Елу жылда ел жаңа

0

Биылғы жылы Жамбыл облысына 80 жыл және сүйікті қаламыз Жаңатас қаласына 50 жыл толып отыр. «Елу жылда ел жаңа» деп даналарымыз айтқандай, Тәуелсіздігімізбен бірге көркейіп, өркендеп келе жатқан облысымыз бен кенді қаламыз Жаңатастың жаңарып келе жатқанын көріп жүрміз.

Өзінің кенімен де, еңбекқор халқымен де, тұнып тұрған шежіресімен де бүкіл әлемге танылған өңір. Кезіндегі қиындыққа мойымай, жақсылыққа үміт артқан жаңатастықтар осындай өркениеттілікке жету үшін аянбай еңбек етті. Еңбегімен еңсесі көтерілген Жаңатастай қаламыз гүлденіп келе жатыр. Соның айғағы аудандық мәдениет үйінің алдынан орын алған қасиетті сахна. Осы күні тағы бір мәдениет орнының, халыққа рухани, мәдени қызмет көрсететін сахнаның ашылуына куә болдық.

Сахнаның салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Лаура Нұрмаханова сөз сөйлеп, тұспа-тұс келіп тұрған мерекелермен көпшілікті құттықтап, қаламыздың өсіп-өркендеуінде жалықпай үлес қоса беруге тұрғындарды шақырды.

Сахнаның лентасын аудандық мемлекеттік қызметтің ардагері, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мағия Тоқсанбаева және Жаңатас қаласының өркендеуіне зор үлесін қосып еңбек еткен, құрылыс ардагері Оңлан Елеуқұлов қиды.

Мұнан соң аудандық мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты.

Кеш Жамбыл облысының 80 жылдығы мен «Жастар жылы» аясында, Жаңатас қаласының 50 жылдығына арналған «Жаңарған Жаңатасым!» атты аудандық өнер фестивалінде Жаңаарық ауылдық округінің өнерпаздарының өнерлерімен жалғасты. Қала тұрғындары фестиваль бас-талмастан бұрын «Қарлығаш» балабақшасы ұжымының ұйымдастырған қазақ халқының өткен ғасырларда қолданған ұлттық бұйымдарынан жасалған және  Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің Ұ.Сыздықбай ауылдық бөлімше меңгерушісі Бақыт Сүлейменовтің оқушылары салған суреттер көрмесімен танысты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының алып келген ауылшаруашылық және сүт өнімдерінен жасалған құрт, қымыз сатылды.

Фестиваль шымылдығы арқа-лы ақындардың ізбасары болып, жырларын жалғап жүрген ақын Талғат Құсайновтың  жүректен шыққан жалынды арнауымен ашылды.

Концерттік бағдарлама барысында Жаңаарық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Шабданбек Райымжанов құттықтау сөз сөйледі.

— Бүгін біз, Жаңарған Жаңатасты сәулеті мен келбеті дамыған құт мекен ретінде көріп отырмыз. Жаңатас фосфорлы қала. Өндірген өнімдерін тек қана еліміз емес, шет елдерде пайдаланады. Қаланың қазіргі келбетін өткен жылдармен салыстыруға мүлдем келмейді. Қаншама игі істер атқарылуда. Жаңарған Жаңатас қаласы жасыл желекпен көмкерілген. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасалғаны көрініп тұр. Бірнеше демалыс орындары мен түрлі нысандар ашылған. Қаншама тұрғын жаңа пәтер алуда. Біз аудан орталығы болған қалаға қарап, үлгі аламыз,-дей келе өткен, 50 жыл ішінде қалада  ауылдық округтің бірнеше азаматтары еңбек еткендігін, сонымен қатар, Еңбек Ерлері мен ауданның Құрметті азаматтарының есімін мақтанышпен айтып өтті.

Концерттік бағдарламада қыздар тобы қазақша мың бұрала билесе, Сұлтан Асқар, Нұрғиса Омаров, Жеңісбай Наурызбаев, Алмас Тоқтасын,  Кәкімжан Жолшыбеков, Эльвира Қасанова, Гүлжайна Жолшыбековалар әуелете ән шырқаса,  Мадияр Махаббат, көркемсөз, ал, Гүлсезім Жұмабекова монолог оқып, тыңдармандарын бір серпілтіп тастады.

Камели Сүлейменова,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.