Қарт құрылысшы-Тұрдыхан

0

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деп қазақтың ұлы ақыны Абай айтқандай тастан қамал тұрғызып, көкпен тірескен зәулім ғимараттарды қиялдан шынайы өмірге айналдырған құрылысшылардың еңбегі ерен. Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген құрылысшы мамандығы оңай мамандық емес. Жауапты мамандық. Осындай қиыны мен қызығы мол мамандық иесі бүгінде Жаңатас қаласының тұрғыны Сұлтанбеков Тұрдыхан Әділханұлы туралы бір үзік сыр шертсек артық болмас. Тұрдыхан атамызбен сәті түскенде әңгімелескен болатынбыз.

Сұлтанбеков Тұрдыхан Әділханұлы құрылыс саласындағы қызығы мен шыжығы мол жылдарын еске алып, әңгімесін былай деп бастады:

-Біздің заман өте қиын заман болды. Балалық шағымыздың қалай өтіп, немен қызық болғанын білмей де қалдық. Мен 1942 жылы 3 мамыр күні Тәжікстанда дүниеге келгенмін.

Ашаршылық кезінде «Тама көшкен» кезінде  жансақтау үшін  Тәжікстанға барып паналаған екен. Мектеп жасына келгенімде 1-сыныптан 3-сыныпқа дейін тәжік тілінде, онан соң 3-сыныптан 8- сыныпқа дейін өзбек мектебінен білім алдым. Осы көшіп-қонып жүргенімізде қалай өсіп, ержеткенімді сезбей қалдым.

1958 жылы ел мамыражай қалыпқа түсіп, атажұртқа қайта келдік. Содан Жамбыл облысы Сарысу ауданы қазіргі Саудакент ауылына орналастық. Алғаш рет елге келіп, Байқадам мектебінде 9-10 сыныптарда қазақ тілінде білім алдым.

Мектепті тәмәмдаған соң ауылда бір жылдай жүргізуші болдым. Одан соң 1962 жылы Ресейдің «Волга» өзенінің жағасында орналасқан Куйбишев қаласында қазіргі мамандығым бойынша оқуға түстім.

1968 жылы жоғарғы техникалық білімімді алып, ауылға жас маман болып келдім. Өз мамандығым бойынша Жамбыл қаласында бір жыл қызмет еттім. «Туған жерге туыңды тік» дегендей туған жерге келіп, Байқадамдағы ПМК құрылыс мекемесінде инженер болдым.

Жас қала Жаңатас күннен-күнге бойтүзеп келе жатты. Құрылыс саласының қарқындап жүріп жатқан уақытында өз қолұшымды бермек оймен мамандығым бойынша Жаңатас қаласына жұмысқа орналастым. Түрлі трестер ашылып, «Водострой», «Сельстрой», «Көкжон», «Оңтүстік шығыс», «Орталық» құрылыс жұмыстарына атсалыстым. Су көпірлер мен су құбырлары жұмыстарын жүргіздім.  Қалада жүргізілген құрылыстарда техникалық бақылаушы болдым. Көк бұлақтан  Жаңатасқа 30 шақырым қашықтықта таза су құбырын жүргізуге де атсалыс-тым. Сонымен қатар, «Ынталы» су қоймасынан Жаңатасқа 40 шақырым темір құбырлар жүргіздік. Міне, осындай құрылыс саласының маманы болған соң қаладағы жұмыстарға өз үлесімді қосып келдім. Енді міне, тәуба бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Жаңатас қаласында тұрамын,-деп өзінің өмір жолынан сыр шертті.

Міне, осындай күрделі мамандықты меңгерген Тұрдыхан атамыз аудан әлеуетін арттыруға сүбелі үлесін қосқан құрыш қолды құрылысшылардың бірі.

Бар өмірін аудан құрылысының дамуына арнап, ел құрметіне бөленген Тұрдыхан атамыз жұбайы Жамбылкүл апамен 2 ұл, 3 қыздан 15-тен аса немере сүйіп, солардың қызығымен бақытты отбасы болып отырған жайлары бар. Тұрдыхан атамыз бар саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, білгенін үйретуден жалықпайтын азамат. Қашанда асықпай, байыппен өз ақылын айтып, аталық ақ батасын беріп отырады. 

Гүлнара Байбосынова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.