Жас кәсіпкерлерге қолдау көп

0

Елбасының халыққа арнаған Жолдау-ларында жеке кәсіпкерлердің белсенді өсуі және орта бизнес санатына ауысуы үшін жағдайлар  мен алғышарттар жасау мақсатында кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыру қажеттігіне баса назар аударған болатын.

Сол себепті бүгінде өз ісін ашып, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын деген адамның әрбіріне жол ашық. Себебі, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер ұшан-теңіз. Түрлі бағдарламалар мен гранттардың саны күннен-күнге көбеюде. Жеке шаруасын бастағандар мен бастаушыларға қолдау беретін бұл бағдарламаларды тиімді қолдана білген жандар ғана еңбегінің жемісін көріп, мүмкіндікті тиімді пайдалана алады.

Бүгінде ел игілігіне арналған бағдарламалар көп. Тек бағдарлама тиімділігін пайдалана білуге сауаттылық, ізденіс қажет. Кәсіп жасағысы келгенге, еңбек етемін дегенге игі бағдарламаларға арқа сүйеген әлдеқайда тиімдірек десек артық айтқандық емес.

Жуырда облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өз бизнесін құруға мемлекеттік гранттар беру конкурсында ауданымыздан қатысқан 50 жас кәсіпкерлердің арасынан 20 кәсіпкердің жобасы қолдау тауып, грантты жеңіп алған болатын. Олардың ішінде жаңатастық жас кәсіпкерлер Мадияр Болатұлы Кәрібаев пен Ахан Садықұлы Әжмағанбетовтің мүмкіндігі шектеулі балаларға  арналған құрал-жабдықтар жасау жобасы да бар. Жас кәсіпкерлердің жасап жатқан құрал-жабдықтарын өз көзімізбен көріп, сөзге тартқан болатынбыз.

-Бүгінде еңбек етемін деген адамға жұмыс көп. Бастысы ниет болса болғаны. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрал-жабдықтар вертикализатор мен ходунок жасау көптен көкейімізде жүрген дүние болатын. Тәуекел деп қолдағы бар материалдармен жасап көрдік. Нәтижесі жаман болмады. Көңілімізден шықты. Бірнешеуін қолжетімді бағада сатылымға шығардық. Сонымен қатар, Тараз қаласындағы №1 балалар ауруханасына да қайырымдылық есебінде аз қамтылған балалар үшін сыйға тарттық. Бұл құрал-жабдықтар аяғын дұрыс баса алмайтын және сіңірі созылған балалар үшін өте қолайлы әрі пайдалы. Күніне бірнеше рет жаттығу жасауға болады.

Бизнес бастағаннан кейін түрлі қиыншылықтар да кездесіп жатады. Алғашқы уақытта біраз қиындықтар туындады. Бірақ, талпынысымызды одан әрі күшейтіп, жұмысымызды жолға қойдық. Қазір кәсіптің, еңбектің заманы емес пе? Біз де уақыт ағымына ілесіп, кәсіп көзін ашуды мақсат еттік. Тиісті құжаттарымызды өткіздік. Соның нәтижесінде, бағдарлама жеңімпаздарының бірі болып танылып, 2,5 млн. теңгенің қайтарымсыз грантына ие болдық.

Алда жоспарларымыз көп. Жұмысымызды сапалы әрі жүйелі жүргізуде жеңіп алған қаражатқа осы кәсіпті жалғастыру үшін ғимарат сатып алып, қала азаматтарын жұмысқа қабылдасақ деп ойлаймыз.  Ең ұтымды кәсіпкерлік-өз хоббиіңді бизнес көзі етіп, одан табыс табу, яғни, сүйікті ісіңмен айналысқанда ғана кәсіпте жетістікке жетуге болады. Сондай-ақ, жастарға мемлекет тарапынан қашанда көмек беріледі. Оны ұтымды пайдалану қажет,-деген жас  кәсіпкер Мадияр өз жұмыс барысымен бөлісті.

«Көп іс тындырамын десең, кішкентайдан баста» демекші, олар үлкен талаппен еңбек етіп, іргелі істер тындыруда.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.