Өмірі өнеге, ісі үлгі ЫДЫРЫС

0

Бүгінгі қазақ қоғамы ұлтжанды, отаншыл жастарға тағылымды тәрбие беру мақсатында тұлғатану мақсатын ұстанып отырғаны уақыт шындығы. Осындай маңызы зор, мәртебесі биік ұстаным Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ашық көрініс тапты. Өйткені ұлт жастары үшін Жастар жылы аясында ұлтымыздың биік бәйтеректей болған кемеңгер тұлғаларының өмір жолдарын оқып-біліп, өркендеп өсудің мәні ерекше. Мен әңгіме еткелі отырған ішкі істер органының ардагері, «КСРО милициясының үздік қызметкері» атағының иесі, полиция подполковнигі, қарапайым өмірде жастардың қамқоршы ұстазы, тәлімгері бола білген Ыдырыс Мырзамбетовті осындай ұлтжанды жандардың қатарына қосуға әбден болады. Ұрпағы мен шәкірттерінің тәрбиесін, келелі қоғамның ертеңін терең ойлаған шынайы офицер Ыдекең қазығына байланған қазақтың қазанатындай кесек тұлғалы азамат еді. Жаманға жалынбай, жақсыға табынбай өнегелі өмір мен ғибратты болашақты шын көргісі келіп, соны аңсаған адалбақандай, мықты уықтай майыспай өмірден өткен полиция подполковнигі Ыдырыс Мырзамбетовтің зиялы тұлғасы мен зерек бейнесін көз көргендері мен кейінгі буын азаматтардың ұмытпасы ақиқат.

Сарысу топырағында жарық дүние есігін ашқан Ыдырыс жастайынан сабаққа да, өнерге де, спортқа да алғыр болып өсті. Ол Кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтегеннен кейін Байқадам кеңшарында комсомол ұйымының жетекшісі болды, ал қалған өмірі ішкі істер органында қызмет етуге арналды. Ішкі істер органының Сарысу, Талас аудандары мен Тараз, Жаңатас қалаларында қатардағы жедел тергеушіден бастап лауазымы биік басшылық қызметтер атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында аянбай еңбек етті. Подполковник шеніне көтеріліп, жоғары дәрежедегі офицер атанды. Ыдекеңнің ішкі істер органындағы негізгі жұмысы қылмыскерлермен күресу болғанымен, ол оның артында адам тағдыры бар екенін әрқашан жадында сақтаған азамат болатын. Бұл біз білген, біз таныған, біз көрген, біз естіген көпшіліктің тұнбасы жоқ ашық пікірі мен әділ бағасы болатын. Ол ұзында өші, қысқада кегі жоқ, қайта бітімге жақын, келісім мен қорғауға дайын ауыл баласы еді. Ол атақ-шен үшін өзінің арын сатқан жоқ, лайлы жерді басқан жоқ, ең бастысы намысын таптатқан жоқ.

Тергеу ісінің қыр-сырын жетік меңгерген ол қайда жүрсе де көптеген жас кадр-ларды бауырына тартып, тәлім-тәрбие берудің үлгісін көрсеткен таза офицер болатын. Оның алдын көрген көптеген ішкі істер органы саласының сол кездегі жас қызметкерлері бүгінде республикалық, облыстық және аудандық деңгейлерде жауапты қызметтер атқарып жүр. Жастарға өмірі өнеге, ісі үлгі болған жоғары шенді офицер Ыдырыс Мырзамбетов осылайша артында өшпес із қалдырған ғазиз жүректі жан еді.

