АУЛА ІШІНДЕГІ ШАРУАШЫЛЫҚ

0

Ауданымызда шағын және орта бизнес саласы дамып келеді. Ауласында өз кәсібін дөңгелетіп, бала-шағасының  ризық-несібесі үшін тынбай еңбек етіп отқан жандар аз емес. Солардың бірі Ұйым ауылында тұратын Нұржан Құдайбергенұлы. шағын ғана ауласында бөдене өсіріп, оның еті мен жұмыртқасын саудалап отырған азамат.

Нұржан Құдайбергенұлы бөдененің еті және жұмыртқасы адам ағзасына тигізер пайдасы мол дейді.

-Бөдене құсын өсірмес бұрын интернеттен, газет-журналдардан қалай өсіру жолдарын қарап,  пайдасын зерттедім. Адамға пайдасы мол екен. Тауыққа қарағанда, бөдененің дене қызуы 2 градусқа жоғары. Сондықтан, оның жұмыртқасын ұдайы тұтынған адамның қан айналымы өте жақсы жұмыс істейді екен. Бұдан басқа, бөдене жұмыртқасы адамның иммунитетін көтеретін қасиетке ие. Жалпы аурудың басым бөлігі қан айналымының дұрыс болмауынан туындайтынын ескерсек, бөдене жұмыртқасын тұтыну адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін байқауға болады. Бөдененің еті де, жұмыртқасы да мың түрлі дертке дауа. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайды. Ал, дәмі тіл үйіреді, әрі тойымды. Дәлірек айтсақ, кәдімгі тауық жұмыртқасына қарағанда, бір грамм бөдене жұмыртқасы құрамында А және D дәрумендері екі есе көп. Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол.  Көз-қорқақ, қол-батыр дегендей білекті сыбана бөдене шаруашылығын ашуға кірістім.  Қазіргі таңда 40 бөденені асырап отырмын. Көп күтімді қажет етеді. Күніне 15 жұмыртқадан аламын. Бір жұмыртқаның бағасы 35 теңге 30-дан астам жұмыртқаны сатылымға шығарамын. Жақын арада тауық асырауды қолға алуды жоспарлап отырмын,-дейді.

Иә, шағын ғана ауылда  істің қиюын келтіріп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған  Нұржанның әлі алар асуы алда.

С.Есқараев, «Сарысу»

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.