СІБІР ЖАРАСЫНАН САҚ БОЛЫҢЫЗДАР

0

Сібір жарасы – адамға көп жағдайда сырқаттанған ауылшаруашылық малдарынан жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Ауру карбункул (жара) түрінде сыртқы жабындарды зақымдаумен, қызба, интоксикациямен, кейде сепсистің дамуымен сипатталады. Қоздырғыштың (Bacillus anthracis) ағзаға ену жерінде оттың шоғына ұқсайтын (ортасы қара айналасы қызыл) жаралар пайда болады, ертеде ол жараларды «қасиетті от» деп атаған.

Ауылшаруашылық малдары аурудың қоздырғыштарын көбінесе сібір жарасынан қолайсыз деп есептелетін жайылымдарда жайылып, әсіресе құрғақшылық кезде аласа өскен шөппен бірге топырақты жегенде жұқтырып ауырады. Жануарлардың ерні, ұрты, таңдайы, тік ішегінде көпіршіктер пайда болып, кейін олар жарылып, аузы-мұрнынан қанды көбіктенген сұйықтық бөлініп, жануар өледі. Аурудан өлген малдардың барлық мүшелері мен тіндері, терісі, жүні, сүйектері залалды болады.

Адамдарға сібір жарасымен ауырған малды сою, терісін сыпырып, етін жіліктеу, тамаққа пайдалану, жүнін өңдеу кезінде ауру жұғуы мүмкін. Бұл кезде бірен – саран жағдайлар немесе топтап аурулар кездеседі. Сонымен бірге сібір жарасымен ауырған малдары бар қораларда жұмыс істеу кезінде шаң-тозаң арқылы жұғуы мүмкін.

Сібір жарасының терілік түрі ең жиі кездеседі. Науқастардың саусақ, білек, мойын, бет, аяқ, т.б. мүшелер терісі зақымдалады. Терінің зақымдалған жерінде қатты қышитын қызыл дақ пайда болып, күлдіреп 2-3 күннің ішінде ортасында көмірдей қара қабыршағы бар жараға айналады. Жараның айналасы қызарып, жалтырап ісіп тұрғанымен, ұстағанда ауырмайды. Дененің қызуы көтеріледі. Уақытында ем қолданылмаса, қоздырғыш қанға өтіп (сепсис) денеге жайылып аурудың өлімге әкеліп соқтыруы ықтимал.

Сан рет сібір жарасы туралы айтылып жатқанына қарамастан соңғы кезде адамдардың күйдіргімен топтап ауруы көбейіп кетті. Себебі, бүгінде мал шаруашылығымен шұғылданатын ұжымдар мен серіктестіктер, жекеменшік мал ұстайтын азаматтардың арасында мал дәрігерлерінің қызметін қажетсінбеу, малдарын мезгілінде күйдіргіге немесе басқа да жұқпалы ауруларға қарсы ектірмеу (вакцинация), мал санын жасырып қалу, ауырған малды мал дәрігеріне уақытында хабарламай сойып, етін бірнеше үйге таратып беру немесе басқа бір жерге апарып сатып жіберу жағдайлары жиі кездеседі.

Сібір жарасы ауруының алдын-алу үшін төмендегі ережелерді сақтау қажет:

-малға жылына бір рет Сібір жарасы ауруына қарсы екпе егу;

-тұрғылықты мекен-жайы бойынша жайылымдардың сипаттамасын жергілікті ветеринарлық қызметтен білу;

-мал кенеттен ауырса немесе өлсе мал дәрігеріне хабарлау;

-малшыларды немесе мал шаруашылығымен айналысатын кісілерді осы ауруға қарсы вакцинамен уақытылы егу;

-жер асты су көздерін ашатын, құдық қазатын жағдайларда олардың қауіпті жерлерден аулақ болуын ескерту;

-мал ұстайтын қора-жайларда тазалық сақтау шараларын әрдайым жүзеге асырып отыру қажет.

Қорыта келгенде айтарымыз мал немесе мал өнімдерін сатып алатын болсаңыз, сатушылардан мал дәрігерімен берілген ветеринариялық анықтаманы талап етіңіздер және арнайы ет сататын жерлерден ғана сатып алыңыздар. Сібір жарасын  алдын алудың басты бағыты – ауылшаруашылық жануарларын иммунизациялау.Үйде жеке мал болса, әр малды  Сібір жарасына  қарсы егу керек. Ауладағы ауылшаруашылық малдарын ұстау ережелерін мұқият сақтаңыздар. Аурудан сақ болыңыз.

Е.АДЕНОВ, ҚР АШМ ВБжҚК-нің Сарысу аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.