Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков ауданымызда болды

0

Осы аптаның сәрсенбісі күні ауданымызға арнайы ат басын бұрған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков іссапарын алғаш болып жылу қазандықтарының қысқа дайындығын көруден бастады.

Жылу қазандығының мақсаты жылу қуатын өндіріп, тасымалдап тарату, ауыз суды көтеру, оны беру, шайынды суды қабылдап, тазалап ағызу. Осы қазандықтан тараған жылу шағынаудандардағы көп қабатты үйлерге, мектептерге, балабақшаларға және орталық ауруханаларға, барлық мекемелерге жеткізіледі.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары «Жаңатас-су-Жылу» КММ-нің басшысы Мади Болысбаевтан және жауапты мамандардан жылу қазандықтарының жұмысы, олар арқылы таратылатын жылудың екі аралықтағы сақталуы, үнемделуі және қыс мезгілінде қанша мазут кететіндігін сұрады. Сонымен қатар, қазандықты түгел аралаған Б.Орынбеков, тазалық жұмыстарына көңіл бөліп, ескіріп кеткен су жылыту, бу қазандықтарының сыртын керекті материалдармен жаңартуды тапсырды.

Жаңатас қаласындағы кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.  Ол жайлы аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Дәурен Шалбаев үстіміздегі жылы 248 343,4 мың теңге қаражат қаралып отырғандығын, бұл қаражатқа 6,0 шақырым кәріз желісі, 450 құдықша, 450 люк және құдықшаларға түсіп-шығатын темір сатылар орнатылатындығын,  2, 6-шағынаудандарда, Бастилия ғимаратының алдына асфальт төселіп, бордюрлар қойылатындығын, тұрғын үй алқаптары кәріз желілеріне қосылып, қазан айының аяғында құрылыс жұмыстары толық аяқталатындығын айтып өтті.

Сонымен қатар, 2-шағынау-дандағы 70 пәтерлі  №29 үйді қайта жаңғырту жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары пәтерлерді аралап көріп, келісімшартқа сәйкес қазан айының 15-не дейін қайта жаңғырту жұмыстарын аяқтап, халық игілігіне беруді тапсырды.

Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығына барған кезде орталықтың бөлім басшысы Ардақ  Уайсова Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алатынын, егер жалған мәлімет берген жағдайда атаулы әлеуметтік көмек қайтарылатындығын тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков қала тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. Қабылдауға келген көп балалы ана Айгүл Қобланова басында баспанасы жоқтығын, жеті баласымен жалдамалы пәтерде тұратындығын айтты. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары пәтер кезегінің жақындап қалғандығын, кезегі бойынша қайта жөндеуден өтіп жатқан көпқабатты үйлерден алуға мүмкіндігі бар екендігін айтты. Ал, жұмыс сұрап келген тұрғынды бір айдың ішінде жұмыспен қамтуды аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмахановаға тапсырды.

Сондай-ақ, Б.Орынбеков «Жаңатас жел электростанциясы» ЖШС-не де арнайы барып, жұмыс барысымен танысты.

Осы мекеменің маманы бүгінгі күнде жел электростанциясының құрылысын Қытай халық республикасының «China Power International Holding»  мердігер компанияcының мамандары мен жұмысшылары келіп құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айтып өтті. Құрылыс алаңына 2,5 мВт 13 турбина жеткізілген. Қазіргі таңда аталған турбиналарды орнату үшін 20 котлован қазылып, 1 турбина орнатылған. Қалған турбиналарды орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқандығын мәлімдеді.

Компанияның жүргізіп жатқан жұмыстары жайлы мәлімет алған Бекболат Серікбекұлы бұл жерге жұмысқа алынған жергілікті халық өкілдерімен арнайы келісімшартқа  отырып, зейнетақы, басқа да жарналарын уақытылы жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, ауданымыздағы ірі кәсіпорындардың бірі «ЕвроХим-Тыңайтқыш»ЖШС-де де болып, алып барылып жатқан жұмыстарымен танысып, алдағы салынатын химия зауытының жұмысын сөз етті.

Мұнан соң Түркістан ауылдық округі, Ә.Бүркітбаев ауылындағы ардагерлермен кездесті. Ардагерлер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойса, ауыл әкімі Дүйсенәлі Борсықов алда атқарылар жұмыстармен таныс-тырды.

Іссапар аудан әкімдігінің мәжіліс залында актив жиналысымен жалғасты. Жиналысқа аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, мекеме-кәсіпорын басшылары, мамандары қатысты.  Басқосуда қысқы маусымға және жылыту маусымына дайындық жөнінде аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олжас Көкей хабарлама жасады. Хабарламамен толық танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков мекеме басшыларынан жеке-жеке қысқа дайындығы жайлы сұрап, тиісті тапсырмаларды берді.

Мұнан соң Сарысу, Талас, Жуалы аудандары бойынша жылу энергетика кәсіпорындарының, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және бюджеттік сала нысандарының 2019-2020 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық барысы туралы штаб отырысы болып өтті. Отырыста облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров жылыту маусымына дайындық бойынша баяндама жасады.

Баяндамашы өз хабарламасында аудан бойынша 7 елді мекенді аралап, 19 нысан зерделеніп, төмендегідей кемшіліктерге жол берілгендігін айтып өтті. Саудакент ауылындағы мәдениет үйінің қазандығындағы құрылғыларды қайта қалпына келтіру жасалмағандығын, сақтандырушы клапандардың су кету жолдары жөнделмегендігін, сондай-ақ, Саудакент ауылдық ауруханасы қазандығындағы қосымша №2 қазанды ауыстыруға қаржы қарастырылып жатқандығын, осы жұмыстарды созбайламай жылыту маусымына дейін аяқтау қажеттігін жеткізді. Ал, қалалық қолданыстағы ПТВМ-30 маркалы №1 су жылыту қазандығы мен ДЕ-25/14 маркалы №2 бу қазаны 28 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандығы айтылып, қазандар ұзақ мерзім жұмыста болуы және физикалық тозуына байланысты күрделі жөндеуді немесе қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті.

Хабарламашының мәліметін тыңдап болған соң, облыс әкімінің бірінші орынбасары әр ауданнан келген бөлім басшыларына жылыту маусымына дайындықты күшейту керектігін ескертті.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.