АУДАНДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАРҒА ОҢ БАҒАСЫН БЕРДІ

0

Осы аптаның сәрсенбісі күні облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы Құрманбекова ауданымызға жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімінің орынбасарын аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова күтіп алды.

Ең әуелі облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы бастаған топ Ұйым ауылындағы Ы.Сүлейменов атындағы орта мектептің спорт зал құрылысымен танысты.  Құрылыстың сапалы әрі жақсы жүріп жатқанын көріп, мектептің ішіне де бас сұқты. Өзі «аппақ мектеп» деп атап кеткен білім ошағының пән кабинеттерін аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықталған сынып бөлмелерін көріп, мектеп жайлы толық мәлімет алды.

Онан соң аудан әкімдігі білім бөлімінің Техникалық шығармашылық орталығына ат басын тіреді. Білім ошағының директоры Мұхтар Мельдеев қонақтарды қарсы алып, орталық жайлы толық мәлімет берді.

Директордың мәліметі бойынша ұжымның педагогикалық құрамы – 40, орталық техникалық бағыттар бойынша жұмыс жасайтынын,  2019-2020 оқу жылында – 713 тәрбиеленуші оқушылар 11 мектеп бойынша он  екі үйірмеге топтастырылғандығын, үйірме жұмыстарына жабдықталған 13 кабинет бар екендігін білдік. Сондай-ақ, қонақтар оқытушылар мен оқушылардың темірден, пластмастан, ағаштан жасаған мини тракторды, квадроциклді, электро-картты, электрокартингді, ағаштан жасалған машинаны тамашалап, таңқалыстарын жасырмады. Тіптен оларды оқушылар жүргізіп те көрсетті. Орталықтың ішіне кірген қонақтар, рухани жаңғыру бағытында шиден тоқылған өнер туындыларымен және сурет көрмесімен танысты. Сонымен қатар, «Ұшақ үлгілеу», «Трактор автомобиль лабораториясы», «Техникалық қызмет көрсету»  және «Кеме үлгілеу» бөлмелері де назардан тыс қалмады.

Облыс әкімінің орынбасары қазіргі уақытта ғылым мен техниканың дамыған заманында білім алушыларға шығармашылық жұмыс-тармен айналысуларына жағдай жасап, тәрбиелеп отырған мекеме ұжымына алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Мұнан соң Саудакент ауылындағы «Ақбота» бөбекжай-бақшасының жұмысымен таныс-ты. Бөбекжай жайлы меңгерушісі Айжан Танкаева мәлімет беріп өтті. Балабақша 1979 жылы пайдалануға берілген, 280 балаға арналған. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 275 бала санын құрайды. Оның ішінде 1-3 жас  -66; 3-6 жас – 209. Жас ерекшеліктеріне қарай 11 топ жұмыс істейді. Барлық қызметкерлер саны — 87 адамды құрайды.

Жылыту қазандығы Алатау 250 және КВУ- 400 екі пеш қазандығы іске қосылып тұр. Маусымдық отжағу барысында 341 тонна қатты отын /көмір/түсірілген.  Екі отын сақтайтын қоймасы бар. 2010 жылы -ғимараттың  терезе мен шатыры, кәріз жүйелері ауыстырылған.

Облыс әкімінің орынбасары бөбекжайдың ішін толық аралап көріп, қысқа дайындық, балалардың бақшаға келуі және балалармен қалай жұмыс жүргізіп жатқандығы жөнінде сұрап білді. Ал, бүлдіршіндер болса, келген қонақтарды жатырқамай, сәлемдесіп, өздерінің жаттаған тақпақтарын айтып берді.

Қонақтар аудандық орталық кітапханада орналасқан «Коворкинг» орталығын аралап көріп, жұмысымен танысты. Мұнда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Светлана Қожаназарова орталық жайлы мәлімет беріп өтті.

-2018 жылдың 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында «Nur Otan» партиясының бастамашыл жобасын жүзеге асыру, халықтың білімге деген құштарлығын арттыру  мақсатында Сарысу аудандық  орталық кітапхана   жанынан  «Коворкинг»  орталығы ашылды. «Коворкинг» ағылшын тілінен аударғанда «бірге жұмыс жасау» дегенді білдіреді .

Коворкинг орталығы – барлық топтағы  адамдардың басын біріктіріп, идеяларын талқылап, кітап оқып, демалуға, өз шығармашылық қабілеттерін  арттыруға мүмкіндік беретін жер.

