Тағдырлары таласқа түскен Әділовтер кім еді, Байсейіттің қабірі қалай табылды?

0

Алаш көсемдері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған алаш арыс-тарына жасалған айыптау қорытындысында «Әділов бандасы» деп аталған тарау бар. Онда «алашордашылардың» басқарушы тобы Әділовтің алыс Сарысу ауданында жатқан бандасына да үлкен міндеттер артты» делініпті. «Банданың» басында «…саяси қауіпті және қылмыс жасаған қылмыскер төртеу – Байсейіт, Мұқыш, Асқар және Әбуәлі Әділовтер» тұрған екен. Олар «тәркілеуге қарулы қарсылық көрсету үшін Сарысу ауданындағы барлық бандиттік элементтерді өздерінің маңына топтастырған» көрінеді. «1928 жылдың жазында  олар жекелеген шайкалардың бастықтары Кеншімов Мәдібек, Тоқманбаев Бақай және Әбдікеев Битімбаймен жиналыс өткізді». Бұлардың бәрі Байсейіт және Мұқыш Әділовтермен бірге «1922 жылы милиционерлер жасағын қарусыздандыруға және жасақ бастығы Әбубәкіровты атуға қатысқан» деп көрсетілген. Алайда, 1928 жылғы тәркілеу науқанына (конфискацияға) қайсысының және жалпы «банданың» нақты не істегені, «банда» мүшелерінің не бірігіп, не жекелей қарсылық көрсеткендері айтылмайды.

Аталған «Алаш ісі» бойынша 1930 жылғы 4 сәуірде шығарған ОГПУ алқасының үкімімен Мұқыш (Дінше, Дінмұхамед)  Әділов  ату  жазасына,  ағайынды Асқар,  Әбуәлі,  Әбубәкір Әділовтер Байсейіт-Мұқыш «бандасымен» қатысы, яки байланысы болған ауылдастары мен таныстары Әкпар Ыбраев, Нұрлан Кәрібаев, Ағабек Байдуллаев, Мұхамедия Арғынбаев, Артықбай Әлин, Мәдібек Кеншімов, Тәжібай Құлмұратовпен бірге,  барлығы 16 адам, түрлі мерзімге кесілді. Байқалып тұрғандай, Бутырка тұтқындарын жазалаған репрессияға ағайынды төрт Әділов іліктірілген. Олардың үлкен ағасы Байсейіт Әділов жазаланушылар тізімінде жоқ. Неге? Себебі ол  ОГПУ  жасағы  жүргізген   тұтқындау  операциясы кезінде 1928 жылғы 17 желтоқсанда оққа ұшқан болатын.

Неліктен бұлай болды? Оны тұтқынға алу үшін артынан арнайы қарулы жасақ неге іздеп шыққан? Жалпы, Байсейіт Әділов кім еді? Байсейіт – қазақтың азаттық қозғалысына қатысушы, қоғам   қайраткері болған тұлға. Кезінде он жыл аттан түспей, империя әскерімен соғысып, ұлт-азаттық күрес көсемі болған Кенесары ханның ту ұстаушыларының бірі болған Мыңжасар батырдың немересі. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Мыңжасар батыр отарлаушылардың жаңа тәртібіне көндіге бастаған. Оның ел-жұрты мекендейтін аумақтағы орыс қаласы, кезінде хан жасағы құрамында шабуылдауға өзі де қатысқан Ақмола бекінісі біртіндеп бейбіт өмірге бейімделген еді. Мұнда Ресейдің сауда капиталы бірте-бірте бекем орын теуіп келе жатты. Ұзамай үлкен жәрмеңкелер ашылып, Ақмола ірі сауда орталығына айналды. Мал бағушы қазақтар ірі қаралары мен ұсақ тұяқтарын осында айдап кеп, империяның фабрика-зауыт бұйымдарына айырбас жасап жүрген.  Отарлаушылар мен көшпенділер арасындағы сауда-саттықтан басталған қарым-қатынас біртіндеп жекелеген адамдардың өзара араласуына, бір-бірімен «тамыр» болуына ұласқан. Сондай достыққа икем, еті тірі жандардың бірі – Мыңжасар батырдың үйездегі алыс ауылдан шаруа ыңғайымен, қалаға келгіштеп жүретін ұлы Әділ еді. Ол Ақмоладан «тамыр» тапқан да, 1887 жылы туған үлкен ұлы Байсейітті сол «тамырының» көмегімен қаладағы бастауыш училищеге түсірген болатын.

