге ұрып тұрса, Үшбас  ауылындағы медициналық пункт қазіргі таңда апаттық жағдайда тұр, жердің жұмсақ қабаты негізінен ғимараттың іргетасы отырған. Ғимаратты жарамдылық сараптамасынан өткізу қажет.

Игілік, Шағалалы және Ұйым ауылдық фельдшерлік акушерлік пункттерінің мұржалары талапқа сай дұрыс орнатылмағандықтан, суық кезінде түтінді жоғары тарта алмайды. Орын алған мәселені қалпына келтіре отырып, басқада жаңадан бой көтеріп жатқан фельдшерлік акушерлік пункттерде осындай жағдайлардың  алдын алу қажеттігі ескертілді. Барлық көзге ұрып тұрған кемшіліктерді сөз еткен аудан басшысы қала және ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларына қосымша тапсырмаларды берді.

Жаңатас қаласындағы және елді мекендердегі құдықтардың қақпақтарын жабу, көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесіндегі жылу есептегіш құралдарының жұмыс істеп тұрғандығы, елді мекендердегі көмірдің сатылу бағасын және сапасын бақылауға алу,  облыстық, аудандық  мәндегі жолдарға және елді мекен арасындағы жолдарға себілетін инертті материалдардың жеткілікті болуын қамтамасыз ету, қыстың күні жолда қалып қойған азаматтарды жылыту орындарымен қамтамасыз етуді бақылауға алуды тапсырды.Сондай-ақ, қаладағы пәтер иелері кооперативтері жылыту маусымының өту барысын бақылауға алып, олар да өз тарапынан тиісті жұмыстар атқару қажеттігі ескертілді.

Аудан аумағында орналасқан мектептердің айналасына тал отырғызу, абаттандыру және күтіп ұстау мәселесі бойынша  мектеп директорларымен бірлесе келісіп, канша тал көшеттерін қажет ететіндігін есептеуді ескертсе, Б.Қашқынбаев атындағы орта мектебі спорт залы шатырының астыңғы қабатын жылылап қаптау, Саудакент ауылы Б.Адамбаев атындағы орта мектебінің спорттық футбол алаңшасына жасанды көгал төсеу, Досбол-Шағалалы бағытындағы жолды орта жөндеу жұмыстарына және Жайлаукөл ауылдық клуб үйінің жылу жүйелерін және қоршауын орнату жұмыстарына жобалық сметалық құжаттар әзірлеп, 2020 жылдың бюджет есебінен сұраныс беруді айтты.

Сонымен қатар, Тараз қаласындағы мектепте орын алған оқыс оқиғаны ескере отырып, барлық білім ордаларында бейнебақылау қондырғыларын орнатып, оқушылардың уақытылы сабаққа келуін қадағалау және бала сабаққа келмеген жағдайда ата-анасына хабар беру және мектептің есік алдында отыратын қызметкердің білім ошағына сырттан келуші азаматтардың толық мәліметін алуды қатаң тапсырды.Сондай-ақ, қыс мезгілі болған соң қалың қар жауып, көк тайғақ болуы мүмкін. Сондықтан жолдарды қардан тазарту жұмыстарын жақсы қолға алу тиіс және мереке күндері қауіпсіздік шараларын күшейтуді ескертті.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.