ЖАҚСЫНЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫН АЙТ

0

«Жақсының жақсылығын айт» демекші біз әңгіме еткелі отырған Саудакент ауылында жуырда жаңадан бой көтерген «Ақ отау» мейрамханасының иесі Асанова Салтанат туралы болмақ. Жұбайы Құдайбергенов Аманжол екеуі бұрынғы «Универмаг» дүкенін сатып алып, шағын маркет ашып, алғашқы саудасын жүргізе бастады. Уақыт өте ғимараттың бос тұрған жағына күрделі жөндеу жүргізіп мейрамхана ашты. Жергілікті халық бұл жерде той-томалағын, астарын беріп жатты. Бұл мейрамхана төменгі бағасымен, аспазшылардың дәмді тағамымен, мәдениетті күтушілерімен сарысулықтарға танымал болды.

«Ақ отау» мейрамханасының ашылу салтанатына  аудан халқы, басқа облыс-тан келген ағайындар және Аманжолдың қырғызстандық бауырлары келді.Сөз алған Саудакент ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Төлмағамбетов, ауылдық округ әкімінің орынбасары М.Төлеутаев және ауыл қариясы А.Таймолдаев ақ тілектерін жеткізді. Әсем әннің әуенімен ұлттық киім киген әжелер шашу шашты. 500 орындық мейрамхананың ашылуына байланысты дәм берілді. «Майлыбай» мешітінің имамы Ғ.Кәрібеков құран оқығаннан соң кезек ақ тілекке берілді. Қонақтар өздерінің құттықтау сөздерін айтып, сый-сияпаттарын жасап жатты. Тараз қаласынан келген өнер саласының майталмандарының ән-би шашуларын жиналған қауым сүйсіне тамашалады.

Салтанаттың осындай үлкен жетістікке қол жеткізгенін жаза отырып, оның ата-анасы туралы айтпасқа болмайды.Төлебай аға ұзақ жылдар бойы «Қаратаухимстрой» мекемесінде жабдықтаушы болып еңбек етті.Кішіпейіл, еңбекқор, іскер азамат 2017 жылы дүниеден озды. Ұлжан апай «Шикізат дайындау» мекемесінде есепші болып жұмыс жасады.Тәрбиелеген төрт қызынан 14 немере және 2 шөбере бар.Ұлжан апайдың ендігі қызметі Төлебай ағаның үлкен әулетіне бас-көз болып,ақыл-кеңесін беру. Салтанат ауылда, ата-аналарының қолында қалды.Шымкент қаласындағы технологиялық колледжінде есепші мамандығы бойынша  дәріс алған. «Салтанаттың кішіпейіл мінезі, адамгершілігі Төлебай әкесінен алған тәрбиесі»- дейді жерлестеріміз.Аманжол екеуі бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Оның кәсіпкерлік қызметінде де, отбасында да сүйеніші, көмекшісі, әрдайым қасынан табылатын Аманжолдың еңбегін  басқа ер азаматтарға  үлгі болатындай айтуға болады. Он бес шақты азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған, елдің ақ батасын алған Салтанат қарындасымызға отбасына амандық, жұмысына сәттілік және табыс тілейміз!

Нұржан Есмаханов, Саудакент ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.