Шалқар шабытпен атап өтілді

0

Осыдан жиырма жыл бұрын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылды. Еліміз бойынша фосфор өнімдерін өндіру саласы бойынша биік шыңдарды бағындырған, еліміздің, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтулы үлес қосып келе жатқан, алыс-жақын шет елдерге өзінің өндірген өнімдерімен танылған алпауыт компаниялардың бірі. Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің тұғыры болып қалыптасты.

Фосфор өнімдеріне әлемдік рынокта сұраныстың көбейіп отырғаны компанияның келешекте қазіргіден де көлемді жұмыстар атқаруына тура келетінін білдіреді. Компанияның шығар-ған өнімдерін Орта Азия мемлекеттері түгел дерлік, Шығыс және Батыс Еуропа, Солтүстік және Оңтүстік Америка құрлығындағы мемлекеттер пайдалануда. Әріптес ретінде шетелдердің ірі кәсіпорын, компанияларымен өте тығыз, тиімді жұмыс атқару жүйеге қойылған.

Үстіміздегі жылы «Қазфосфат» ЖШС-іне мерейлі 20 жыл толды. Бұл мерекені 6200 адам жұмысшылары бар «Қазфосфат» ЖШС-нің барлық жеті филиалдары әртүрлі мәдени көпшілік іс-шаралар өткізу арқылы мерекеледі. «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені Сарысу ауданындағы ең ірі өндіріс орны. Атқаратын жұмыстарына қарай сараптағанда  «Қазфосфат» ЖШС филиалдарының ішіндегі жұмысының  күрделілігі жөнінен, қауіптілігі жағынан жоғарысы  ол – «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені. Себебі, кешенде фосфор өндіруге қажет алғашқы шикізат, фосфор кені өндіріледі. Ал, жер астынан кен өндірудің қандай қиын, күрделі жолдармен, ауыр техникалар мен күрмеуі қиын түрлі технологиялармен жүзеге асырылатынын сол жұмыстың басында болған, көзімен көріп, қолымен ұстағандар ғана біледі. «Қазфосфат» ЖШС филиалы «Қаратау»   тау-кен өңдеу кешенінде  фосфор кенін өндіру 1946 жылдың 5 желтоқсанында  басталған. Оған биыл 73 жыл толып отыр.   Кешен негізінен  геологиялық  барлау  жұмыстарын  жүргізумен,  фосфорит  кенін шығару  және  сұрыптап, өңдеу  жұмыстарымен  айналысады. Оның негізгі өндірістік цехтары ОБФ (орталық байыту фабрикасы), ҰСФ (ұсақтап сұрыптау фабрикасы) және «Көксу», «Ақсай», «Шолақтау», «Шиелі бұлақ»  кеніштері болып табылады. Сонымен қатар қосалқы 12 көмекші цехтар жұмыс атқарады. Кешенде бұл күнде   барлық мамандықтар бойынша 1542 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындар.

«Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерін 2005 жылдан бері облыстық мәслихаттың депутаты, «Құрмет» орденінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Мұратқали Бақыткерейұлы Сәрсенов басқарып келеді.

Әсіресе, соңғы 2-3 жылдың көлемінде «Қаратау» тау-кен өңдеу кешеніне қарасты нысандарда пайдаланылатын тау-кен өндірісі техникаларын жаңартуда, жаңа технологияларды пайдалануда бірқатар жұмыстар атқарылды.

Атап айтқанда 2018 жылы  Б-75131 маркалы  3 дана «БелАЗ», 1 дана «ЭКГ-10» маркалы экскаватор  сатып алынса, биылғы жылы ауыр жүк таситын  осындай маркалы 6 «БелАЗ»,  2 экскаватор, 2  бұрғылау қондырғысы, 1 дана «Т-20» шой тастарды бұрғылау қондырғысы, 1 дана «ТК-3501» маркалы бульдозер, «Б-7547» су тасып-шашатын «БелАЗ, 1 дана жүк тиегіш техника және электр желілерінің опораларын таситын арнайы техника сатып алынып, өндіріске пайдалануда. Жаңа техникалармен толыққан өндірістің жұмысы одан сайын жанданып, қарқын алды.

Сонымен қатар, тау-кен техникаларын тиімді пайдалану мақсатында электрониканың соңғы жаңалықтарының бірі  «GPS» спутниктік желілік қондырғысы орнатылды. «GPS» спутниктік желілік қондырғысы ең алдымен автокөліктегі жанар майдың үнемді және тиімді пайдалануын қадағалайды. Сонымен қатар, рейске шыққан автокөліктің белгіленген маршруттық бағыттан ауытқымауын бақылауда ұстайды. Қондырғы қадағалап, бақылап қана қоймайды, қандай да бір ауытқушылықтар орын алған жағдайда спутниктік желі арқылы кешен басқармасында орналасқан диспетчерлік орталыққа жеткізіліп, монитор арқылы көрсетеді және лезде дабыл қағады. Ал, диспетчерлер тиісті қызметтерге хабарлап, дер кезінде шара қолданылады.  Жұмысты тиімді ұйымдастыруда қондырғы өз нәтижесін беруде. Қазір бұл жүйе толығымен жолға қойылды.

Биылғы жылдан бастап өндірістік технологиялық процестерді автоматтандыру жүйесіне (АСУТП) көшудің алғышарттары жасалынып, қолға алынды. Бұл жүйе жүзеге асырылатын болса өндірістік технологиялық процестер ықшам әрі тиімді жүргізілетін болады деп күтілуде. Қазір осы жұмыстың алғашқы көрінісі десе болатындай «Micromine» бағдарламасын игеру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Кешен басшысы  облыстық мәслихаттың депутаты М.Б.Сәрсенов «Micromine» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға күнделікті мән беріп қадағалап отыр.

Micromine» — тау-кен өндіру өнеркәсібінің геологиялық барлау жұмыстарынан бастап тау-кен өндірісі, оны жоспарлау және басқару сияқты өндірістік циклді қамтитын кешенді шешім және жұмыс жүйесінде  пайдалануға өте ыңғайлы  бағдарлама екендігін уақыт көрсетіп отыр.

«Қазфосфат» ЖШС-нің 20 жылдық мерейтойын кешен басшысының бас-тамасымен ерекше жағдайда атап өтті. Өткен аптаның жұма күні «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің ұйымдастыруымен барлық кешен жұмысшылары, қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері және қала тұрғындары қатысқан жалпыхалықтық марафон ұйымдастырылды. Марафонға қатысушыларды Жаңатас қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Серік Ниязов жүгіріп өтетін көшелерді айтып, сайыс ережесімен таныстырып өтті. Жарысқа қатысушылар Орталық алаңнан бастап үш шақырым жерді жүгіріп өтті.

Жарыс жеңімпаздарын «Қаратау» ТКӨК директоры М.Б.Сәрсенов және кешен ардагерлері Б.Асылбеков, Ә.Мақұлов марапаттап, алғашқы 5 орын иелерін  Алғыс хаттар мен заттай сыйлықтар, ерлер және әйелдер арасында 3 орынға қаржылай және 10 белсенді жүгірушілерді Алғыс хатпен марапаттады.

Аудан әкімі Қ.Қ.Мәдібек  2 жасы үлкен жүгірушіге және  жасы кіші 1 жүгірушіге өзінің тағайындаған сыйлығын табыс етті. Іс-шарада аудандық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.