Кәсіп түбі – нәсіп

0

Бүгінгі жайма шуақ бейбіт заманда қандай да бір кәсіппен айналасып, табысыңызды арттырам десеңіз ешқандай тосқауыл жоқ. Тек шаруаңыздың ебін тауып, тынымсыз еңбектің нәтижесінде бейнетіңіздің зейнетін көрсеңіз болғаны. Сондай-ақ, өз кәсібін дөңгелетемін деушілерге де мемлекет тарапынан барлық жағдай қарастырылып отыр.

Ауданымызда ауладағы тіршілікпен айналысу арқылы табыс көзіне айналдырып, еңбегінің жемісін көріп отырған азаматтар аз емес. Солардың бірі-құс шаруашылығын қолға алып, тауық асырауды кәсіп еткен Тоғызкент ауылдық округіне қарасты Әбілда ауылының тұрғыны Мәлік Мыңбаев. Бұрындары кеңшарда 4 жыл бойы мал баққан ағамыздың бұл кәсіпке ден қойғанына бүгінде 3 жылға жуық уақыт болыпты. Тауық асырап, оның жұмыртқасын ауыл арасында сатылымға шығарып отырған кейіпкеріміз:

— Қазіргі таңда, тауық жұмыртқасына халық арасында сұраныс өте жоғары. Себебі, қайбіріміз болмасын таза, табиғи өнімді тұтынғанды абзал көреміз. Алған өнімдерімізден түсетін табыс күнделікті шығындарымызды өтеуге жарап тұр. Ерте жастан шаруашылықпен айналыса  бастағандықтан, бұл кәсібім еш қиындық туғызбайды. Қайта бұл жұмысымнан рахат табамын. Қазір иелігімізде 40 тауық асырап отырмыз. Алдыңғы жылы 70 балапан шығарсақ, биыл оның санын 100-ге жеткіздік. Келер уақытта кәсібімізді кеңейтіп, тауық етін саудаға шығаруды жоспарлап отырмыз,-деді.

Кәсіпкерлікті қолға алған соң, оны өркендету оңай шаруа емес. Бүгінде құс өсірудің қыр-сырын меңгерген ағамыз  қолындағы тауықтарға бей-жай қарамай, жем-шөбін өзі даярлап, арнайы күтім жасап отырады. «Еңбек етсең іс көп» дейтін Мәлік Мыңбаевтың бұл жұмысы өзгеге өнеге, жұртқа үлгі болуда. Жерлесіміздің кәсібінің тасы өрге домалап, табысты болуына тілектеспіз.

Арайлым

Скендиярқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.