ОБЛЫС ӘКІМІ САРЫСУ АУДАНЫНДА БОЛДЫ

0

Сарысу ауданы Саудакент ауылының ажары артып, тұрмысы тіктеле түсетін шақ алыс емес. Оған бірден-бір негіз облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы болмақ. Баламасы жоқ бастаманың пилоттық жобасына өңірдегі таңдалып алынған он ауылдық округтің бірі – осы ауыл. Байқадам ауылдық округінің жалғыз елдімекені саналатын Саудакентте 984 аула бар. Онда 6006 халық тұрады.

Облыс басшысы Асқар Мырзахметов ауданға жасаған жұмыс сапары аталған ауыл тұрғындарымен кездесуден бас-талды. Салыстырмалы түрде көп ауылдан халық саны басым Саудакент аталған жоба аясында тіпті жандана түседі деп күтілуде. Ондағы 984 жеке қосалқы шаруашлықтың 848-і толығымен сумен қамтылса, қалған 136 аула үшін құдық қазу жоспарлануда. Осылайша, бірінші бағыт бойынша округтегі барлық аула қамтылып, үй іргесіндегі бау-бақшасын тиімді табыс көзіне айналдырмақ. Бұл шарбақтарға негізінен екі айналыммен шомыр, шалғам, қияр дақылдарын және бір айналымда қызынақ отырғызу жоспарланып, талдау жұмыстары жүргізіліпті. 30 отбасы жылыжай шаруашылығымен айналысуға өтінім білдіріп отыр.

Ауылдықтардың біразы бұған дейін де төрт түлікке бейімдіктерін байқатып отыр десек, жобаның жеңілдігімен қорадағы малдарын тіпті еселеп, өнімділікті арттырғысы келетіндер аз емес болып шықты. Жаңадан мал ұстап, қорасын төлге толтырам деушілердің қарасы қалың. Округ бойынша мал сатып алуға бүгінгі күнге дейін барлығы 634 ауладан жалпы 7273 бас мал сатып алуға өтінім түскен. Өтінім берушілер әлі жоқ емес екен.

Айта кетейік, жобаның басқа да бағыттарындағы жұмыстар жүйелі. Ауыл сыртындағы жерлерді тиімді игеру, жем-шөп дайындау, жалпыны қамтитын кооператив құру шаралары да бір ізге қойылмақ. Қазіргі таңда құжат қабылдау ісі қызу жүруде. Бесінші бағыт аясында округ тұрғындарынан өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған 24 шағын жоба ұсынылған. Олардың қатарында ұстахана, ағаш цехы, тігін цехы, дүкен, шаштараз, наубайхана, кондитерлік цех, асхана, дәріхана және балық өндіру ісімен айналысуды көздеп отырғандар бар.

Аймақ басшысымен кездесуде тұрғындар жобаға қатысты сан түрлі сауалдарын жолдап, өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Облыс орталығынан шалғай байқадамдықтар үшін жобаның маңыздылығын айтқан Асқар Исабекұлы барынша баршаны жаппай тарту керектігіне тоқталды. Пилоттық жоба он округте жемісті жүзеге асса, баянды бастаманың игілігін облыстағы барлық ауылдықтар көріп, тәжірибе түгел елімізге таратылатынын жеткізді.

Алдындағы жұмыс сапары барысында Асқар Исабекұлы Саудакент ауылындағы ауыз су жүйесінің жағдайын барлап, жай-күйіне көз жеткізді. «Сарысу сулары» КМК Саудакент ауылындағы су қоймасын қайта жаңғырту керектігінен хабардар болған облыс басшысы ол бойынша әзірленген жобамен танысты. Ол бойынша «Оңтүстік жер қойнауы» РМК-мен жер асты су қорына берілген қорытындысындағы су көлемі ауылды сумен қамтамасыз етуге жеткіліксіздігі айтылды. Сол себепті жобаның сараптамадан өтуі қиынға соғуда.Сондай-ақ, айта кетейік, бүгінде ауыз су құбырының 80 пайызы ескіргендіктен 1 балабақша, 2 мектеп және 71 үй ғана тіршілік нәрімен қамтылған. Қалған 913 үйге баратын су жүйесі қолданысқа жарамсыз.

Осы мәселелерге аса назар аударған аймақ басшысы тиісті тұлғаларға түйіткілдің шешу жолдарын қарастыруды тапсырып, қажетті шараларды уақыт созбай атқару керектігін баса айтты.

Сарысу аудандық ауруханасының Саудакент бөлімшесімен танысқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов нысанның мәселесіне жіті мән берді. Ауыл ауруханасының ғимараты 1987 жылы пайдалануға берілген десек, бүгінде күрделі жөндеуден өткізуді қажет етеді. Әсіресе, ішкі жұмыстар: жылу, кәріз жүйелері тозығы жеткен.

Бас дәрігер Бағила Бегманова ауруханда 37 жұмысшы еңбек ететінін, оның 17-сі орта буындағы медицина қызметкерлері екендігін айтты. Типтік ғимараттың қуаттылығы 16 төсекке шақталған.

Ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті шараларды атқару керектігіне көңіл бөлген өңір басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Аймақ басшысы «Жаңатас ЖЭС» құрылысына да арнайы ат басын бұрды. ЖЭС құрылысына 233 гектар жер бөлінген. Инвестор «China Power International Holding Ltd» компаниясы жүргізіп жатқан жоба құны 130 миллион АҚШ долларына тең.

Жобаның алғашқы кезеңі бойынша 40 жел қондырғысы орнатылып, қуаттылығы 100 МВт-ты құрайды деп көзделген. Ал, екінші кезеңде қуаттылықты 200 МВт-қа дейін ұлғайту жоспарлануда. Жалпы станция жыл сайын желден 340 миллион кВт/с электр энергиясын өндіреді деп болжанып отыр. Өткен жылы бастау алған жоба келер жылы іске қосылатын болады. Іске қосылған соң 40 адам жұмыспен қамтылмақ.

Бүгінде нысан аумағында жел деректерін өлшеу бойынша 6 діңгек орнатылған. Тағы да діңгектер орнату үшін 14 іргетас құйылып, қазан шұңқырлар дайындалуда.

«ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-інің кешенді минералдық тыңайтқыштар шығару зауытын салу және Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруге әзірлеу шаралары қызу жүргізілуде екен. Мұнда байытылған фосфорит өндіру және кенді ұнға қайта өңдеу шаралары атқарылады. Ол ғана емес, жылына 1 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыш шығармақ. Жоба индустрияландыру картасы аясында үш кезеңде жүзеге аспақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.