Ал алды бар да, арты жоқ, сынаптай сырғыған мына заманның өлшеусіз уақыты кеше ғана біздің ортамызда жүріп, елінің арқа сүйер бел баласындай «шат-шадыман өмірдің дауысы өктем қысқа күйінің» әуеніне ілескен Ыдырыс Серікұлы Мырзамбетовтің дүние есігін жауып, мәңгілік мекеніне аттанғанына көктемі кетіп жазы келген, жапырағы үзілген күзі қыр асқан бір жыл толып отыр. Ал адам баласына ақтық демі таусылғанша өмірлік серік болған, ағарып атқан таң шуағы мен қимастықпен қызара батқан күннің орны қашан да ерекше. Өйткені бұл – қырдан соққан қара желден теңселіп тұрған қарағайдай өмір. Жаратушы Тәңір тірі жанға ұзынды-қысқалы ғұмыр береді, тарауы сан жолмен тоғысатын тағдыр береді, онымен қоймай «өз үкімін» шығарып, кетер жанның «жолын» да бөгемейді. Жұмыр басты әрбір пенде үшін де аунаған аймен жылжыған жылдардың, бірін-бірі жарыса қуған күндермен өлшенетін тоқтамас уақыттың да шеңбері бары рас екен. Осылайша адам баласы бес күн жалғанға өз ізін қалдырып, артына бұрылып қарамай-ақ кете барады. Өйткені күндердің керуені ұзап, айлары алыстап, жылдардың әрі қарай сағымдай жылжи беретіні табиғат заңдылығы мен мәңгілік еш нәрсенің жоқтығы да барша адамзат баласына аян. Бұл қатыгез, қатал өмірдің бұлтартпас шындығы. Осылайша ұрпақтар қатары ауысып, ағысы бой бермес асау өмір өзені өз жалғасын, жылжып аққан су өз сағасын таба береді екен. Бұл да жөргек көйлектен басталған әрбір жанның бастау сапарының аяқталар аяғы бар дариға-дәурен өмірдегі жіңішке жолының белгісі болар.

Кешегі кеңестік заманда қылмыспен күрестің сапында жүрген сардар тергеушілік кәсібінде суарылған болаттай, шыңдалған шалғыдай тікмінезді Ыдырыс Мырзамбетов өзі «өмір мектебінен» өткен, алдын көрген ұстаздарын аса жоғары құрметтей және ұлықтай білген азамат болатын. Олардың алдыңғы қатарында Сарысу аудандық ішкі істер бөліміне ұзақ жылдар басшылық қызмет жасаған милиция подполковниктері Сүлеймен Назаралиев пен Әуес Жұмағұловтай ұлағатты ұстаздары тұратын. Ал қызмет бабында иық тіресе қатар жүрген әріптес ағалары Тілеуқұл Құдайбергенов пен Орақ Сәтмаханов, комсомол жұмысында жүргенде ағалық қамқорлығын аямаған іскер басшы, талантты ұйымдастырушы Рсан Есенбеков сынды елі қадірлеген, жұрты жақтаған ел ағалары бар болатын. Олар жайлы әңгіме қозғалған кездерде Ыдекең өткенді еске алып, шаршамай-талмай, шын пейілді ризашылдығымен ұзақ әңгіме-дүкен құрушы еді.

Сондай-ақ өзімен қатар қызметтес және сыйлас болған замандас достары, бүгінде полиция ардагерлері Болат Құлекеев, Оразалы Шералин, Тұрдалы Шералин, Асқар Арқабаев, Мағи Ысқақов, Карл Шардарбеков, Әбітай Бірманов, Қалабай Әбдіхалықов, Жомарт Ысқақов, Әби Сәулебаев пен өмірден ерте өткен Балтабай Күзенбаев, Бақыт Кәрібозов, Ермек Исабеков, Тұрғанбек Төленбаев, Бақыт Жамбылов, Серік Назаралиев сияқты белді жігіттер де оның өмірлік тірегіндей болған атпал азаматтар еді. Асылында, Ыдырыс өмірінің соңғы сәтіне дейін осы жұлдыздың шоғырындай болған әріптес достарының есімдерін жадынан шығармай, арадағы қарым-қатынасын бір сәтте үзген емес.

