Кім мықтыны анықтады

0

Биыл тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толады. Бүгінде елімізде, оның ішінде ауданымызда барлық салалар бойынша көптеген іс-шаралар осынау айтулы күннің аясында ұйымдастырылып, өткізілуде.Аз уақыттың ішінде егемен еліміз әлеуметтік-экономикалық дамудың жарқын жолдарына қадам басты. халқымыздың тұрмыс деңгейі артты.Оның ішінде спорт саласына көңіл бөліп, спортшы ұл-қыздарымыз әлем чемпионаттарда жүлделі орындардан көрінуде. Ауданымызда да ұлттық ойындар насихатталып, жарыстар кең көлемде өтуде . Осының бір дәлелі Бөрібек Тоғызақбайұлын еске алуға арналған қазақ күресінен турнир жыл сайын өтіп келеді. Әке жолын кейінгі жас буынға насихаттап, жас спортшыларды сондай жетістіктерге ұмтылдыру мақсатында Тоғызақбаев әулетінің ұйымдастыруымен, аудан әкімі Қ.Мәдібектің бастамасымен және аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен Жайылма ауылындағы Б.Тоғызақбаев атындағы спорт мектебінде дүбірлі шара өтті.

«Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан» газеттерінің жартылай ауыр салмақтағы жеңімпазы Бөрібек Тоғызақбайұлы атындағы  қазақ күресінен 2004-2005 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы Vl республикалық турнир ауданымызда жоғары деңгейде өтті.

Аталмыш шараның аудан әкімі Қ.Мәдібек, аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев, аудандық мәслихаттың депутаты Б.Дондаұлы, Тоғызақбаев ұрпақтары қадірменді қонағы болды.

Турнирді аудандық мәслихат хатшысы С.Бегеев сөз сөйлеп, ашып берді.

— «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахс-тан» газеттерінің жартылай ауыр салмақтағы жеңімпазы, оңтүстік аймақтың чемпионы атанған, ауданымыздың тумасы Бөрібек Тоғызақбайұлын еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнирге қош келдіңіздер! Аға ұрпақтың тарихи жетістіктерін өскелең жеткіншектердің санасында жаңғырту бүгінгі ұрпақтың міндеті екендігі белгілі.

Спорттың бұл түрі ауданымызда жақсы дамып келеді. Ауданның спорт мектептерінде 100-ден астам бала күрестің осы түрінен жаттығады.

Өздеріңізге белгілі, қазақ күресінің мәртебесін арттыруға бағытталған бұл дәстүрлі жарыс Сарысу жерінде көп жылдан бері өткізіліп келеді. Аудандық жарыс болып басталған бұл дода бүгінгі таңда республикалық деңгейге жетті. Қазақ күресінің мерейін асырып, абыройын тасытатын бүгінгі белдесуде жеңіске жетулеріңізге тілектеспін,-деп жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Содан соң бірқатар азаматтар ыстық жүрекжарды тілектерін білдірді.

Байрақты бәсекеге Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан,Түркістан облыстары мен Тараз қаласы, Сарысу, Қордай, Жамбыл, Меркі аудандарынан келген балуан спортшылар түрлі салмақ дәрежесінде өз бақтарын сынады. Нәтижесінде, 70 келі салмақ дәрежесінде Айтқұлов Әміржан 1-орынды жеңіп алды.  Базарбай Абдулла 2-орынды қанағат тұтты. Нұрсұлтан Назарбаев 3-орынды иеленді. 65 келі салмақ дәрежесінде Төлеутаев Мұхамед 2-орыннан көрінді. Жарыс барысында түйе балуандарда бақтарын сынады.  Онда Аманшүкіров Нұр 1-орынды жеңіп алып, мотоциклді қанжығасына байлады. Мырзанов Нұрболат 2-орынды иеленіп, телевизорды алды.

Республикалық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің диплом, медальдары және Жеңіс Тоғызақбаевтың арнайы дайындаған заттай сыйлықтарымен марапатталды.

Сәулет Есқараев, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.