Арулар асыл жандар…

0

Қазақ қоғамындағы басты байлық адам болса, ақылды да иманды, парасатты да тәрбиелі қыздар-ортаймайтын ең құнды қазына. «Қыз, әйел, ана» — қасиетті ұғымдар, өйткені өмірдің бастау – бұлағы анадан адамзат тарап, ұрпақ өсіп, ұлт қатары көбейеді. Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілі мен дінін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін де әйел-ана.

Қазақ халқы «қыз» деген сөзді әдеміліктің, әдептіліктің, жинақылықтың үлгісі ретінде танығандықтан, «қыздың жиған жүгіндей», «мінезі қыздай», «қыз қылықты» деп жақсы нәрсені қызбен байланыстырған.

Міне, осындай аруларымыздың арасында Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру аясында үстіміздегі жылдың 21 тамызында аудандық мәдениет үйінде қала әкімі аппараты және «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жастар жылы» және Жаңатас қаласының 50 жылдығына орай «Жаңатас аруы-2019» атты арулар байқауы өткізілді. Оған, сәні мен салтанаты жарасқан сымбатты арулар қатысты. Байқауды жүргізуші аудан әкімінің жастар ісі жөніндегі кеңесшісі Бауыржан Балғабай мен Малика Жанқараева сайысқа қатысушы қыздарды ортаға шақырып, арулар сән түзеп сахна төрінен орын алды.

Қыздардың өнері мен дайындығын бағалау үшін аудандық мәслихат депутаты, «Айгөлек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі- Галина Мороз, «Айжан қыз» халықтық би ұжымының жетекшісі, аудандық мәдениет үйінің қызметкері – Күлаш Байтұрсынова, қала әкімі аппараты әлеуметтік бөлімшесінің басшысы-Мақсат Әбділбәсіл, «Нұр Отан» партиясы Сарысу аудандық филиалының консультанты-Мадина Прімбек және «Жастар ресурстық орталығының» директоры-Жадыра Жұмағұл төрелік етті. Шарада сөз алған –М.Әбділбәсіл қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, сайысқа қатысушы аруларға сәттілік тіледі.

Сайысқа қатысушы қыздар төрт номинация бойынша өнерлерін ортаға салды. Бірінші «Таныстыру» номинациясында олар қай мекемеден келгенін, қай жердің тумасы, ата-аналары кімдер барлығын өлең шумақтарымен өрнектеп, жырға қосып, көрермендерге жеткізе білді. Ал екінші «Өз өнерін көрсету» шартында қыздар ән шырқап, би билеп, қыл қаламмен сурет те салды. Бұл сайыста Абай атындағы орта мектебінің оқытушысының «Ана жайлы» сахналық көрінісі мен «Болашақ» бөбекжай-бақшасы аруының тебірене оқыған «Жетімдер үйі» монологі тыңдарман қауымның көзіне жас ұялатса, Жаңатас көпсалалы колледжінен келген қатысушы Жаңатас қаласының 50 жылдығына орай сурет салып, көрермендерді өнерімен тәнті етті.

Ал, байқаудың сұрақтарға жауап беру шартында сайысқа қатысушылар қаланың 50 жылдығына орай қойылған сұрақтарға шама-шарқынша жауап беріп, өздерінің білімі мен ізденімпаздықтарын дәлелдей түсті. Қыздардың шапшаңдығы мен ептілігі сыналатын он минуттың ішінде салат дайындау бөлімінде арулар бар өнерлерін ортаға салып, көз тартатын әдемі де дәмді салат дайындауға тырысты. Қыздар бір-бірінен асып түсіп, дәмі тіл үйіретін салаттар дайындады. 

4 номинация бойынша өткен сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені Саудакент ауылынан келген Қ.Таңатова жеңіп алса, 1 орынды аудандық мәдениет үйінің аруы-М.Мұсаева иеленді. 2 орынды – Жаңатас көпсалалы колледжінен келген Ж.Әбілдаева жеңіп алса, 3 орынды – «Болашақ» бөбекжай-бақшасының аруы-Т.Қуан місе тұтты. «Өнерлі ару» номинациясымен — Саудакенттен келген тағы бір ару- А.Ізтелеу, «Ақылды ару» номинациясымен – Абай атындағы орта мектебінің мұғалімі – А.Бақытбекқызы марапатталды. Ал, «Көрермендер көзайымы» номинациясына –Жаңатас қаласының аруы- М.Мейірбекова лайық деп танылса, сайысқа белсене қатысқаны үшін – Балалар шығармашылық орталығының маманы-А.Исаева марапатталды.  Жеңімпаздарға мекеменің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары тапсырылды.

Байқауда «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директор орынбасары Самат Тоқбанов, аудандық мәдениет үйінің қызметкері М.Құдайберген әннен шашу шашты.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.