Байсейіт әке еңбегін ақтайды: оқуға жақсы ынта танытады, Ақмола мектебінен кейін Омбыда мұғалімдер семинариясын бітіреді. Болыстық кеңселерде хатшылық қызмет атқарады, тілмәш боп істейді.  Ел-жұрт ішінде беделді болады, жерлестері оны сүйіспеншілікпен «Ақ Байсейіт» деп атайды. Байсейітті үлгі тұтқан өз інісі Дінмұхамед (Дінше, Мұқыш) Әділов пен немере інісі Жанайдар Садуақасов және өзге де ауыл балалары оның ақылымен Ақмолаға оқуға баруға құмартады. Қатар ауылда өсіп, Нілді мектебінен сауат ашқан Сәкен Сейфуллин де Ақмолада бұлармен бірге оқыған еді. Ақмоладан кейін Дінмұхамед, Жанайдар, Сәкен үшеуі де Байсейіт көрсеткен үлгімен оқуларын Дала уәлаятының астанасы Омбыда жалғастырды. Сонда алғашқы саяси мектептерінен өтті. Төртеуі де қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысты. Азаттық қайраткерлері сапындағы осы азаматтардың бәрі де қазақ елінде совет өкіметін орнатушылар қатарында жүрді. Байсейіт Әділов, Сәкен Сейфуллин, Дінмұхамед Әділов үшеуі 1920 жылы Автономиялық Қазақ Советтік Социалистік Республикасының алғашқы орталық өкіметі (Қазатком, ҚазЦИК) құрамына   мүше болып сайланды. Жанайдар Садуақасов бұл кезде үйездік буында жауапты қызмет атқаратын (ол Орталық Аткомға 1922 жылы сайланып, Қазаткомның жауапты хатшысы лауазымында істеген). Сөйтіп, бәрі де жас республиканың алғашқы мемлекеттік қайраткерлері  қатарында  жүрді.  Осы  төрт  тұлғаның  үлкені  Байсейіт Әділовпен оның інісі  Дінмұхамед Әділов ұлт зиялыларына қарсы бағытталған саяси репрессияның алғашқы толқынында (бірі – 1928, екіншісі 1930 жылы) құрбан болған. Ал Сәкен Сейфуллин мен Жанайдар Садуақасов 1938 жылыҮлкен террор құрбанына айналды. Қайғылы тағдырлар.

Ақмола облыстық милиция бастығы Байсейіт Әділов үйездің оңтүстік жағындағы  ауылдарды аралап келеді де, Сәкенге: «…әлгі Қоқан автономиясының бастығы Мұқаметжан Тынышбайұлы мен Серікбай Ақайұлына кез болдым. …Түркістан жағынан жылыстап қашып келеді екен», – дейді. Қалай кездескенін әңгімелейді. «Қастарына бардым. Екеуі де біртүрлі түстері бұзылып, сасып, менімен түрегеліп амандасты. Сонан соң амандасып, көңілдерін орнықтырдым. …Тигем жоқ. Қайта, жүретін жөндерін туралап, жолдағы елдерін айтып жібердім…» Онысына Сәкен ашуланады: «Міні, саяси дұшпанына, «Алашорда» бастықтарына, Байсейіт бүйткен…» Дегенмен, «саяси дұшпандары» өздеріне жасалған жақсылықтың қарымын қайтарады. Азаттық қозғалысында бір жүргендерін ойлағандықтан болар, Ақмолада совет өкіметін құлатып, совдепшілерді түрмеге салған ақтарға Семейдегі «Алашорда» үкіметінен Байсейітті босатуды сұраған жеделхат келеді. Алайда, ақтар оны абақтыдан шығармайды. «Тар жол, тайғақ кешудің» «Ақмола түрмесінде» атты тарауында бұл оқиға кеңірек әңгімеленеді. Түрмеге, баласына жолығуға келіп жүрген Байсейіттің әкесі Әділ обаға шалдығып, қайтыс болады. Сосын Байсейіт пен Сәкен түрмеден қашып шығу жоспарын құрады, бірақ ол жолы тек Байсейіт қана қаша алады…

