ҮЛГІЛІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ АНЫҚТАЛДЫ

0

Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» орындау мақсатында бөлімнің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес  ауылдық округтер арасында «Үздік көрнекі ақпарат — 2019» аудандық байқауын өткізді.

Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Құдайберген Рысдәулет, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Есмұрзаев, аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Серік Нүркенов, ауылдық округтердің бас мамандары қатысты.

Байқаудың мақсаты: Мемлекет-тік тіл саясатын жүзеге асыру, Мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларын  ҚР Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы №1371 қаулысының талаптарына сәйкестендіру, елді мекендерде орналасқан көрнекі ақпараттарды заңнама талаптарына сәйкестігі, олардың грамматикалық сауаттылығы, аудан бойынша көшелердің аншлагтарын біріздендіру жұмыста-рының белсенділігін арттыру.

Сайыс басталмастан алдын аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мұратбек Есмұрзаев байқау ережелерінің шарттарымен тағы бір рет түсіндіріп өтті.  

Байқау 2 кезең бойынша өткізілді. 1-кезеңде байқауға қатысушы ауылдық округтердің көрсеткіштері қамтылған альбом әзірлейді. Альбомға еліміздің әлеуметтік, қоғамдық-саяси өмірін, тіл саясатын, ұлттық дәстүрін насихаттайтын көрнекі ақпараттар мен ұлы ғұламалардың нақыл сөздері, мақал-мәтелдер енгізілуі тиіс. Альбомда орналастырылған суреттің орналасқан орны мен елді мекенін міндетті түрде көрсету қажет. Оның сапасы мен безендірілуі, тақырыптардың жан-жақтылығы және әр округтегі көрнекіліктердің қамтылуы, тапсырған мерзімі ескеріледі.

Байқауға қатысушы ауылдық округтердің бас мамандары өздерінің ауылдарында орналасқан көрнекі ақпарат құралдарын слайд арқылы көрсетіп және дайындап келген альбомдарын әділ қазылар алқасының назарына ұсынды.

Әділ қазылар алқасы дайындап келген альбомдарды мұқият қарап, жіберген қателіктер мен кемшіліктерді айтып өтті. Осы байқауға қатысқан сегіз ауылдық округтің ішінен ерекше көзге түскен Досбол ауылдық округі бірінші, Тоғызкент ауылдық округі екінші, ал, Жаңаталап ауылдық округі үшінші орындарды иеленді. Үздік деп танылған Досбол ауылдық округі «Үлгілі ауылдық округ» номинациясын жеңіп алып, екінші кезең бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасында өтетін байқауға қатысатын болды.

Сайыс қорытындысы бойынша үлгілі деп танылған және байқауға қатысушы барлық ауылдық округтер арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.