Орталық төрт аймаққа бөлінеді: Ғаламтор және  бейресми кездесулер аймағы: жедел интернет желісіне шығу мүмкіндігі, Wi-Fi,  моноблоктар мен ноутбуктардан керекті  барлық ақпарат  түрлерін алу  және түрлі сайттарға кіріп  мысалы  сао-jambyl.kz сайты арқылы 13 сала бойынша   ақпарат алуға болады, 48  жерлес  ақын –жазушылар  шығармалары сандықталды, ПДФ форматы арқылы оқи алады. Сонымен қатар, іскерлік кездесулер, түрлі форматтағы  тренингтер, дөңгелек үстелдер, пікір алмасу және түрлі  жобалар   тұсаукесерлері  өтеді.

Білім аймағы:  пайда-ланушыларға  кітап  қорын-дағы құнды әдебиеттер мен мазмұнды, қызық-ты кітаптардан  кітап көрмелері  ұйымдасты-рылып,  мерзімді басылымдармен таныса алады. 

Демалыс аймағы:  интернетке   қосылған  теледидардан қызықты бағдарламалар көріп, жайлы жиһазда отырып  караокемен  ән шырқауға болады. Шебер қолдар  үйірмесі  жұмыс істейді. Демалыс аймағында  үстел үсті ойындары- шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ  ойындарын  ойнауға арналған.

Шығармашылық алаңы: жеке кабиналарда, жеке шығармашылықпен айналысуға барлық жағдай жасалған,-деді.

Ал, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде жүз жаңа есім және ауданның тарихи-танымдық жерлерімен танысып, еліміздің киелі жерлерінің географиялық картасына шолу жасалды және жобалар аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды слайд арқылы тамашаланды.

Облыс әкімінің орынбасары Жаңатас көпсалалы колледжіне барып, колледждің пән бөлмелерімен, студент-тердің өз қолымен жасаған шығармашылық жұмыстарымен және Қоғам қайраткері Әшір Бүркітбаев атындағы оқу—зертханасымен де танысып,  жастармен ашық сұхбат құрды.

-«Еркін елде өскен ұрпақтың рухы әрдайым биік болуы тиіс. Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса-ол елдің еңсесі де биік болады. Өршіл, намысшыл жас отаншыл, патриот келеді, халқына, өз ұлтына адал қызмет етуге ұмтылады»-деген болатын тұңғыш Президент Н.Назарбаев.

Бүгінгі таңда жылдам дамып, сәт сайын өзгеріп отырған қоғамда жастардың алдына да қойылып отырған мақсат-міндеттер аз емес. Бүгінгі жастардың бақытына орай, бізде тегін білім алып, ғылыммен шұғылданып, идея бөлісіп, оны жүзеге асыруға толық мүмкіндік жасалған. Жақсы білім шексіз мүмкіндіктер ашады. Әрине ол үшін күш салу керек. Бұл мүмкіндіктердің ауқымы кең, тарихы терең және болашағы зор,-дей келе жастарды жаман әдеттерден, жат ағымдардан аулақ болып, жақсы оқып, жақсы азамат болып қоғамда қалыптасуларын айтты. Колледж жастары өз ойларын ашық білдіріп, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Оған тұшымды жауаптар қайтарған облыс әкімінің орынбасары, жастармен естелік суретке түсті. Сондай-ақ, колледж білімгерлері әннен шашу шашты.

Аудандағы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, олардың сауалдарына жауаптар берді. Қабылдауға келген қала тұрғындары пәтер алу, жеке кәсіпкерлігін дөңгелету үшін несие алу және жұмысқа орналасу, пән оқытушыларының жетіспеушілігі жайлы сұрақтарын қойып, оған тиісті жауаптарын алды.

Іссапар аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен актив отырысымен жалғасты.

Іссапар барысында көрген-білгенін толық саралай келе Сұлушаш Сәтбекқызы бірқатар атқарылуы тиісті тапсырмаларға да тоқталды. Жалпы ауданның өсіп-өркендеуі оң бағытта, сапар аясында бірқатар қуантарлық жәйттерге куә болғандығын атап айтты. Барлық салалардағы оң өзгерістерге тоқтала келе, шешімін табар мәселелерге де тоқталып өтті. Сонымен қатар, жиынға қатысушылардың сұрақтарына толық әрі нақты жауаптар қайтарды.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.