Азамат соғысы аяқталып, кеңес өкіметінің билігі нығайғаннан кейін,  1920 жылғы 26 тамызда Қазақ автономиясын құру жөніндегі лениндік декрет шығып, 4 қазанда Орынборда Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайшы съезі ашылды.  Ресей  Федерациясы  құрамында  Қазақ  автономиялық республикасы шаңырақ көтерді. Съезде Сәкен, Байсейіт, Дінмұхамед Қазақ Кеңестік Социалистік Рес-публикасы Орталық Атқару Комитетінің (КирЦИК, ҚазЦИК, ҚазОАК, Қазатком) мүшесі, Сәкен Президиум (Төралқа) мүшесі болып сайланды. 1920 жылғы 16 қазанда өткен ҚазЦИК Президиумының  отырысында Қазатком мүшелеріне атқаратын міндеттерін бөліп беру мәселесі қарастырылды. Дінмұхамед Әділов  ҚазЦИК-тің 6 мүшесі қатарында «халық комиссариаттары алқаларында жұмыс істеу және олардың бөлімдерін басқару үшін орталықта қалдырылсын»,  ал Байсейіт Әділов ҚазЦИК-тің өзге 7 мүшесімен бірге «Семей және Ақмола облыстарында ұйымдық-партиялық және әкімшілік жұмыстарын жүргізу үшін» Сібір ревкомындағы Қазатком өкіліне көмекке жіберілсін деген қаулы алынды.

Ағайынды Байсейіт және Мұқыш Әділовтерді ауылдас-тары қатты қадірлеген. Күні бүгінге дейін ел аузында жүрген Байсейіт-Мұқыш жырында, 1922–1923 жылдар қысында орын алған қасіретті Қараноғай-Шала оқиғасына орай халық намысын жыртқан осы ағайынды жігіттердің қаһармандықтары сүйіспеншілікпен баяндалады. Ел мүддесіне қызмет еткен, өз қолдарымен совет өкіметін орнатысқан Байсейіт пен Мұқыштың түбіне сол өздері құрған совет өкіметінің жетуі жерлестері үшін ақылға сыймас жәйт еді. Алайда солай болды. Бүгінде ол өкіметтің өз түбіне өзі жеткеніне де ширек ғасырдан асты. Ендігі міндет – арманда кеткен асылдар аруағын ардақтай білу.

P.S

Осы жылы 14 тамызда Жағалбайлы ұрпақтары асыл да ардақты азамат, күллі қазақ жұртының болашағы үшін құрбандыққа басын бәйгіге тіккен Ақ Байсейттің соңғы дамылдаған басына барып құран бағыштап, құлпытас орнатты. Оның жатқан жерін анықтауға «Қуаралдағы Тұңғыш» құдығы бағдар болды. Жайылма ауылының малшылары Жылқыайдар, Тұңғыштар сол жерді қыстаған, көктемге қарай Тұңғыш қария қайтыс болады. Баласы Кәрібайға мені ауылға апарып әуре болма осы жерде Жағалбайлы Ақ Байсейт  жатыр сол жерге жерле-деп орнын көрсетіп аманат етеді. Бұл күнде Тұңғыштың  немересі Мүсілім Таразда тұрады, жиені Қойшыбек Ақтоғайда тұрады.Жылқыайдар қарияның кемпірі Әдиша апаның айтуы бойынша Ақ Байсейт қабыры «Нарқамаспен» жабылған. Тұңғыш қабыры «пашын» бұғын қамыспен жабылғаның- деп еді дәл солай болып шықты.

Кезінде Шу бойында ұзақ жылдар қызмет жасаған Сейтбек Бегмановтың айтулы көмегін атап өткен жөн. Ол кісіде «Қалпе» әулие қасына мәңгі орналасты.

 Тарихи деректер жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВТАН алынды. Газеттік нұсқаны дайындаған М.Мизенбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.