Байдың мінген жорғасы емес, кедейдің асынған дорбасы көрініп қалған кешегі күрделі әрі өтпелі кезеңде Ыдырыс тек қана өз отбасының жағдайын «жасауды» ойламай, бүкіл ел қатарлы өмір сүруді мақсат ете білді. Ол халықпен қиыншылықты бірге көрді, тапшылықты бірге сезді. Өйткені ол етектегі елін ұмытпаған, жағадағы жұртын құрметтеген, қасындағы досын қастерлеген, жанындағы ағайын-туыс-бауырларын қадір тұтқан мақпал мінезді, елден бөлінбеген көптің баласы еді. Осылайша өмірде ырысты, ағайынға жұғысты болған Ыдекең қазақтың «Жақсы аға әкені жоқтатпайды» деген өнегелі сөзін іске асырған нағыз жігіт көгінде болды. Ол іні-қарындастарының барлығына ардақты әкесі мен анасының жоқтығын бірдірмей, өзі қамқор бола білді және барлығының оқып, үйлі-баранды болуына айрықша үлес қосты. Жаңадан отау тігіп, шаңырақ көтеріп жатқан бар балалардың тойы мен қызықшылықтары Ыдырыс пен оның жан-жары Мәрия екеуінің тікелей араласуымен, басқаруымен өтуші еді.

Ескі замандағы есті бабалар «Әр пенденің аспанда өз жұлдызы болады» деген өнегелі сөз қалдырған деседі. Біздің Ыдырыс досымыздың да сол көк күмбез аспанда өз жұлдызының болғаны рас шығар?! Енді міне, жарық дүниені тастап, рухы көкке көтерілген шақта сол жарқыраған жұлдызымен қайта табысқан да шығар… Біз үшін достыққа адал, уәдеге берік, сертке сергек, айтар ойыңды қас-қабағыңнан, әудем жерден сезетін Ыдекең шоқтығы биік дос-тұлға еді… Денсаулығы сыр бере бастаған Ыдырыстың соңғы жылдары біраз қиналғаны рас. Бірақ ол мырза күннің шуағы мен өрелі өмірдің таусылмас қызығы үшін «әл бермес алып күшпен» барынша күресті. Біз, достары сондай қиналған шақтарында қасында болдық. Жігеріне жігер, қуатына қуат қостық. Сенім мен үмітін жоғалтпауға барынша ықпал еттік.

Ыдырыстың бір қарағанға өңменіңнен өтер өктем мінезі жоқ, қайта мейірімі мол, басбұзар бұзықтығы жоқ, қайта көпті дос санап, беттен алып, төске шабатын ащы тілі жоқ, қайта биязы сөзі бар азамат болатын. Ол өмірден достық қарым-қатынасқа сызат түсірмей, достықтың ақ туын көтерген қазақтың қарагері күйінде өтті. Ыдырыс достардың, болмаса арагідік ағайын-бауырлардың, кейде қызметтес әріптестерінің өмірде орын алып жатар ұсақ кемшіліктерінің өзіне үлкен кеңшілікпен қарайтын, ашудан аулақ, ынтымаққа ынтызар, жүрегі кең абзал жан еді.

Артында адасқан қаздай, желден қашқан қарлығаштай, бөтен дауыстан үріккен құлын-тайдай көздері жәудіреген ұлдары мен қызы, асыл жары Мәрия мен сүйікті бауырлары, сүйкімді немерелері қалды. Алайда ол осы жетпіс деген биіктің алдында «асыл ата» деген ұлы атаққа ерте ие болған еді. Немерелері дүниеге келгенде балаша шаттанды, аташа қуанды. Немерелерінің жақсы оқуымен мақтанды. Алғашқы қадамдары мен кішкене де болса табыстарына аталық ақ батасын берді. Ыдырыс үлкен адамдардың ғана емес, өз немерелерінің алдын кеспей, төл ұрпағын мына тоғыз тарау өмірге бейімдеп, оның ішінде білім мен спортқа жақын, ең бастысы азамат болулары үшін әкелік және аталық тәрбиесін аямады.

