Бақытын еңбектен тапқан жан

0

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылдың астарында терең мән жатыр. Бүгінде жұмыстың сан түрі көп. Былайша айтқанда, екі қолға бір күрек табылады. Бұрынғыдай «Қолыңда бір жапырақ қағазың болмаса, еш жерге ілінбейсің» дейтіндей уайым жоқ. Әрине, ол өмірлік жолдаманың орны бөлек. Дегенмен, еңбектің адамзатқа берер пайдасы орасан. Еңбек тынымсыз тірлік болғанымен, оның қоғамға, халыққа, отбасыға, жеке адамзатқа беретін қасиеті мол. Бұл қасиеттерді тудыратын, әрине, адам.

Ал сол адам еңбекті дүниеге адал жолмен әкелмесе, адам тағдырындай оның да өмір жолы бұзылады. Не десек те, терлеп тапқан табысқа еш нәрсе жетпейтіні анық. Дана халқымыз: «Еңбектің наны, жалқаудың жаны тәтті» деп бекер айтпаған ғой.

Бақыттың да, байлықтың да анасы да, атасы да еңбек деп ұққан Шынайдар Бекұзақұлы еңбекті пір тұтқан, өз бақытын еңбекпен тапқан, өз бақытын өз қолымен жасаған азамат.

Жеке басының туа бітті еңбексүйгіштігі, тұрақтылығы мен табандылығы, тиянақтылығы мен ұйымдастырушылық іскерлігі, қарапайымдылығы мен кішілігі, кісілігі өз өмірінде қол жеткізген қыруар жеңісі мен жемісінің қайнар бұлағы. Олардың әр басқан қадамына, жүріп өткен белесіне зейінмен зер салсаңыз «Еңбегімен ер сыйлы, өнбегімен жер сыйлы»,-деген татымды тіркес ойға еріксіз орала кетеді. Сонда барып бабалардың бұл мәтелі мазмұнды да ғибратты ғұмыр кешкен жандарға қарата айтылғанын пайымдар едіңіз. Ал, біздің пайымнан сыр суыртпақтар болсақ, бақытын еңбектен тапқандардың санатында Шынайдар Ералиевтің бар екені даусыз.

Бүгінгі газетіміздің қонағы, ауданға танымал тұлға, ауданның Құрметті азаматы, 24 сағат бойы қала тұрғындарына қызмет көрсететін «Ертегілер әлемі» дүкені мен «Шах» дәмханасының иегері Шынайдар Ералиев мырза.

Шынайдар Бекұзақұлы топырағынан талай тектіні түлеткен қасиетті Түркістан облысы, Кентау қаласы, Ащысай ауылында 1953 жылы өмірге келген. Қоңыр тірлік кешкен қарапайым отбасының иелері асқар тау әкесі Бекұзақ пен аяулы анасы Сәлиманың бес ұлының ішінде екінші ұл болып дүние есігін ашты. 1961 жылы Ащысай ауылы аялдама Сергодағы төрт сыныптық мектептің бірінші сыныбының табалдырығын аттаған. Жылдар жылжып М.Горький атындағы онжылдық мектептің 9-сыныбын  аяқтаған соң Кентау қаласындағы Тау-кен металлургиялық техникумына құжат тапсырып, сол жерде білім алады.  Ер азаматтың басты борышы әскер қатарында қызмет ету. Кейіпкеріміз де қатарластарынан қалмай 1972 жылы әскер қатарына аттанып, шығыс Германияда екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Әскерден қайтып келген соң техникумдағы оқуын одан әрі жалғастырады. 1976 жылы орта білімді дипломды қолына алған жас маман кеншілер мекені Жаңатас қаласына жолдамамен келеді.

«Казхиммонтаж» мекемесіне механик болып жұмысқа тұрады. Өзінің айтуынша ата-балалары диірмен ұстаған, шаш етектен келген шаруаны иіріп алып кетер еңбекқор жандар болған деседі.  Сондықтан да әулеттің құтты шаңырағында ес таныған балалар 7-8 жасынан тіршілікке бейім болып, үлкендердің тапсырмасын тап-тұйнақтай етуге дағдыланған.

Сол тәлімді сүйегіне бекітіп, қанына сіңдіре білген Шынайдар ағай еңбек жолын Жаңатастан бастайды. Кейін бас механик болады. Сонан соң Жаңатас жанар май сақтау қоймасына бас инженер болып, тынымсыз еңбегінің арқасында  директор лауазымына дейін көтеріледі. Сонымен қатар, автокөлік кәсіпорнында инженер, жабдықтаушы, одан кейін кәсіпорын бөлініп кеткенде автокалоннаның бастығы, кейіннен тұрмыс үйінің меңгерушісі болады. «СТО ВАЗ»-да да он жыл директор болады. Кеңес үкіметі тараған тұстан бастап, кооператив ашып,  жеке кәсіпкерлігін дамыта бастайды.

Тірліктің тоқтап тұрар сәті болмағандықтан адам баласы да, әсіресе, жасынан тіршілікті құр өткізбеуге дағдыланған еңбекқор жанның бір орында байыз тауып қалмасы анық.

