НАРЫҚ ЗАҢДЫЛЫҒЫ

0

Мемлекет басшысы «қарапайым заттар экономикасын дамыту, өңделген өнімдерді экспортқа шығару, ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру басты бағыт пен ауқымды міндет» деген болатын.

«Қарапайым заттар экономикасын» қалыптастыру дегеніміз бірінші кезекте сырттан келетін заттар санын азайтып, керісінше халық күнделікті тұтынатын азық-түлік, киім-кешек секілді тұрмыстық заттарды өз елімізде өндіру. Яғни, сол арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, тұрмысын жақсартуға жол ашу.

Ауыл тұрғындарының көп тұтынатын өнімдері мен қажет ететін қызмет түрлерін қолға алып,  яғни шағын цехтар, монша, шаштараз, тігін шеберханаларын ашудың, бау-бақша өсірудің тиімділігі зор. Шынында, мал сою пунктісі бар кәсіпкер мал бордақылаумен, мал бағатын кәсіпкер ет өнімін қайта өңдеумен айналысуға ынталанса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Ал бұл мақсатта «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мүмкіндікке жол ашады. Осыған орай, бүгінде ауданда тиісті шаралар қолға алынып, жұмыстар атқарылуда.

Аталмыш бағдарламаға аудан тұрғындарының қызығушылықтары күн санап артып келеді. Қазіргі күнде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы № 746 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» Бағдарламасы» аясында несие алуға ниет білдірген азаматтардың қатары көбеюде.

Сонымен қатар, осы бағдарлама аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде мемлекеттік грант беру жалғасуда.

Яғни, кәсібін жаңа бастаған азаматтарға, жастарға қайтарымсыз, жеңілдетілген түрде мемлекет тарапынан қолдау ретінде берілетін 505 мың теңге қаржыны алу жолдары аудан тұрғындарына кеңінен түсіндірілуде.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшердегі мемлекеттік грант шарттарына сәйкес, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында  «Бастау Бизнес» оқу курсына қатыса алатын жасы 29 жасқа толмаған жұмыссыз жастар, ҚР Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары, яғни NEET санатындағы жастар, көпбалалы, табысы аз отбасылардың мүшелері, табысы аз еңбекке қабілетті мүгедектер бағдарламаға қатысушылар болып табылады.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқу курсына оқитындар Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Сарысу ауданындағы филиалына мына құжаттарды: — жеке куәлігінің көшірмесі, мекенжай анықтамасы және несие тарихы туралы мәліметті өткізуі тиіс.

Бағдарламаға қатысып несие алуға және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік грантқа ниет білдірген кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындар Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Сарысу ауданындағы филиалына хабарласып, толық мәлімет алуға болады. Біз Сіздері Жаңатас қаласы, 1 шағынаудан, 17 үйдегі мекенжайда күтеміз.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Сарысу ауданындағы филиалы

Leave A Reply

Your email address will not be published.