Өзіндік орны бар еді

0

Сұлтанбек Жолдасов 1950 жылғы ақпан айының 28 жұлдызында  Сарысу ауданы, Өндіріс ауылында дүниеге келген. Жамбыл мәдени-ағарту училищесінде дирижерлік мамандығы бойынша С.Аубакировтан білім алып, Шымкент қаласындағы Әль-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтын тәмамдады. 1970 жылдан «Сарыарқа» оркестрі құрылғалы бері көркемдік жетекшісі және дирижері болып қызмет етті. 1975 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылық жетістіктер көрмесінде өнер көрсетіп, оркестрдің жетекшісі ретінде күміс төсбелгімен және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Көрменің төрінде оркестр орындаған Құрманғазының, Тәттімбеттің, Н.Тілендиевтің күйлеріне жиналған жұрт тәнті болды. Бірнеше жылдар бойы облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы қатарынан көрінді. 1977 жылы халық аспаптар оркестрлерінің Республикалық байқауында Д.Нүрпейсованың «16-шы жыл», «Әсем қоңыр» күйлерімен, Н.Тілендиевтің «Еңбек қуанышы» поэмасын орындады.ҚР-ң мәдениет министрлігінің бұйрығымен «Сарыарқа» халық оркестрі атағын алды. Осы жылы Сұлтанбек Жолдасов республикалық фестивальдің лауреаты дипломына ие болды. 1985 жылы Алматы қаласындағы Қазақ радиосының «Алтын қорына» «Сарыарқа» оркестрі орындаған А.Жұбановтың «Би күйі», Құрманғазының «Ақбай» күйлері жазылып,орындау шеберлігімен елімізге танылды.Сұлтанбек ағамыз осы оркестрді басқарған кезде көптеген жас домбырашылар, қобызшылар тәрбиеленіп, оркестрдің құрамына алынды. Оркестрдің репертуарында жергілікті сазгерлердің де туындылары баршылық. С.Аубакировтің «Өрлеу» күйі, «Егіз гүлдер» және «Жеңеше» әндері, Ч.Елеусіновтің «Туған жер»күйі, Т.Үшқоңыровтың «Айғанайым», «Асыл құрбым», С.Нүркеевтің «Мектебім», М.Күздеубаевтың «Байқадам вальсі» әндері елімізге кеңінен тараған шығармалар. Сонымен қатар, Сұлтанбек Жолдасов оркестрдің репертуарына өнер қайраткері І.Жақановтың «Меңді қыз», «Жайлаукөл кештері», Ы.Шералиевтің «Сарысуым», Т.Рақымның «Жаңатас вальсі», «Алтайдың ар жағынан келген ару» әндерін қосты. Сұлтанбек ағамыз сазгерлігімен де халқымызға танымал болды. «Анама», «Қыр сұлуы», «Туған жер» атты әндері қазақ телевизиясында және радиосында көп орындалып жүр. Өзінің жазған  15-ке жуық өлеңдері қалың елге кеңінен таралып кетті.

Ұзақ жылдар бойы Саудакенттегі Ы.Дүкенұлы атындағы саз мектебінде ұстаздық етіп Ә.Рысдаулетов, Д.Ақмолда, Б.Есенбеков секілді шәкірттер дайындап өнер теңізіне аттандырды. Өнер саласындағы мінсіз және ерен еңбегі «Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен,аудан және облыстық басшыларының Құрмет грамоталарымен, «За успехи в народнов хозяйстве» төсбелгісімен, «ҚР мәдениет қайраткері» төсбелгісімен бағаланды.

Жуырда Сарысу ауданының қара шаңырағы Саудакент ауылында орналасқан саз мектебінде «Өмірі өнермен өрілген Сұлтанбек» атты еске алу кешіне халық көп жиналды. Сөз алған саз мектебінің директоры М.Аубакиров, ауыл тұрғындары Сұлтанбек ағаның қызметтестері әрі қатарлас достары Б.Дауренбеков, Р.Сүлейменов, Ж.Әмірбеков, бауырлары Сара апаймен Батыр аға, Сұлтанбек ағаның жары Гүлбаршын апай және ұл-қыздары С.Жолдасовтың өмір жолындағы еңбектерін атап айтты.Кеш барысында марқұмның «Қыр сұлуы» әнін Қ.Әлиев, «Аңсағаным» әнін Г.Өмірбаева, «Анама» әнін Д.Әйнекова, «Орамал» әнін осы кешті жүргізген М.Жұматаевалар нақышына келтіріп орындаса, Сұлтанбек ағаның немересі республикалық «Ұлы дала» байқауының жеңімпазы, Италияда өтетін байқауға жолдама алған немересі Ерсінұлы Батырхан домбырада әсем күй орындап көрермендердің көңілін баурады. Оркестрдің орындауындағы С.Аубакировтың «Өрлеу», Сүгірдің «Ыңғайтөк» күйлері жиналған қауымның жүректерінен орын алды.

Нұржан Есмаханов,

Саудакент ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.