АРДАГЕРЛЕР САЙЫСТА ӨЗДЕРІН КӨРСЕТЕ БІЛДІ

0

Елбасына күн туғанда найзаның ұшымен, білектің күшімен елін, жерін қорғаған ата-бабаларымыздың ерліктерімен батырларға тілеулес болып, ұрпақ тәрбиелеп, отбасының бірлігін сақтаған әже-апаларымыздың еңбектері ешқашанда ұмытылмақ емес. «Қартың болса, жазылып қалған хатпен тең» деп халқымыз бекерден-бекер айтпаса керек. Көкіректері шежіре, дастан, өмір жолдары үлгі-өнеге болатын ардагерлеріміз ауданымызда көптеп саналады. Соларға қарап бой түзеп, бағыт-бағдар алған бүгінгі ұрпақ олардың жарқын істерін жалғастырып келеді. Ардагер ағаларымыз бен апаларымыз зейнетке шықса да, үйде қарап отырмай ауданның қоғамдық мәдени өміріне белсене араласып, атсалысып жүр.

Тамыз айының алғашқы күнінде аудан ардагерлері аудандық мәдениет үйінде бас қосты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы және ардагерлер ұйымдарын дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу жобасы аясында, облысымыздың  80 жылдығы мен Жаңатас қаласының 50 жылдығына орай ауданның ардагерлері арасында спартакиада болып өтті. Спартакиа-дада Жаңатас қаласы және барлық ауылдық округ сонымен қатар, аудандық ішкі істер бөлімі ардагерлері спорттың бес түрі-шахмат, дартс, асық ату, дойбы, бильярдтан сайысқа түсіп, бақтарын сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек құттықтау сөз сөйледі.

— Құрметті ардагерлер! Құрметті жарысқа қатысушы командалар!

Бүгінгі ардагерлер арасында өткізіліп отырған аудандық спартакиадамызға қош келдіңіздер! Сіздер, әрқайсыңыз ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып, әр салада осы жасқа жеткенше тынымсыз еңбек еткен жансыздар. Бүгінде, бейнеттің зейнетін көріп отырған шақта, сіздер оттың басы, бала-шағаның қасындасыздар. Осы жасқа жетіп, ағайын арасында елдіктің сөзін айтып, мағыналы өмір сүрудің биік өнегесін көрсеткен ақ жарқын пейілдеріңіз бен адал ниеттеріңізге үлкен рахметімді, шексіз алғысымды білдіремін.

Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктерінің барлығында да сіздердің қолтаңбаларыңыз бар. Бүгінгі спартакиаданы өткізу арқылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Халықтың 30 пайызға дейінгі бөлігін спортпен шұғылдануға тарту» мәселесін жүзеге асыруда аға буын өкілдерінің де атсалысуын жөн көріп отырмыз. Сіздерге зор бақыт, денсаулық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыстар тілеймін! Жарысқа қатысушы барша командаларға сәттілік тілеймін,-деді.

Жарыста ҚР Мемлекеттік Әнұраны шырқалды.

Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев  сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, спартакиаданы ұйымдастыруда көмектескен аудан басшыларына алғысын білдірсе, жарыстың бас төрешісі, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі Жаңатас қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің нұсқаушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Айберген Серікұлы Ниязов ойын шарттарымен және сайыста дойбы бойынша Низами Алиев, шахмат ойынына Болатбек Әміреев, асық атудан Баянбек Жетпісбаев, дартс ойынына Манап Тілеубаев, бильярд ойынына Айберген Ниязовтар төрелік ететіндігін таныстырып өтті. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әншісі Жанарбек Әбдірахманов Майлықожа-ның «Өсиет» термесін қазақтың қара домбырасында тамылжыта шырқап, сайысқа қатысқан ардагерлерді бір серпілтіп тастады.

Жарысқа қатысушы ардагерлер төрешілерге тіркеліп, өздерінің қалаған сайыстарына қатысты. Еңбекпен шыңдалған ардагерлер сайыс барысында күш сынасып, шеберлік көрсетті. Дартс ойыны ауданымызда жастар арасында болмаса, ардагерлер бұл ойынды ойнап көрмеген. Бүгінде дартс ойыны қызығушылық туғызуда. Бұл ойынның тарихы сонау он бесінші ғасырдан бастау алады. Міне, содан бері әлемнің барша елдерінде дротикті нысанаға тигізу сайысы жалғасын тауып келеді. Әуелі қиындау көрінгенмен төрешінің ыждағаттықпен түсіндіргенінің нәтижесінде сайысқа қатысушылар тез-ақ меңгеріп алды. Жарыс нәтижесінде бірінші орынды жаңатастық Асылбек Қасымбеков, екінші орынды байқадамдық Майтон Өзекбаев, ал, үшінші орынды түркістандық Дәуітбек Бейімбетов иеленді. 

