Жұмысты жаңаша, ұтымды ұйымдастыру қажет

0

Дүйсенбі күні аппараттық кеңесте «Аудандағы автомобиль жолдарының жағдайы, қыс мезгілінде жолдарды күтіп ұстау және дайындық жұмыстарының барысы туралы» аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Алтишев есепті хабарлама жасады.

Есепте аудан көлеміндегі атқарылған және алда атқарылатын жұмыстар кеңінен қамтылды.

Аудан көлемінде облыстық маңызы бар 271,8 шақырым автомобиль жолдарының 139 шақырымы  қанағаттанарлықсыз жағдайда. Олар Досбол-Шығанақ-Қамқалы-Жайлаукөл бағытындағы және Күйік-Қарабастау-Жаңатас-Саудакент бағытындағы, Тараз-Ақкөл-Саудакент-Жайылма-Түркістан облысы Құмкент ауылы шекарасына дейін.

Ағымдағы жылы аудан көлеміндегі облыстық мәні бар көлік жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстау және ағымдағы жөндеуден өткізу мақсатында облыстық бюджеттен 66001,8 мың теңге қаржы бөлініп, оған 12000 м2 автомобиль жолын жөндеу, 1000,0 мың м2 жол шетіндегі жерлерге өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тазалау жұмыстары жүруде екен.

Бұдан бөлек ағымдағы жылы Саудакент-Тоғызкент бағытындағы 0-19 шақырым автокөлік жолын орта жөндеу  жұмыстарына облыстық бюджеттен 341295,0 мың теңге қаржы бөлініп, «Мемлекеттік сатып алу» қорытынды хаттамасына сәйкес «Қаратау жолдары» ЖШС-н келісімшарт жасалып, жұмыстары басталған.

Облыстық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде қардан тазалау, күтіп-ұстау жұмыстарына 1 автогрейдер, 2 дана «КамАЗ» тіркемелі грейдермен, К-700 тіркемесімен және инерттік материал (құм,тұз) 300 тн дайындалуда.

Аудандық маңызы бар 64,8 шақырым автомобиль жолдарының 53,2 шақырымы қанағаттанарлық жағдайда, қалған 11,6 шақырымы орта жөндеуді қажет етеді. Олар: Саудакент, Өндіріс, Ұйым, Маятас, Әбілда, үлкен Көкдала, кіші Көкдала, Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл ауылдарына кіреберіс автокөлік жолдары.

2018 жылы үнемделген қаржы есебінен 700,0 мың теңгеге Өндіріс, Ұйым, Маятас, Әбілда, үлкен Көкдала ауылдарына кіреберіс және Саудакент-Игілік автокөлік жолдарын орта жөндеуден өткізуге ЖСҚ-ы әзірленіп, Инвестиция және даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетінен ведомстволық сараптамадан өткізілді. Жалпы сметалық құны 52792,9 мың теңгені құрап отыр. Аталған жолдарды жөндеуден өткізуге, Жамбыл облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына 2020 жылға қаржы бөлу жөнінде бюджеттік сұраныс берілген.

Ағымдағы жылы аудандық бюджеттен 7000,0 мың теңге қаржы бөлініп, аудандық маңызы бар Жаңатас- Ә.Бүркітбаев  және Ә.Бүркітбаев-Арыстанды, Ә.Бүркітбаев-Үшбас, Шағалалы, Жайылма, Қызылдихан ауылдарына кіре беріс автомобиль жолдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Аудандық маңызы бар 64,8 шақырым автокөлік жолына мемлекеттік АКТ әзірлеуге аудандық бюджеттен 5000,0 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу Заңына сәйкес конкурс өткізілді. Қазіргі таңда жерге орналастыру жобалары дайындалып, құжаттары әзірленді.

Аудандық маңызы бар жолдарды қыс мезгілінде күтіп ұстауға дайындық жұмыстары бойынша:

Ағымдағы жылы жолдарды қардан тазалау және күтіп ұстауға 7000,0 мың теңге қаржы қаралған болатын. 2019 жылдың қаңтар-ақпан айларында 4500,0 мың теңгеге «CEIS НҰР» ЖШС-н келісімшарт жасалынып, жұмыстар жүргізілген.  Қалған 2500,0 мың теңге қаржыға  мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, конкурс қорытындысы бойынша «CEIS НҰР» ЖШС-і жеңімпаз болып анықталған. Аталған мердігермен 1470,2 мың теңгеге келісімшарт жасалынған. Қыс мезгіліне жолдарды күтіп ұстауға қосымша 3000,0 мың теңге қажет етіледі.

Бүгінгі таңда 300 тонна қажетті инертті материалдар мен 8 арнайы техникалары дайындалды. Олар: «Кам-АЗ» 3 дана, Погрузчик 2 дана. Автогрейдер 1 дана, трактор «К-700» 1 дана, қар тазалайтын машина 1 дана.

Жалпы елді мекендерде 244 көше болса, оның ұзындығы 190,5 шақырымды құрап отыр, жөндеуден өткізілгені 90 көше, ұзындығы 88,8 шақырым яғни 47% құрап отыр. Жөндеуді қажет ететіні 154 көше ұзындығы 97,7 шақырым.

Бұдан бөлек Жаңатас қаласындағы 14 көше жолдарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірленіп, сметалық құны 192459,7 мың теңгені құраған.

Ағымдағы жылы облыстық және аудандық бюджеттен 336214,0 мың теңге қаржы бөлініп, 1 аудандық маңызы бар 10 елді мекен көше жолдары жөнделмек.

Хабарламада айтылған жұмыс-тардың барлығына бірдей қанағаттанбаған аудан әкімі  жұмысты жаңаша, ұтымды ұйымдастыру жолдарын ұсынды.

Әсіресе, қысқы маусымға жолдардың дайындығы қазірден алаңдататыны айтылды. «Бүгінгі күннен бастап аудандағы ірі компания-лар мен кәсіпкерлерді   бұл жұмысқа тартып, олармен өзара меморандумға отыруымыз қажет.  Себебі алдағы қыстың  қалай болатыны әзірге белгісіз»,-деді аудан басшысы. Сондай-ақ, елді мекендердегі мекемелерге  қосымша қаржы қарастырып, олардың қыс мезгілдерінде  қиналмай жұмыс істеулеріне жағдай жасау қажеттігін де  еске салды.

Жалпы аудан көлеміндегі  аумақтық бағыныстағы мекемелермен  де жұмыс істеу қажетті өмір талабынан туындап отырғандығын атап өтті. Қаладағы тазалық  мәселесі де әкім назарынан тыс қалған жоқ.

Аппараттық  кеңесте Жаңатас қаласының 50 жылдығы да кеңінен сөз  болды. Қала әкімінің орынбасары Т.Төлебаев дайындық жұмыстарын баяндап өтті. Аудан әкімі Қ.Мәдібек: «Қазіргі таңда  той тойлаудың да  өзіндік реті бар. Негізгі жұмыстардың барлығы демеушілер арқылы жүзеге асатын болады»,-деп өз сөзін қорытындылады. Кеңесте кейбір бөлімдердің жұмысына да сындар айтылып, оларды жөндеудің жолдары көрсетілді.

Ж.Өзбеков,

«Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.