Қала ортасында қауіп төндіретін нысан бар

0

Дүйсенбі күні аппараттық жиында сөз болған ең өзекті мәселе қала ортасында металл бұйымдарын жинайтын кәсіпкерлік нысан болып тұр. Бұл нысан Абылай хан атындағы мектеп лицейі мен орталық базар ортасында орналасқан.  Жұмыс істеп тұрғанына бірнеше жылдар болған. Кәсіпкер Ж.Ильясов бұл саланың айтулы маманы болып алған. Алайда белгілі жүйедегі рұхсат қағазы болмаса да түрлі-түсті металдан құрылған сынық бұйымдарды жинақтайды. Кәсіпкерлік цехтан күнделікті Шымкент, басқа да қалаларға көптеген қара металдан бастап  түрлі-түсті сынықтар кетіп жатады. Нысан ішінде сұйытылған газ бен оттегі баллондары металл кесуге  күндіз-түні қолданылады.

Жарылғыш заттармен жұмыс істейтін бұл цехтың қасынан мектеп оқушылары күнделікті тоқтаусыз өтіп жатады. Оның үстіне тура қасында жағар-жанар май бекеті бар. Сондай-ақ халықтың көп шоғырланған жері орталық базар да қашық емес. Осы уақытқа дейін осы қауіп ешкімді де алаңдатқан емес.

Алайда, қауіп-қатер мұнымен де шектелмейді. Цех ішіндегі металл бұйымдарын «радиоактивті» емес деп кім айта алады. Оның зияны қала халқына орасан зор. Осы сәулеленуді (радиация) зерттеп, сараптап жатқан ешкім жоқ.

Сонау жылдары біздің ауданның Солтүстік өңірінен босаған әскери база орындарынан ұшақ сынықтары мен қаруларының қалдықтарын жинаған көптеген тұрғындар сәулелену ауруынан өз өмірлерімен қоштасқан болатын. Осындай өлім-жітімдер қала маңынан да орын алған еді.

Кеңес Одағы кезінде Саудакент елді мекенінде өткен тартысты жиналыста Жаңатас қаласындағы таулы шұқырлар ішіне одақ көлеміндегі «радиоактивті» қалдықтарды көму жөнінде ұсыныс болған болатын. Қазіргі таңда осы қалдықтардың әкелген, әкелмегені туралы анық ақпарат жоқ.

Егер әкелген болса оның сынықтары осы цехқа келмейтіндігіне кім кепіл?!

Аталған металл қабылдау орны Жылжымайтын мүлікті жария ету комиссиясының 2007 жылғы 6 наурыздағы №5016 шешімімен Жаңатас қаласы 6-шағынаудандағы автокөлік гаражы ретінде Ж.Ильясовтың атына жария етілген. Жер учаскесі нысаналы мақсаты бойынша автокөлік гаражына қызмет көрсету үшін 49 жылға ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен рәсімделген.

Қазіргі таңда меншік иесі жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбауда.

Осындай нысаналы мақсатта пайдаланылмайтын қауіп-қатер тудыратын объектілер аудандық террор-измге қарсы әрекет жөніндегі комиссиясында қаралып, тоқтау салуға немесе басқа жаққа көшіруге толық мүмкіндік бар екені аппараттық кеңесте айтылды.

Осы аппараттық кеңесте Абылай хан атындағы мектеп лицейінің сыртқы қоршауын орнату жөнінде ұсыныстар болды.

Күзгі мерзімді әскерге шақыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Жаңатас қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы А.Пшаев хабарлама жасады. Бүгінгі таңға әскер қатарына шақырылғандар саны 37,8 пайыздан аспай отыр. Осыған орай аудан әкімі Қ.Мәдібек ауданда әскери-патриоттық тәрбиені жақсарту мәселесін аудандық ішкі саясат бөліміне тапсырды.

Ауылдық округтердегі арнайы мамандармен алдағы уақытта семинар-кеңес өткізу де жоспарланды. Сондай-ақ аппараттық кеңесте күнделікті ағымдағы мәселелер кеңінен талқыланып, тиісті тапсырмалар берілді.

Ж.Өзбеков, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.