Ал, шахмат  ойынында үздік ойын  өрнегін көрсеткен қарттар ойлау қабілеттерінің ұшқыр екенін дәлелдеп, байрақты бәсекеде қарсыластарына дес бермей, жеңімпаз атану үшін барын салды.  Атап айтар болсақ, Жаңатас қаласының ойыншысы Құрманәлі Құттыбаев бұл сайыста да алдына жан салмай, қарсыластарын ойланбай жеңіп, бірінші орынды алса, Жайылма және Байқадам ауылдық округтерінен қатысқан Жаңбырбай Әбдікәрімов екінші, Арқабай Төлмағанбетов үшінші орындарды місе тұтты.

Қызықты ойын асық ойыны болды. Бұл ойынға қатысқан ардагерлер балалық шағын еске алып, сақа таңдап, ойын көрігін қыздырды. Қарттық қайратын қайта жанып, жігерлерін қамшылай түскен ойынға қатысушылар өздерінің мергендіктері мен шапшаңдықтарын тағы бір дәлелдей түсті. Осындай асығы алшысынан түскен ардагерлеріміз аудандық ішкі істер бөлімінен қатысқан Өтеш Мадемаров үшінші, Досбол ауылынан келген ойыншы Жаппар Сансызбаев екінші, ал, Игілік ауылының ойыншысы Нұрмаш Ыбыраев бірінші орынды иеленді.

Спорттың дойбы түрінен сайысқа қатысқан қарттарымыз да өздерінің ойлау қабілеттерінің ұшқырлығын, ізденімпаздығын көрсете білді. Сайыс нәтижесінде тағы да игіліктік Есенгелді Алашбаев бірінші, жайылмалық Іскендір Тоғманов екінші, жаңатастық Ордабек Қоңырбеков үшінші орын тұғырынан көріне білді.

Ардагерлер бильярд ойынында да өз шеберліктерін таныта білді. Айта кетейік, қатысушылардың бұл ойында бірінші рет бақ сынасуы емес. Осыған дейін де көптеген ойындарда бақтарын сынап, бильярд тастарын ұршықша иіріп жүр. Асқаралы алпыстан асып, жетпістің жотасын бағындырған ардагерлер барын салып сайысып, жеңімпаз атануға тырысты. Байқадам ауылынан келген Сейітқадыр Әбдіқалықов бірінші, Жаңатас қаласынан қатысқан Алтай Сатыбеков екінші және Тоғызкент ауылының ардагері Жансерік Майров үшінші орындарды місе тұтты.

Сайыс барысын қызыға тамашалаған біз шахмат ойынына қатысып, бірінші орынды жеңіп алған жаңатастық ардагер Құрманәлі Құттыбаевты сөзге тартқан болатынбыз:

-Бұл қарт адамдарға өте керек дүние. Өйткені, біздің шаршай бастаған жүйке жүйеміздің қайта қалыптасуына спорт ойындарының, әсіресе, шахмат ойынының тигізер көмегі көп. Сондай-ақ, осындай қарттардың басын қосып отырғанда, бізді көріп жастардың да осы шахматқа деген қызығушылығы артып отырады. «Рухани жаңғыру», осындай іс-шаралар арқылы олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігі тиері анық,-деді.

Спартакиаданың жабылу рәсімінде жүзден жүйрік атанған қазыналы қарттарымызды аудан әкімдігі спорт және дене шынықтыру бөлімінің Дип-лом, медаль және осы іс-шараны өткізуде тендерден жеңіп алған жеке кәсіпкер, Жуалы ауданының тұрғыны Қайрат Байғараұлы Шәкиевтің ұйымдастыруымен дайындалған  кубок, бағалы сыйлықтармен аудан басшысы жеңімпаздарды марапаттады. Сонымен қатар, сайыс нәтижесінде командалық есепте Жаңатас қаласы ардагерлері жеңімпаз атанса, Игілік ауылдық округі командасы екінші, Байқадам ауылдық округі командасы үшінші орындарды жеңіп алды.

Сайыс соңында ардагерлер ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан жайылған ақ дастарханнан дәм татты.

Камели Сүлейменова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.