Айт қабыл болсын

0

Құрметті аудан тұрғындары!

Сіздерді барша мұсылман қауымының қасиеттi мейрамы — Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Құрбан айт жалпы адамзатты жақсылық пен ізгілікке, бауырмалдық пен имандылыққа жетелейтін ұлық мереке.

Береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын құтты мейрам — Құрбан айт адамдардың етене араласуын, ұлттар мен діндердің өзара ынтымақтастығын қалыптастырады.

Бұл күндері — әрбір мұсылман баласы Алла Тағалаға сыйынып, ел тыныштығы мен халық бірлігін, отбасының амандығын тілейді.

Құрбан айт – отбасылық мереке. Бұл — ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтетін ұлық мейрам. Барша адамзатты бір-біріне көмек қолын созуға үндеп, бауырмалдыққа баулитын үлкен рухани құндылық. Бұл күндері адамдар жақындарына ақ тілектерін арнап, игі істер жасауға ұмтылады.

Әрбір мұсылман үшін бұл күн рухани жаңғыру, игі ниетпен мұқтаждарға қамқорлық көрсету идеяларымен тығыз байланысты. Мейірімділік пен әділдік, жауапкершілік пен шыдамдылық тәрізді жоғары рухани құндылықтарды насихаттаушы Құрбан айт Қазақстан халқы үшін айтулы мерекелерінің бірі.

Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемділігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Әр адамның сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.

Құрбандық шалып жетім-жесірлерге, жағдайы төмен отбасыларға мейірбандылық көрсететін, бір-біріне ізгі тілектер жолдап, имандылыққа шақыратын күндер.

Ұлысты ұйыстыратын осы ұлағатты мейрамды халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келді.

Бүгінде, дәстүрлі дініміз тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, халқымызға қайта оралды. Құрбан айттың алғашқы күні ресми демалыс ретінде жарияланып, рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналды.    

Қадірменді жамағат!

Баршаңызға береке-бірлік, бейбіт өмір, әр шаңыраққа игілік пен амандық тілеймін!

Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді қабыл етсін!

Құрбан айт мүбәрак болсын!

Айт намазы 11 тамыз күні сағат 07:10-да  басталады.

Ғалымжан Қонақбаев,

аудандық мешіттің бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.