КӘСІПТІҢ КӨЗІ-ҚОЛӨНЕРДЕ

0

Қазақстан экономикасының дамуы шағын және орта кәсіпті жетілдірумен тығыз байланысты. Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауындағы Қазақстан жолын кәсіпкерлікті дамытумен бастауы ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кірудегі сындарлы саясат.

Осы мақсатта ауданымызда кәсіпкерлікті дамытып отырған жандар жеткілікті. Көргенде көзіңді арбап, жаныңды баурап алатын ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларды жасайтын шеберлердің бірі Жаңтас қаласының тұрғыны Жапабаева Мадина Сейдахметқызы бүгінде қос қанаты Ұлбөбек, Гүлназ атты қыздарымен бірге жақында қолөнер үйірмесін ашты. Мұндай істі бастауға «Бастау» бизнес жобасы ұйытқы болған. «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік білім алып, мемлекет тарапынан 250 мың теңге қайтарымсыз несие алған.

«Шеше көрген тон пішер» дегендей кішкентайынан қолөнерге бейім Мадина қазақтың тоқыма өнерін дамытуға өз үлесін қосуда. Қолөнер саласындағы білімін жетілдіру мақсатында қосымша оқу да оқып жүр. Дегенмен, бала күнгі арманы осындай үйірме ашып, шәкірт тәрбиелеп, қоғамға өз үлесімді қоссам деген арманы орындалғанына қуанған Мадина өз қолымен жасаған бисерлік, тоқыма, моншақты бұйымдарын көрсеткенде көздің жауын алатын заттардың куәсі болдық. Расында да көздің майын тамызып жасалатын бұл заттарды жасау үшін көп шыдамдылық керектігі анық. Қазірдің өзінде қолдан тоқылған сөмкелер, құмырадағы гүл, қоржындар, балаларға және үлкендерге арнайы жүннен тоқылған шұлықтар және құрақ көрпешелерін халық назарына ұсынуда. Мақсатына жетуге ұмтылыс жасап жүрген қолөнер шебері әзірге жалғыз өзі жұмыс жасауда. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, бірге жұмыс жасағысы келетінін де жасырмады. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға деген тың қадамы.

Біз де өз кезегінде Мадина Сейдахметқызына армандарыңыз орындалып, болашақ шәкірттеріңіз мерейіңізді үстем етсін дегіміз келеді.

Гүлнара Байбосынова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.