Өнер жұлдыздары келді

0

Табиғаты ерекше жаратылған Қаратаудың баурайына қала салынып, өндіріс ошағына айналғанына да 50 жылдың жүзі болды. Өткен ғасырда дүниеге келген қала тәуелсіздік жылдарында жаңғырып, дамудың сара жолына түсті.

Жаңатас қаласы-өзінің жарты ғасырлық мерекесін үлкен салтанатпен атап өтті. Өткен аптаның сенбісі күні орталық алаңда Жаңатас қаласының  50 жылдық мерейлі мерекесіне арналған «Жаңатас-орындалған армандар қаласы» атты Қазақстан өнер  жұлдыздарының қатысуымен концерт    болып  өтті.

Концерт шымылдығын «Айжанқыз» би ұжымы «Жаңатас – орындалған армандар қаласы» атты биімен ашып берді.

Салтанатты жиында Жаңатас қаласының әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйледі.

— Жаңатас қаласында қарапайым инфрақұрылымнан бастап, қаланы абаттандырып, көріктендіру, жаңа нысандар салу, демалыс орындары мен саябақтарын жөндеу, жол-көлік қатынастарын ретке келтіру, қалаішілік қоғамдық көліктердің тұрақты жүруін қамтамасыз ету, көшелерді жаңадан асфальттандыру, жарықпен қамтамасыз ету жұмыстары да біртіндеп кезекпен орындалу үстінде. Қазіргі таңда Жаңатас қаласының өмірі қайта  жанданып келе жатыр. Маңызы бар ірі жобалалар жүзеге асырылуда. Қала күн өткен сайын жаңарып, жаңғырып келеді. Құрметті аудан тұрғындары. Жаңатастай өркениет көшіндегі қаламыздың 50 жылдық мерейлі мерекесі құтты болсын. Жас қаламыздың көркейіп өсуіне өзіндік үлес қосу баршамыздың міндетіміз,-деп қалада атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

Сонымен қатар, жас ақын С.Тоқбанов жүрекжарды өлеңін оқыды. Сахнада «Бұлбұл құсым» атты әнімен ән сүйер     қауымды баурап алған әнші Нұржан Қалжан әуезді әнімен қала тұрғындарының көңілдерін бір серпілтіп тастады. Сондай-ақ, Қазақстанның мәдениет саласының үздігі, әнші Оңал Азаматова, Қазақстан Республикасына  еңбегі сінген мәдениет қайраткері Саят Медеуов, еліміздің жарық жұлдызы, әнші Ақбота Керімбекова секілді танымал әншілер  тамылжыта ән шырқап, қала  тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аудандық мәдениет үйінің әншілері де әннен шашу шашты. Мерекелік кеш соңы  отшашумен жалғасын тапты.

Сәулет Есқараев, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.