Атақты күйшімен бір сахнада өнер көрсетті

0

Ағымдағы жылдың 25-26 қазан күндері Хабар агенттігінің демеушілігімен, мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Voice of  Nur-Sultan» фестивалінде жұлдызбен өнер көрсету бағыты бойынша күйші Асылбек Еңсеповпен бірге өнер көрсеткен Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің домбыра класының         6-сынып оқушысы Алихан Құсайынов халықтың қошеметіне бөленді.

Атақты күйші, өнер жұлдызымен жас күйші Алихан Құсайынов Қазақстан орталық концерт залында яғни Елорданың киелі сахнасының төрінде қатар отырып А.Еңсеповтың авторлық күйі «Әке арманы» шығармасын нақышына келтіріп орындады.

Фестивальге Армения, Қытай, Белоруссия, Грузия, Әзербайжан, Украина, Ресей мемлекеттерінен келген көптеген талантты жас орындаушылар қатысты. Алихан ең алғаш А.Еңсеповтың инстаграм желісінде жарияланған интернет байқауына қатысып, күйдің үзіндісін ойнап жіберіп, жолдаманы жеңіп алған болатын. Алиханның өнерге деген, қасиетті қара домбыраға деген қызығушылығы бала кезден оянды. Оны өнер мектебінің табалдырығына алғаш алып келген ата-анасы болатын. Жетекшісі домбыра класының мұғалімі – Өмірбек Нұрбол, ұстаздары Абдраимова Гүлдана, Тулешов Ғазиз. Ал «Әке арманы» күйін оркестрге түсіріп, Алиханға оркестрде де, жеке де орындауды үлкен еңбекпен үйреткен, үлкен сахнаға дайындаған оркестр жетекшісі – Байділдаев Нұрлан Әнуарбекұлы.

-Интернеттен жарияланған байқауға қатысқанымда мыңдаған үміткердің арасынан оза шауып, атақты күйші ағамызбен бір сахнада өнер көрсетемін деген үш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Бірақ армандаушы едім. «Сен жеңімпазсың» деген шақырту келгендегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес,-дейді күйші бала.

Алихан қараша айының 4 күні Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жыл «Жастар жылы» деп аталуына байланысты Тараз қаласы Жамбыл телеарнасына шақырту алып, сұхбат берді. Алихан сондай-ақ, Халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы атанған. Оның Халықаралық фестивальге қатысуына ықпал жасап, Асылбек Еңсеповтей әйгілі күйшімен бірге өнер көрсетуіне өз үлесін қосқан мектеп басшысы әрі оркестр жетекшісі Н.А.Байділдаевқа айтар алғысымыз шексіз. Ал, жас күйшіге өнерің өрлей берсін дегіміз келеді.

Айнұр Ахметова, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі

директорының тәрбие жұмысы орынбасары

Leave A Reply

Your email address will not be published.