Ең алғаш кәсіпкерлік жолын газды су, балмұздақ сатудан бастаған.  Ақша тиыннан құралады деген. Күні-түні демей жалықпай теккен термен, еткен еңбектің арқасында қазіргі таңда зор жетістікке жетіп отыр. Иелігінде 25 жылдан бері «Байбек» жеке шаруақожалығы бар.  Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатымен Англиядан әкелінген ағылшын тұқымды 61 бас жылқылары, отар-отар қойлары осы жерде көбеюде.  Одан бөлек Ұлбала Мұсаева мен Сәкен Нұрпейісов жетекшілік ететін тәулік бойы тұрғындарға үздіксіз қызмет ететін «Ертегілер әлемінде» дүкенінде тұрғындарға қажетті азық-түлік пен ыдыс аяқ, тәтті нандардың бірнеше түрі самсап тұр. Өзіңізге қалаған нәрсені осы дүкеннен таба аласыз. Бұл жерден 23 адамға жаңа жұмыс орыны ашылған. Ал, «Шах» дәмханасын білмейтін адам кемде-кем. Қай кезде де дәмханаға бас сұқсаңыз қайнаған адамдарды көресіз. Тіпті мереке күндері орын таппай әлек боласыз. Оның сыры неде деп ойлайсыз? Өйткені 17 сағат бойы халыққа қызмет ететін дәмханада басқа дәмханаларда кездесе бермейтін дәмі тіл үйіретін өзбек, орыс, қытай, ұйғыр асханаларының тағамдары өзіне баурап алады. Сәулетті де әдемі етіп заман талабына сай безендірілген тап-таза дәмхананың іші, «Қандай тапсырыс бересіздер?» деп сызылып тұратын сыпайы даяшылармен, он саусағынан бал тамған аспазшылардың қолынан шыққан тағамдарға айтарға сөз жетпейді. Бұл жерде де 22 азамат өз несібесін теріп жүр. Сонымен қатар, «Шах» сұлулық салоны да ерлер мен қыз-келіншектерге шаш, тырнақ, қас сәндеуде қалтқысыз қызмет етуде. Одан бөлек наубайханада әр түрлі нандар пісіп шығып, ыстық күйінде дүкендерге жөнелтіледі.

Бұл жетістіктердің бәріне бір өзі жеткен жоқ. Үнемі қас-қабағына қарап, өмірлік жолдасына қуанғанда бірге қуанып, қамыққанда демеу болған асыл жарының үлесі ұшан-теңіз. Ал, осындай ғибратты ғұмыр кешкен отағасы отанасы Қалипа Айтжанқызы Мұсаева екеуі үш қыз, бір ұл сүйіп, олардан сегіз немере көрген және оларға ерен еңбегі арқылы таршылықтың дәмін таттырмаған әке, ата атанса, халқына іскерлігі мен танылған үлкен азамат. Перзенттерінің барлығы жоғары білімді, отбасылы. Барлығы бір-бір шаңырақтың тірегі мен ұйытқысы болып отыр. Ұлы Алматы қаласындағы «ШАХ» құрылыс компаниясының президенті.

Ш.Ералиев бірнеше марапат иегері. Шоқтығы биік марапаты «Сарысу ауданының Құрметті азаматы». Одан бөлек республикадан, облыстан, ауданнан алған марапаттары баршылық. 

«Өткен өміріме көз тастасам, өкінер жерім жоқ»,-деп сабырлы кейпінде маңғазданып отырған еңбеккер Шынайдар Ералиев,-Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдерін ұсынып келеді. Кәсіпкерлікке ерекше назар аударылған.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған тұңғыш Жолдауында еліміздегі маңызды жайлар толық қамтылғанын көріп қатты қуандым. Әсіресе, Президентіміздің орта және шағын бизнестің дамуына жасалған кез-келген кедергілерді мемлекетке қарсы жасалған қылмыс ретінде қабылдау керек деген сөзіне дән риза болдым. Бұл әсіресе, ауылшаруашылық саласында кәсіпкерлікпен айналысып жатқан азаматтар үшін маңызды деп есептеймін. Сондай-ақ, орта және шағын кәсіпкерлікке жаңа серпіліс беріп, тың жобаларға екпін беріп, Үкіметке «Бизнестің жол картасы» аясында алдағы үш жылда қосымша 250 миллиард теңге қаржы бөлдіру жөніндегі тапсырмасы кәсіпкерлік үшін үлкен қолдау деп есептеймін.

Елбасы, Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлікті қолдауды күшейтуге үнемі ерекше назар аударып келеді. Нақты айтқанда, іскерлік мәдениетінің деңгейін көтеру мен кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға, яғни Үкіметке қолын созбай, тәуекелге бел буып, өз ісін ашам деушілер мен жұмысын кеңейтемін деген азаматтарға жеңілдетілген несиелер беріп, кәсіпкерлерді тексеру барысында заң бұзушылықтардың орын алмауына үлкен маңыз беруде. Елбасымыздың осы кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған саясатының арқасында елімізде кәсіпкерлікпен айналысып, өзіне де, халыққа да жағдай жасап отырған кәсіпкерлердің саны артып келеді. Яғни, көзін тауып, еңбек етіп жүрген кәсіпкерлердің жағдайы жаман емес. Әрине, бұл бірінші Елбасымыздың саясатының, қамқорлығының жемісі. Сондай кәсіпкерлердің бірі ретінде жастарға айтарым—ерінбей білім ал, еңбек ет те өзіңе, отбасыңа заман ағымынан қалмайтындай жағдай жаса, еліңнің дамуына үлес қос.

Алдағы үлкен жоспарым десем де болады сүт, ет өнімдерін өндірсек деп жатырмын. Аудан бойынша жүн, тері қабылдап, оны қайта өңдеп, бір іске жарату басты мақсатым,-деді.

Өмірде жеткен жетістігінің бәрі адал еңбегінің арқасында. Қай салада қызмет етсе де елінің ертеңі, ұрпағының келешегі үшін деп білді. Соның арқасында көпшіліктің алғысын арқалап, әулетінің арқа сүйер асқар тауына айналды.

                            Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.