Тіл принципін сақтау

0

Аудандық соттың ғимаратында  «Тіл принципін сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел  өтті.  Жиынға аудандық соттың төрағасы М.Үркімбаев, прокурор М.Ақынбай, аудандық ІІБ-нің тергеушісі  К.Есенбек, анықтаушы  А.Мырзакұлов, нотариус Л.Утеулиева, адвокат Н.Усербаев, аға сот орындаушы Г.Байзақова, Әділет басқармасының  бас маманы Г.Айнекова қатысты.

Іс-шарада сөз алған аудандық сот төрағасы М.Үркімбаев мемлекеттік тіл  — мемлекеттің  бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың  барлық саласында қолданылатын, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс  қағаздарын жүргізу тілі. Дегенмен, сот ісін қазақ тілінде  жүргізу тек судьяның қолында тұрған нәрсе деп түсінбеуіміз қажет. Мәселенің түп-төркіні сол істердің қалай басталуында яғни, егер азаматтық іс болса талап арыздың қай тілде жазылуында, ал қылмыстық істің қай тілде жүргізілуінде. Бұл жерде қазақ тілінде іс жүргізудің өсуіне азаматтық іс болса   адвокаттардың, қылмыстық іс болса — тергеушінің рөлі үлкен. Сондықтан, мемлекет тарапынан заң түрінде тікелей адвокаттар мен тергеушілерге нұсқау берілуі керек. Адвокаттарға қазақтар қазақ тілінде арыз жазып беруін өтініп келсе, міндетті түрде қазақ тілінде жазылуы керектігін, азаматтық іс жүргізу кодексінің 14 бабында «азаматтық iстер бойынша сот iсi мемлекеттік тілде жүргiзiледi. Ал қажет болған жағдайда сот iсiн жүргізуде мемлекеттік тілмен орыс тiлi немесе басқа тілдер бірдей қолданылады» деп көрсетілген, яғни қазақ тілінің онсыз да өресі тарылып тұрған кезде орыс тілдерімен қатар басқа да ұлт өкілдері өз тілінде сотқа талап арыз бере алатындығын түсіндіріп өтті.

Жалпы тіл туралы, оны дұрыс қолданбау туралы заңдық тұрғыдан жауапкершілік көзделген.

Жиын соңында қатысушылар мұндай іс-шаралар өткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ақпараттық технология

Аудандық сотта «Сот кабинеті» мобильдік қосымшасы тақырыбында  семинар өтті. Семинарға сот төрағасы, прокуратура, ішкі істер бөлімі, адвокат, әділет басқармасының өкілдері және сот кеңсесінің мамандары қатысты.

Жиында сот төрағасы М.Үркімбаев қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды сот жүйесіне енгізу халықтың сот ақпараттарына қолжетімділігін қамтамасыз етудің негізгі шараларының бірі болып табылатынын атап өтті.

Сонымен қатар, жиында 2015 жылдың шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты «Сот кабинеті» қызметінің мобильді нұсқасын енгізді. Қазіргі уақытта бұл мобильді нұсқаны iOS, Android және Windows Phone платформаларына қолдау көрсететін ұялы телефондары бар барлық пайдаланушыларға қол жетімді екендігін, қызметтегі тіркеу үдерісі үшін, «Сот кабинеті» қызметтерін пайдалану туралы пайдаланушы келісіміне қол қойғаннан кейін пайдаланушының ЖСН және ұялы телефон нөмірін көрсету жеткілікті. Пайдаланушы көрсеткен ұялы телефон нөміріне құпия сөз өтінішті авторизациялау үшін SMS-хабарлама ретінде жіберілетіндігін атап өтті.

Сондай-ақ, қолданушы сот органдарына жіберілген барлық құжаттарды «Сот кабинеті» веб-қызметі арқылы ұялы телефонына жүктеу мүмкіндігі бар екендігі айтылды.

Семинар соңында, қатысушылар пікір алмасып, «Сот кабинеті» мобильдік қосымшасының  ұтымды тұстарын атап өтті.

Гүлнара Байбосынова, «Сарысу»

Leave A Reply

Your email address will not be published.