АУДАН БАСШЫСЫ АУЫЛДАРДА

0

Аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Мәдібек жұмыс алгоритміне сәйкес округтерде болып, тұрғындармен кездесті

 

Бірқатар бөлім басшыларымен бірге аудан әкімі өңір халқымен кездесіп, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Тоғызкент, Әбілда ауылдарын аралап, тұрғындармен тілдесті. Сондай-ақ, Шағалалы, Көкдала және Досбол  ауылдарында да болып, халықтың жәй-күйіне көңіл аударды. Сапар барысында  аудан басшысы ауылдық округтердегі әрбір ауылдың  мектептері мен балабақшаларын, денсаулық сақтау орындарын, мәдени ошақтарын, кітапханаларын аралап, тұрғындармен пікірлесті.  Тұрғындармен өткен жиын барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде міндеттеген негізгі он маңызды бағытты жүзеге асыру жайын, оның ішінде қосалқы шаруашылықтарды дамытудың мәні мен маңызын айтып, түсіндірген болатын. бұл тұрғыда «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында ауыл халқының белсенділігін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру көзделген.   

Тоғызкент ауылдық округінде

Соның бірі Тоғызкент ауылдық округі. Бүгінде Тоғызкент ауылдық округінде 2159-дан астам тұрғын, түтінін түтетіп отырған 311 аула бар. Ауылдық округтің бүгінде жай-күйі өз деңгейінде. Округте жалпы жылдағыдан қарағанда өсім бар. Округ әкімінің айтуынша ауыл тұрғындары қолында бар төрт түлік малдарын кәдеге жаратып, алақандай аулаларынан нәпақасын тауып жүр. Ауыл тұрғындары, шаруалары мемлекеттік бағдарламалардан да кенде емес. Атап айтар болсақ, округке қарасты Майлыкөл ауылынан 4,5 шақырымдағы Астаукөл мал жайылымында отырған «Бірлік» шаруа қожалығының тасы өрге домалап тұр.  1997 жылы құрылған шаруа қожалықтың төрағасы Шәрден Жақсылықовта  бүгінде 100 бас сиыр, 78 бас жылқы бар. Шаруасын домалатып отырған Шәрден Жақсылықов 2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 7,5 млн. теңгеге 47 бас мүйізді ірі қара және 2015 жылы «Құлан» бағдарламасы бойынша 6 млн. теңгеге 30 бас жылқы алған. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасымен 3,0 млн. теңгеге 10 бас жылқы алды. Осы бағдарлама аясында 3,0 млн. теңгеге 2 желмен және күнмен электр қуатын беретін станция орнатып берілген. Ал, 2017 жылы шаруашылық жеріне «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының инфрақұрылымды дамыту аясында мемлекет тарапынан 24,6 млн. теңгеге 3,9 шақырым электр желісі тартылып берілді.

Сонымен қатар, шаруа қожалық 2011 жылы «МТЗ-82» тракторын лизингке, 1 дана «МТЗ-89202» тракторын, 1 дана шөп тайлағыш 1 дана шөпшалғы және КУН (ПБМ-800)-агрегаттарын барлығын 13,0 млн. теңгеге алды.

Селекциялық асылдандыру бойынша 4 бас асыл тұқымды ақбас бұқа, 100 бас мүйізді ірі қара малына субсидия алып, мал басын көбейтіп отыр.

Сонымен қатар, ауылдық округте «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында да бірқатар тұрғындар жұмыс жасап, бүгінде оның игілігін көріп отыр. Атап айтар болсақ, «Мақтатай» шаруа қожалығының төрағасы Н.Құрымбаев 10,0 млн. теңгеге 380 бас қой мен 13 бас қошқар, «Бекасыл» шаруа қожалығының төрағасы Б.Мұстафаев 2,0 млн. теңге несиеге 10 бас және жеке кәсіпкер С.Бейбітов 3,0 млн. теңгеге 16 бас  мүйізді ірі қара малын алған. «Агробизнес» бағдарламасы бойынша жеке кәсіпкер Сағи Шынбатыров 2,0 млн. теңге несиеге 6 бас жылқы сатып алған. 

Округте лизинг бойынша техника алған азаматтар да жетерлік. Ұсақ малға арналған «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Саудакент» серіктестігінен және «КазАгроҚаржы» АҚ-нан алған несиеге асыл тұқымды мал алып асылдандыру мақсатында жұмыстарын жүргізуде.

