Қарттарын қадірлеген ел ардақты

0

Қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты үкімет тарапынан қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, еліміздің бейбіт тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына.

1 қазан-Халық-аралық қарттар күніне орай аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық  мәдениет үйі және балалар-жасөспірімдер орталығы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен осы  аптаның сейсенбісі күні «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік іс-шара болып өтті. Міне, енді қарттар күні саналы ғұмырларын отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың төл мерекесі.

Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Ерлан Имашев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмәлі Орынбаев, ауданның Құрметті азаматы Тишбала Алиева, Сарысу ауданының байланыс торабында 30 жылдан аса қызмет атқарған Төкен Дуанбековалар құттықтау сөз сөйлеп, дендеріне саулық, отбастарына амандық тіледі. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары қазыналы қарттарға марапаттау мен сыйлықтарды  тапсырса, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы ауданның Құрметті азаматы Т.Алиеваға ауданның «Құрметті ардагері» медалін тақты. Сондай-ақ, есепте тұратын 106 жалғыз басты қарт зейнеткерлерге сыйлықтар таратылды.

Мерекелік шарада аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық  мәдениет үйі және балалар-жасөспірімдер орталығы қызметкерлері тамылжыта ән шырқап, би биледі.

Қарты бар ел-қазыналы ел

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы тарапынан партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында 1 қазан — Халықаралық қарттар күніне орай, Жаңатас қаласы мен Саудакент ауылындағы тыл ардагерлері мен жалғызбасты қарияларға құрмет көрсетілді. Шара барысында партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қуаныш Құлыбеков қарияларды мерекемен құттықтай отырып, ардагерлер, зейнеткерлер әрқашан партияның назарында болатындығын жеткізіп, партия тарапынан берілген азық-түлік пакеттерін тапсырды. Өз кезегінде қариялар ризашылықтарын білдіріп, «Nur Otan» партияcына деген алғыстарын жеткізді.

Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Көп жасаған қария, ақылы теңіз дария» атты ашық алаң өтті.

Екі бөлімнен өткен іс- шара барысында бірінші бөлімде  ардагерлерімізге құрмет көрсетіліп, құттықтау тілектер айтылып, «Әке парызы» атты бейнебаян көрсетілді, екінші бөлімде «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумын қолдау мақсатында  өрбіді.

Аудандық орталықтандырылған  кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Қожаназарова құттықтау сөз сөйлеп, кейінгі ұрпаққа үлгі болар, ұлағатты дана сөзі бар асыл қарттарымыз аман болсын деген тілегін білдірді.

№5 Жаңатас колледжінің кітапханашысы Г.Долахаева, колледж студенттері атынан  А.Жәутен құттықтап, мәдениет қызметкері  Ж.Абдрахманов «Қарттарым, аман-сау жүрші» әнін тарту етті.

Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Елдік елге байланысты» атты  қоғамдық форумында қабылданған үндеуін бір ауыздан қабыл алып, қоғамдағы өзекті мәселелерге  тоқталып, үндеудің өзектілігі мен маңыздылығы сөз болып, үндеуге үн қосып, белсенді үлес қосуға шақырды.

Аудандық мешіттің найб имамы А.Шадиев қатысып, қарттарымыз ауылымыздың көркі, ұрпақ тәрбиешісі, ұлт ұйытқысы, салт- дәстүріміздің қайнар көзі, тәрбиенің сарқылмас бұлағы. Міне, осындай қарттарымыз көп болса ауылдың бірлігі мен тірлігі жарасып, жақсы күндерге жол аша бермек,- деп жастарды имандылыққа шақырды. Еңбек ардагерлері — Б.Рыспанов, Ж.Шәдіұлы, О.Елеуқұлов, Ө.Сержан,  әжелер   Р.Сазанова, Т.Ахметовалар өз ойларын қосты. Іс-шара соңында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы   Ж.Орынбаев,  алқа билер төрағасы  Қ. Жандарбек   ақсақалдар атынан ризашылығын айтып, ақ тілегін білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.