Сақтық шарасы САН СОҚТЫРМАС

0

Ықылым заманнан бері аңшы мен малшының сенімді серігі болған иттің қазақ тұрмысындағы орны ерекше. Халқымыз оны жеті қазынаның бірі деп қадірлейді. Иесіне адалдығы үшін ардақтайды. Бұрындары итті мал мен жанның қауіпсіздігі үшін асыраған қазақ бүгінде ермек үшін бағып-қағып, үйінің төрінен орын береді. Алайда төрт аяқтының бәріне мұндай бақыт бұйырмаған. Иесіз қалып, көше кезген, қаңғыбас жануарлардың қатарын толықтырған иттер де көп. Жұрттың үрейін ұшыратын да – солар. Бейғам келе жатқан адамға тарпа бас салып, тісін батыратын қаңғыбас иттер бүгінде қауіпті болып тұр.

Ауданда көктем шыға күрт көбейіп кететін қаңғыбас иттердің тұрғындарға қауіп тудырып келе жатқаны бірінші жыл емес. Бұралқылар күндіз бала-ларға телміріп, жаяу жүргіншілердің аяғына оратылса, түнде тынымсыз үріп, демалуға кедергі жасайды. Көздері қанталап, аштықтан бұратылған қаңғыбас иттерден қорыққан қала тұрғындары кешкілік далаға шыға алмай қалғандарын айтады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанса да, қадағалаудың неліктен аз болып тұрғандығы ойландырады. Қалада кезбе иттерден көше айналып жүретіндер көбейді. Бұндай жағдай ауылдарда да кездесетіні сөзсіз. Себебі соңғы уақытта қапқаны былай тұрсын, түрлі ауру тарататын жануарлар да жиі кездесіп жатады. Әрине, біздің аудан бойынша әзірге ауру таратушы жануарлар тіркелмеген. дегенмен, сақтықта қорлық жоқ. Мысалы ауданда 2019  жылдың 8 айында иесіз иттерден және үй жануарларынан зардап шеккен 82 адам (100 адамға шаққанда -186,0 пайыз) оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны 33 болып тіркеліп отыр. Әзірше бұз азаматтардың арасында құтырма ауруымен тіркелгендер жоқ.  Зардап шегіп медициналық көмекке келгендер антирабиялық екпелермен толық қамтылған. Ал, 2018 жылы зардап шеккендер ауданымызда 94 адамды құраған. Оның ішінде балалар саны 44 болған. Бұл тек аудандық орталық ауруханаға тіркелгені ғана. Тіркелмей өз бетінше үйлерінде емделіп жатқандары қаншама. Бұған басты себеп бұралқылардың көшеде босып жүруі. Тиісті мекемелердің өз жұмыстарына бей-жай қарауында. Бұл бойынша арнайы аудан әкімдігінің ветеринария бөлімінің басшылығымен хабарласқанымызда бізге нақты жауап айтпай, тілдесуден қашқақтады.

Осы мәселе бойынша қала тұрғындарымен сөйлескенімізде  -Қаңғыбас иттер мазамызды алып бітті. Әбден ашынып, ызаланған кезінде бізге шабуыл жасай ма деп, таңғы уақытта және кешке сабақтан қайтарда балаларды мектепке жалғыз жіберуге де жүрексінетін болдық. Түн ішінде үй арасында жаяу, жалғыз-жарым жүруден де қорқамыз,-деді.  Ия солай айтатындай бар. Себебі, қала ішіндегі қоқыс жәшіктерінің маңайларында қаңғырған иттер қаптап жүреді. Бұл иттерді дер кезінде құртпаса, түрлі аурулардың өршуіне түрткі болуы мүмкін. Ал, қазіргі уақытта жаңадан туған күшіктер бауырларын көтеріп, адаммен алысатын әл жинап қалғанын ескерсек, не қабағында ит қаймығатын қаһары жоқ, не білегінде қайтарып тастар қауқары жоқ жас балалар мен қарияларға төнген қатердің артқанын аңғаруға болады.

Аудан әкімдігінің ветеринария бөлімінің қызметкерлері мәселені неге бақылауға алмай отыр? ҚР «Ветеринария туралы» заңына сәйкес әр түрлі жұқпалы ауру-лардың алдын алу үшін иесіз иттер мен мысықтар аулануы қажет. Бірақ, бұл заң талаптары біздің ауданда неге тиісті деңгейде орындалмай отыр? Жалпы бұл түйіні шешілмей отырған мәселе алдыңғы газет сандарында да кеңінен жазылған болатын.  Дегенмен, тиісті мекеме басшысынан жауап хат ала алмай отырмыз немесе атқарылған жұмыстардың нәтижесін көре алмадық.

Ия, Қазақстан Республикасының «әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексіне сәйкес, мұндай жағдайға жол берген мал иелеріне айыппұл түрінде жаза қарастырылғанын білеміз. Дегенмен, ауданда Кодекстен қорқып отырған ешкім жоқ. Өйткені, ит-мысықтар мал дәрігерінің есебіне алынбаған. Сол себепті, қай жануар кімдікі екенін анықтау мүмкін емес. мүмкін емес екен деп қол қусырып отыруға тағы болмас. Бір шара қолдану керек шығар?

Проблеманың түбегейлі шешім табуына жол бермей отырған басқа да факторлар бар. Мәселен, қолданыстағы талаптар бойынша ит аулаушылардың қолына түскен иесіз ит кем дегенде 3 күн арнайы ұстау орнында болуы керек. Ал, иесі бұл уақыт аралығында табылмаса, арнайы питомниктерге өткізілуі шарт. Иттің иесі табылған жағдайда, ол жануарды ұстаған уақытына сай шығынын өтеген соң ғана үй жануарын алып кетуіне болады. Алайда, бізде бұл айтылған жайттардың ешқайсысы қарастырылмағандықтан, ауланған итті ұстайтын орын да жоқ. Питомниктерге келер болсақ, заңнама бойынша, оларды қоғамдық бірлестік өкілдері ашуы қажет. Дегенмен, біреудің итін кім асырағысы келеді?! Осы себепті де мұның ешқайсысы бізде жоқ. Оған қоса, егелері итті соншама уақыт іздейді дегенге сену қиын. Сондай-ақ, қолданыстағы заңнамада иттерді қинамай өлтіру керектігі туралы тармақтар да оларды азайтуға кедергі болып отырған болар. Бұлай арқаны кеңге салсақ көшеге шығып жүру қиындап қалатын шығар. Тиісті мекеме қызметкерлері «Мәселені шешу үшін амалын іздестіріп, аянып жатқан жоқпыз» – деп ақталары анық.  Ал, тұрғындар болса, жабайы иттерді азайтудың амалы табылғанша, қайғылы оқиғалардың жиілеп кетпеуіне кім кепіл боларын білмей дал. Дегенмен,  «Әрі тартса арба сынады, бері тартса өгіз өледі» деп отырған мәселені көп кешіктірмей тиісті мекеме басшылығы шешіп берсе деген ұсыныс.

Гүлнара Байбосынова,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.