Бір қуантарлығы Тоғызкент ауылдық округінде ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы көңіл көншітерлік.  

Аудан басшысы басқа шаруа қожалық иелерінің бүгінгі таңдағы атқарып жатқан жұмыстарын да аралап, көзбен көріп шықты.

Аудан басшысы ауылдардағы үй іргесіндегі жеке аулалардан пайда табудың жайын да көрді. Айтар болсақ, Әбілда ауылындағы картоп, түрлі көкөніс өсірумен айналысып, нәпақасын тауып жүрген азамат Сейдан Есалиевтың  және Тоғызкент ауылының тұрғыны Ниеткүл Уалиеваның шаруасына атбасын бұрып, ауладағы  табыс көзімен танысты. Сондай-ақ, осы ауылдың тұрғыны Мәлік Мыңбаевтың да отбасында болды. Бұл кісі үйінде тауық өсіріп, балапандарын көбейтіп, жұмыртқасын пайдаға асырып отырған азамат. Былтырғы жылы 70 балапан өсірсе, үстіміздегі жылы одан бөлек 100 балапан шығарып, жылдан-жылға санын көбейтуге ниет етіп отыр. 

Міне, осындай шаруасын шалқытып, пайда көзін табамын деген азаматтарға ауылда жұмыс көп. Әрі бала-шағасының несібесі молая түспек.

Іссапарда аудан басшысы ауыл тұрғындарының ой-пікірлерін де тыңдады. Тұрғындар бірқатар қордаланған мәселелерді көтерді. Соның бірі, ауылдағы ауыз судың тапшылығы. Ауыз суға тапшылық көрсетіп отырған ауыл тұрғындарының өздері жеке аулаларына есептегіш құрал орнатпай суды ысыраппен пайдаланып отырған көрінеді. Коммуналдық сала мамандарының айтуынша ауылда су жоқ емес, бар. Бірақ, ауыл тұрғындары ішкі су жүйесінің құбыр желісін аулаларына тартпаған. Бұл бойынша «Сарысу сулары» мекемесінің басшысы А.Жолдыбай толық түсіндіріп өтті. Екі жақты мұқият тыңдаған аудан әкімі тұрғындарға түгелдей құбыр желісіне жалғану керек екендігін айтты. Сондай-ақ жаңадан кәсіп көзін ашу бойынша және ауыл шаруашылығына несие алудың жай жапсарын сұрап, алдағы уақытта не істеу қажеттігін түсіндірді. 

Досбол ауылдық округінде

Бұдан соң, аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы Досбол ауылдық округіне қарасты Шағалалы және Көкдала ауылдарында болып, ауылдағы мектептер мен  медпункттерде және Көкдала кітапханасында болып ондағы жұмыс барысымен танысты.

Онан соң, Досбол клуб үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл тұрғындары  Көкдала негізгі мектептің және ауылдық  кітапхананың ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, шалғай Көкдала ауылынан Досбол атындағы орта мектепке оқушыларды тасмалдайтын көлік болса, ауыл тұрғындары ауыл сыртынан құдық қазып тұщы су шығарған болатын, сол су ауылға жеткізіліп берілсе, жол жөндеу, мал жайылымы және аладағы уақытта ауылға келетін табиғи газ мәселесі сынды ұсыныстарын ортаға салды. Аудан әкімі ауылдық округ әкімі Нұрлан Молдабековке айтылған мәселелердің шешілу жолдарын қарастыруды тапсырды.

 

Қамқалы ауылдық округінде

Сондай-ақ шағын елді мекендердің әлеуметтік жағдайы қазіргі таңда ең өзекті мәселе. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Қамқалы ауылдық округінде болып, халықпен кездескен аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы елдің тыныс-тіршілігін толығымен зерделеді.

Елдегі бірқатар мәселелер төңірегінде халықпен ой бөліскен аудан басшысы ауылда қордаланған мәселелерді шешу жолдарын сөз етті. Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл елді мекені шалғайдағы шағын ауылдар. Бүгінде мұндағы халық тіршілік көзін төрт түлік мал өсіруден тапқан. Адал еңбекпен нанын тауып, нәпақаның шын қадірін ұққан тұрғындар да осы ауылдарда.

сонымен қатар, Аудан әкімі округтегі әлеуметтік нысандарды аралады.

Гүлнара Байбосынова,

 «Сарысу»this is a highlighted text

Leave A Reply

Your email address will not be published.