Ыдекең еске түскенде оның жайдары да сырбаз мінезі, жылышырайлы жүзі, кісі көңілін қалдырмас ізгілігі, офицерге тән тік жүрісі, ақ жағасын кір шалмаған таза киімі, риясыз шынайы күлкісі, талай кештерімізде оның орындауында міндетті түрде айтылатын «Мәриям Жагорқызы» әні, сал-серілік жүрістері, қолы ашық жомарттығы, аз күн көрмесе тұра алмайтын достарына деген сағынышқа толы падиша көңілі еріксіз көз алдымызға келеді.

Бар ғұмырын жанның да, тәннің де тазалығымен өткізген, бір әулеттің биік бәйтерегіндей болған, сыбағалы тағдырдан сыйын алған жомарт жүрек Ыдырыстың жарқын бейнесі, періште көңілі, қамқор пейілі оны жақын танып білген достарының жадында ұзақ сақталары сөзсіз. Әрине, жоқтың орнынан бар жасаудың қолдан келмесі де ақиқат. Бірақ Ыдырыстың артында бар болып, төбесі көрінген үкідей ұрпақтары өсіп келеді. Енді жаратқан Тәңірден соларға ұзақ өмір сұрайық, бақытты күн тілейік.

О, жалған дүние-ай, осылайша даладай дарқан, баладай аңқау, қарттай аңғал Ыдырыстай нағыз досты ортамыздан еріксіз айырып, жанды жабырқатып, жүректі езіп, көңілді құлазытып кеттің-ау! Ғажайып тағдыр менің маңдайыма сонау 1976 жылы Ыдырыспен жақын танысуды жазып, өмірінің соңғы сәтіне дейін бір жүріп, бір тұруды, қызықты, қуанышты сәттер мен қиналған шақтарды да бірге бөлісуге жазды. Бүгінде бес белесті бағындырып, алты қырдан асып, кейін бұрылып қарасаң сол бір ұмытылмас кезеңдер көңілге тым ыстық болып тұрады екен. Құс қауырсын қаламы қарымды, ойы тұңғиық, сезімі мөлдір бір жазушы «Нағыз адам – ақылды, қарапайым, әділ, батыр және мейірімді болуы керек» деген екен. Ыдырыстың тұла бойына, оның болмысына, оның жүрегінің кеңдігіне, жан дүниесінің мейіріміне қайтадан бір үңіле қарай отырып, оның шын мәнінде нағыз адам болғанына еш күмән келтіре алмайсың! Өйткені ол жаратушы Алла мен Табиғат-Ананың өте бір кең етіп жасаған қайталанбас туындысы секілді. Мінезі мырза Ыдырыс бес күн жалған дүниеде «Адам» деген ұлы атқа дақ түсірмей, «Азамат» деген қастерлі қасиетке кір келтірмей кеткен жан. Ол майдалық пен артық мансапты білмей ғұмыр кешті. Өмірге періште болып келіп, екі кештің ортасында ақ жамылған періште болып кете барды… Қимайсың да қиналасың. Қажисың да жоғалтасың. Іздейсің де таппайсың. Бірақ қолдан келер амал, шара жоқ… Талқаны таусылған талайлы тағдырдың дәм-суы осылай шығар…Осылайша ол – адал адам, кішіпейіл азамат атты үкілі ұғымдарға сызат түсірмей, кең маңдайын көтере өмірден өтті де кетті.Артында қалған достары атынан ортамызда орны қалған, сергек сезімі мен жаныңды жадырата айтар сөзі қалған, кербез, сұлу әндері қалған, көзі ботаның көзіндей мөлдіреген Ыдырысқа топырағың торқа, жатқан жерің жарық, нұрың пейіштің төрінде шалқысын, асыл азамат, қимас дос дегіміз келеді.

Ыдырыстың жылдығына арналып берілетін ас пен оның рух-шәріпіне оқылатын Құран сүрелерін қабыл қылғай.

Қырғызәлі Тілеуов, Тараз қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.